Абайылда шешен

Абайылда шешен
ашық дереккөз
Абайылда шешен
Абайылда Бектұрғанұлы туралы ең алғашқы деректі 1998 жылы Жамбыл зоотехникалық малдәрігерлік техникумының (қазіргі Құлан агротехникалық колледжі) мұғалімі, оның төртінші ұрпағы болып келетін Нұрқияш Әбдікерімұлының өз аузынан естіп, «Құлан тарихы» атты кітабыма («Ануар» баспасы, Алматы қ. 09.04.1998 ж.) жазған болатынмын. Кейін, 1998 жылы Нұрқияш Әбдікерімұлы «Дүрбелең» атты («Ризо» баспасы, Талғар қаласы) кітап жазып, бабасы туралы дәйекті жұртшылыққа жария етті. Алайда ауыл мұғалімінің жазған тұшымды шығарманың жазылғанына ширек ғасырға жуық өтсе де Абайылда шешеннің (1850-1928 ж.ж) сайдың тасындай саптаулы сөздерін бүгінгі ұрпақ ұмыта бастады ма деймін. Сондықтан Дулаттың Сиқымының Аққойлы руынан (Жәнібегінен) шыққан ұшқыр ойлы, қағытпа қалжыңды, орақтілді шешен Абайылда Бектұрғанұлы туралы тағы да бір толғанып көрсек көптік етпейді ғой деп ойлаймын.  Иә, Абайылданың әкесі Бектұрған Сыпатай батырдың сарбазы көкірегі ояу, көзі қарақты кісі болған соң ба ұлын 13-14 жасында арабша оқуға береді. Дәріскер: «Балаңыз өте зерек екен. Өзге балалар «Құран Кәрімді» тауыса алмай жатқанда ол шәр кітапқа ауысып кетті»,–дейді өте риза болып. Абайылда сол кездің өзінде-ақ үй шаруасын тастамай жүріп батырлар жыры мен қисса-дастандарды жаттап, ой- өрісін дамытып, көкірек сарайын кеңітеді. Сөйтіп жүріп Сатай бидің ауылына барып бала оқытады, «Абайылда молда» атанады. Сатай би осынау алғыр шәкіртті өзіне хатшы етіп алады да әртүрлі дау-шарларға қатыстырады. Бұл уақта ол Бекбатыр бидің де көзіне түсіп, оның да хатшысы болып алады. Өз ісіне тындырымды әрі тиянақты, сөзі де мірдің оғындай адал да адамгершілігі мол, үнемі тура сөйлейтін ол екі бидің де көңілінен шығады. Билер ел ішіндегі кейбір дау-дамайды енді соған сеніп тапсыра бастайды. Абайылданың шешендік шеберлігі мен тапқырлығы ел құлағына іліге бастаған тұста болуы керек, оның Өмірзақ деген бір кедей құрдасы ел «Сусамыр» жайлауына көшіп жатқанда өзінің азын-аулақ қой-ешкісін жайлауға баратын туысқанына қосып, жалғыз сары інгеніне жүгін артып, әйелін соған отырғызып, өзі кершолақ атына мініп, байлардың көшімен ілесіп, қырғыз асады. Өмірзақтың әншілік өнері де бар еді. Жаз бойы той-думанды тамашалап, күзде ауылға қайтар шақта әлгі қойын қосқан бай ағайынының қойшысы сырқаттанып қалып, қойды өзі айдасады. Жол ұзақ, мал айдап келе жатып Өмірзақ тобылғының түбінде егіз қозысымен жатқан саулық қойды тауып алады. Тапқан «олжасын» қойына қосып алып, айдап жүре береді. Содан келесі жылы «жоғын» іздеген кісі сұрастырып жүріп қозылы қойының Өмірзақ айдаған отарға қосылғанын біледі. Сөйтсе, жоғалған қой Сыпатай батырдың немересі Бердіқожа болыстың ауылыныкі екен. Бердіқожа мал иесі болып, Өмірзақтың туысқаны Жанұзаққа жолығып, жөн сұрасады. Өмірзақтың жайлауға келмегенін айтып, ол «жоқ» малдың дерегін білуді келер жылға қалдырады. Өкінішке орай, олар келер жылы да, одан соң да жайлауға бес жыл қатарымен келмейді. Сонымен, Бердіқожа Сатай мен Бекбатыр билерге: «малымды өндіріп беріңдер» деп, кісі жібереді. Болыстың бүкіл оязға беделі жүріп тұрса, керек екі би сол жағынан қауіптеніп, даушыларға: «өндіртіп береміз» деген сырғытпа жауап беріп, кері қайтарады. Енді екі би: «Өмірзақтан өндіру туралы орындау қағазын алып құтылмасақ болыс соңымыздан қалмайды» деп шешіп, хатшысы Абайылданы шақырып алып: «Бердіқожаның адамы келсе, Өмірзақтан 96 бас қой өндіруге орындау қағазын бер. Болыстың кәріне ілінбейік»,– дейді. Бұл жағдай жалғыз аты мен он-он бес қойы бар досына ауыр тиетінін ойлап, Абайылда оны аяйды. Сөйтіп, «қағазды келсе, берейін»,– деп екі бидің көңілін жұбатады. «Бірақ, Бердіқожаның адамдары келгенін маған хабарлаңдар»,– деп олардың шабармандарына астыртын ескертіп қояды. Даушылар Сатай бидің ауылына келеді, бірақ хатшыны таба алмай келер жазда келетін болып, қайтып кетеді. Көктем шыға екі би қастарына Абайылданы ертіп, Меркінің базарына барады. Базарды аралап болып, екеуі түс әлетінде шайханаға келеді. Келсе, бес-алты адамымен Бердіқожа болыс тамақтанып отыр екен. Болыс оларды дастарханға шақырады. Тамақ алдырып, ел жайын айтып отырады. Сөздің реті келгенде, Бердіқожа: «Иә, Асан-Қайқының билері, сендерде менің алашағым бар еді. «Дау мұраты – біту, қыз мұраты – кету, жол мұраты – жету» не ойлағандарың бар? Менің малым өлмейді. Ақысыз бағылып, шығынсыз өсе береді. Биыл – 192, алдағы жылы – 384, арғы жылы – 768 болады, – дейді. Даудың осылай ойламаған жерден насырға шабатынын ойлап үлгермеген екі би барлық пәлені хатшы Абайылдаға аударып, тағы да сөзбұйдаға салмақшы болады. Бердіқожа тұтана жаздап, шатынап: «Сонда сендер мені елемегендерің бе?», – деп ашу шақырады. Дәл осы ұрымтал сәтті пайдаланып қалмаса болмайтынын бар болмысымен пайымдаған Абайылда әдеппен орнынан тұрып: – Болысеке, сізден бір ауыз ақыл сұрамақ едім. Соның шарты келмеді. Әйтпесе, әлдеқашан тынатын іс қой, – дейді Бердіқожаны дәмелендіріп. Болыс шамданса да Абайылданың сөзіне ыңғай беріп, одан сөз күтеді. Абайылда асықпай- саспай: – Төрем, айыпқа бұйырмаңыз, бабаңыз Сыпатай батыр дауда ердің құнын, нардың пұлын сұратады екен. Ал сіздің даулап отырғаныңыз бір құрттаған қойдың өсімі. Ел аузына кім қақпақ қояды? Жұртқа осындай қауесет, өсек керек. «Сыпатай сынды батырдың туысы пайдакүнем, сүтқор екен, қорасында бес-алты ешкісінен басқа тышқақ лағы да жоқ сіз даулап отырған Өмірзақтың ағайыны да қазір жұтап отыр. Мына билердің де сізге мал  беретіні мәлімсіз. Осы дауды «сен тындыра сал» деп маған сілтей салуының себебі де содан ба деймін. Сізді «Атаның өспес ұлы өнбес дау даулайды» деген жаман атқа қалмасын деп алдыңыздан өтпекші едім. Ендігісін өзіңіз біліңіз», – дейді. Сөзден тосылып қалған Бердіқожа: «Сен шырақ, кімнің баласысың?», – дейді. – Жас кезінде Сыпатай батырға сарбаз болған, қазір қартайып «қара шал» атанған Бектұрған қарттың ұлымын, – дейді Абайылда. Сонда Бердіқожа: «Қарағым, сөзің жөндемді екен, істің мән-жайын да жақсы білетін көрінесің, ендеше осы түйткілді өзің шеш, – дейді. Сонда Абайылда Бердіқожаға 55 сом ұсынып: «Беке, мынау екі ат, бір шапанның пұлы. Бір ат өзіңізге мінгізгенім, біреуі әруаққа байлағаным, шапан болса дауды кешіктіргенім үшін айыбым болсын»,– дейді. Болыс аз-кем ойланып: «Қарағым, Абайылда, сөздің жөнін тауып кеттің. Әруаққа деп атаған атыңды алайын, маған деген атыңды әкеңе бердім. Ал, шапанды Асан-Қайқының екі биі олжаласын» деп, 30 сомды қайтарып беріпті. Сөйтіп, жеті жылға созылған дауды Абайылда шешен шәй қайнатым уақта шешіп, Бердіқожаның батасын алған екен. Абайылданың бірінші әйелі қоралас руының қызы, бір жағынан атақты Қылышбай ақынға құрдас әрі күйеулігі де бар болған соң ба екеуі ұшыраса қалса әзілдесіп қалады екен. Бірде Қылышбай Шудан Әулиеатаға сапарлап келе жатып, жол-жөнекей Құттыжандағы құрдасының үйіне түседі. Есіктен бас сұға беріп: – Ассалаумағалейкум, таудың елі,                                                                                                    Бітіспейтін даудың елі. Ауылыңда жорабоза күн ара, Тойып алып бозаға, Төбелесіп өзара Бас жарылып, қол сынған, Ағайыны мен жаудың елі, – дейді тақпақтап: Сонда Абайылда: – Уағалейкумассалам, Жаужұмыр мен изеннің елі, Сексеуіл мен дүзгеннің елі. Күз болғанда жауыр түйесін қомдап алып, Тау жаққа қарап көзін сүзгеннің елі. Елден сұрағанша егін салып жер ембеймісің, Құдайдан күдер үзгеннің елі, – деп, қос қолын соза берген досына Қылышбай: «О, тіліңе шоқ. Өйтпесең Абайылда боламысың» деп төс түйістіріпті. Абайылда шешеннің тапқырлығы мен сұңғылалығы, орны мен оябы бөлек ойдың мәйегін тауып сөйлеуі талай даудың шешуін тауып, оның қадірін асырыпты. Абайылда 48 жасқа келгенде әйелі өмірден өтеді. Ол өзінің сөзі өтетін Есім би мен Сейітжапар болыс сияқты ел ағаларына Шөкім дегеннің бойжетіп отырған 16 жастағы қызын айттыруға қолқа салады. Алғашында қыздың әкесі көнбейді. Бірақ, қыздың өзі келісімін береді. Сөйткен Ілиман аққойлы жұртына келін болып «ақтоқал» атанады. Абайылда шешеннен отыз жас кіші болса да бір елге ақыл айтатын әже болады. Абайылда 78 ге қараған шағында қазіргі Жақсылық (бұрынғы Тельман, «Құттыжан») ауылында 1928 жылы дүниеден озды. Өкінішке орай, осындай есімі ел аузында жүрген аузы дуалы, атағы жер жарған тарихи тұлғаның есімі жылдар өткен сайын көмескіленіп, ұмытылып барады. Ол туралы дерек пен дәйек не мұражайда, не көшелерде жоқ. Ең өкініштісі осы...

Сейсен ҚОЖЕКЕ. Тұрар Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар