Әкімдер әр отбасының әлеуетін білуі керек

6

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Шу ауданында жұмыс сапарымен болып, әуелі «Тасөткел» су қоймасының сейсмикалық тұрақтылығын нығайту жұмыстарының барысымен танысты. Өйткені келер жылдың вегетациялық кезеңіне дейін су молынан жиналса, шаруалар алқаптағы жұмыстарға еш алаңсыз кіріседі.

Жобалық құны 2,1 миллиард теңгеге жоспарланған су қоймасының қайта жаңғырту жұмыстары 45 пайызға аяқталған. Мердігер «Тараз Құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы биыл су деңгейінің әдеттегіден жоғарылағанын айтып, тиісінше жоспарлы жұмыстарға қолбайлау болып тұрғанын жеткізді. Аймақ басшысы жобаның күрделілігі мен маңыздылығын ескеріп, құрылыстың бекітілген кестеден кешігіп келе жатқанын атап өтті. Жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауды, қажет болған жағдайда жұмысшыларды екі ауысымда ұйымдастыру керектігін баса айтты.
Келесі кезекте облыс әкімі Шу аудандық әділет басқармасының бұрынғы ғимаратын көрді. Бұған дейін әділет басқармасы мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының басқа аумаққа көшуіне байланысты екі қабатты ғимарат қазір бос тұр. Сондықтан аудан әкімдігі оны фельдшерлік-акушерлк пункт ретінде пайдалану және бір бөлігінен учаскелік инспектор пунктін ашу туралы ұсынысын білдірді. Бүгінде Шу қаласында тек бір ғана қалалық емхана жұмыс істейді. Шу қаласының «Қант зауыты» және «Тоғай» шағын аудандарында қала халқының 40 пайызы ғана тұрады. Аталған аумақта учаскелік полиция инспекторларының пункті жоқ. Осыны назарға алған Нұржан Молдиярұлы ұсынысты қолдап, нысанды жөндеуден өткізіп, тиімді пайдалану жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімі «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономика лық аймағында басқосу өткізіп, жоспарланған жобаларды талқылады. Бейнебайланыс арқылы инвесторлармен кездесіп, мәселелері мен жоспарларын тыңдады. Мұнда тоғыз ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланса, басқосу барысында олардың бірқатарының орындалу мүмкіндіктеріндегі кемшіліктер мен кедергілер сараланды.
– Бұл арнайы экономикалық аймаққа қатысты халық арасында күдік те, наразылық та аз емес. Сондықтан жоспарлы жобаларды іске асыру бойынша жұмыстарды жеделдетіп, нәтижеге қол жеткізу керек. Қант зауытын салу, натрий цианидін өндіру секілді жобалардың маңыздылығы белгілі. Сондай-ақ аймақтың статусын қайта қарап, ауқымын кеңейту қажет. Мұнда тек химиялық жобалармен шектелуге болмайды. Басты мақсат – тiкелей инвестицияларды тарту үшiн жағдай жасау, экспорт – импорт алмастыратын, бағдарланған жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті түрлі өнімді өндiрiс орындарын ашу,–деді Нұржан Нұржігітов. Бұдан соң аймақ басшысы Шу қаласының ескірген кәріз жүйесінің жай-күйімен танысты. Нысан құрылысжөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осыны ескерген облыс әкімі жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуде жан-жақты жағдайларды нақтылап, назарға алуды тапсырды. Шу қаласындағы А.С.Макаренко атындағы мектеп-интернаты ғимаратының тозығы жеткендігі байқалады. Бұдан бөлек, аудандағы 7 мектепті жаңадан салып, 15 мектепті күрделі жөндеуден өткізу керек. Осы ретте Нұржан Нұржігітов жобалықсметалық құжат әзірлеуде сылбырлық танытып отырған аудандық білім бөлімі басшысының жұмысын сынға алып, нақты міндеттер жүктеді. Артынша өңір басшысы Шу аудандық полиция бөлімінің ескірген ғимаратына да барып, жаңа нысан салудың тетіктерін қарастырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай облыс, қала, аудан әкімдері халықпен кездесіп, қордаланған мәселелерге құлақ түруде.
Мысалы, облыста әкімдер жыл басынан бері 400-ден астам кездесу өткізген. Осындай басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылары да қатысып, шиеленіскен мәселелерді лезде басшылыққа алуда. Осы мақсатта өңір басшысы Нұржан Нұржігітов, тиісті басқармалардың және құзырлы органдардың басшылары Бірлікүстем ауылдық округіне ат ізін салып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Кездесуде ауыл ақсақалдары ә дегеннен бірнеше мәселені жіпке тізіп айтып берді. Қариялардың айтуынша, жұмыссыздықтан ауыл жастарының дені қалаға барып табыс
тауып жүр. Бұдан бөлек, су мәселесі де шаруаларды тығырыққа тіреп отыр. «Тасөткел» су қоймасынан келетін тіршілік нәріне каналдың басындағылар қарық болса, төменгі алқаптар зәру. Сондайақ ауыл тұрғындары жайылымдық жер мәселесіне алаңдаулы екен. Осы ретте тұрғындардың сауалын мұқият тыңдаған аймақ басшысы әр сұраққа нақты жауап берді.
– Өздеріңіз білетіндей бұған дейін облыстағы бірнеше ауылды аралап, ауыл әкімдерінің негізгі міндеті жайында ескертіп келеміз. Ауыл әкімдері күніне кем дегенде бір үйге барып, сол шаңырақтың әлеуметтік жағдайы мен табысы туралы ақпар алуы керек деп қажетінше ескертіп жатырмыз. Мысалы, осы ауылдағы 351 шаңырақта кем дегенде бір адамның тұрақты жұмысы болуын қадағалаған ләзім. Кейін Үкіметтен көрсетілетін қолдауларды тұрғындарға, оның ішінде шаруаларға жеткізу де ауыл әкімінің жұмысы. Бүгінде шаруалардың басым көпшілігі үлкен алқапты бірер жұмысшының көмегімен игеріп отырмыз деп ақпар береді. Егер олар 5,6 адам деп көрсетер болса, Үкімет жұмысшы жалақысының 35 пайызын төлеп отырар еді. Жұмыспен қамтудың осы секілді бірнеше тетіктері бар. Соны тиімді пайдалансақ, біраз мәселе шешілері сөзсіз. Екінші, су мәселесі бойынша «Тасөткел» су қоймасына бардық. Онда су мөлшері былтырдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 59 миллион текше метрге көп жиналған. Енді ондағы суды төменге көптеп тастап, жөндеу жұмыстарын жүргізуді көздеп отырмыз. Сонда келер жылдары суды еселеп жинауға мүмкіндік туады,–деген Нұржан Молдиярұлы төменгі ауылдарға су жетпеуінің себебін ауыл әкімі Асланбек Қуанышовтан сұрады. Ал ауылдық округтің басшысы бұл мәселені төмендегі каналдардағы лоток арналардың бүлінуімен байланыстырды. Осы тұста аудан әкімі Сәкен Арубаев 35 каналды реттеу бойынша құжаттар әзірленгенін
айтты. Демек, ауылдағы ағын су мәселесі бірнеше жылда толықтай шешілмек. Бұдан соң жайылым жайын қаузаған өңір басшысы қоғамдық жайылымды реттемей, шаруаларды ауыл іргесіндегі жайылымға қоныстандыру орынсыз екенін айтты. Сондай-ақ бұл талаптардың барлығы жайылым туралы заңда көрсетілгенін ескертті. Сол секілді малы жоқ шаруалар иелігіндегі жерлерді әкімдікке қайтарып жатқанын да атап өтті. Өңір басшысы сөзін түйіндей келе 2025 жылға дейін қала, аудандарды жол, ауыз су, табиғи газбен қамтуға және мәдениет, спорт, білім, денсаулық сақтау саласын өркендетуге көптеп көңіл бөлінетінін айтты. Осы күні облыс әкімі аудандық мәдениет үйінде Төле би ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұнда да ауыл белсенділері тұрғындардың шымбайына батқан бірнеше мәселені кезекпен хабарлады. Ауыл тұрғындары «Қазақмыс» корпорациясының «Шатыркөл» мыс кен орнында радиацияның залалы қараша халыққа тиюде деп дабыл қағуда. Сонымен қатар газ тартуға жұрттан қомақты қаржы талап етіп отырған «Париев» мердігер компаниясына ел-жұрттың өкпесі қара қазандай. Осы тұста аудандық мәдениет үйіне жиылған ағайын аудандағы байбағландардың дегені болатын күн әлі алыстамағанын ашына жеткізді. «Ауыл әкімі аталмыш компаниядан келер қауіп жоқ екенін айтуда. Мұны денсаулық сақтау басқармасы да зерделеп, онкологиялық аурулардың көбеймегені туралы айтты. Енді тағы да осы жайды талдау қажет. Ал заң аясында қаралатын мәселелерді қазір құзырлы органдарға тапсырсаңыздар болады»,– деген Нұржан Нұржігітов ауылды көгілдір отынмен қамту мәселесін реттеуді аудан әкімі Сәкен Арубаевқа жүктеді. Басқосуда «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тасжолының жиегінде дүкен ашып, іс бастаған кәсіпкер Самат Атабаев нысанға электр жүйесін тарта алмай отырғанын жеткізді. Бұған өңір әкімі «Бизнестің 2020-2025 жылдарға арналған жол картасына» сәйкес Үкіметтен кәсіпкерлік нысанның жарық жүргізіп, су тартуына қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар ел-жұрттың өтініші бойынша жауапты тұлғаларға жол жиегіндегі нысандарды зерделеуді тапсырды. Кездесуде ауыл тұрғыны Елдос Мұсаев, көптің көкейінде жүрген қаланың орталық базарындағы аялдаманың жайын қозғады. Бір қызығы бүгінде сүрілген аялдаманың орнына дүкен салынған. Дейтұрғанмен ауданның жауапты бөлім басшысы аялдаманың орны нақтыланып жатқанын және бір айдың шеңберінде ел игілігіне берілетінін айтып түсіндірді. Сол секілді тұрғындарды ағын су және интернеті жоқ елді мекендердің ахуалы да алаңдатады. Келесі кезекте өңір басшысы ауылдың ирригациялық жүйелеріне қатысты мәселелер кезең-кезеңімен реттелетінін және кең жолақты интернет тартуға Үкімет тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Яғни, мемлекеттің алға қойған жоспарына сай 2025 жылға дейін барлық ауыл интернетке қосылады. Келелі кездесуде облыс әкімі мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе қызмет көрсету саладағы жұмысшылардың этикасына қатысты тиісті мамандарға ескерту жасады.
Өңір басшысы аталған екі ауылда тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, талап-тілектерін назарға алды. Жүздесуден кейін қабырғасы сонау 1960 жылы қаланған Жиенбет негізгі мектебіне атбасын бұрды. Онда үш бірдей оқу ғимараты небары 100 оқушыға шақталған. Себебі ауыл тұрғындары ескі мешіттің ғимаратын спорт зал, ал екі бірдей жер үйді оқу ғимараты ретінде пайдалануда. Қыс кірпіштен тұрғызылып, бүгінде тозығы жеткен ғимараттар жөндеуге келмейді. Ауылдағы мектеп жайын біліп отырған басшылар 100 орындық білім ошағының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеген. Енді 15 күнде мердігер компания анықталса, құрылыс жұмыстары да көп ұзамай басталмақ. Нұржан Молдиярұлы сапар барысында құрылысы ұзаған Төле би ауданы, әлФараби атындағы орта мектепке де арнайы барды. 300 оқушыға шақталған мектеп құрылысының 70 пайызы аяқталғанымен, қалған бөлігі тұралап қалғанына бірнеше айдың бедері болған. Құжат бойынша мектеп, тамыз айында пайдалануға берілуі керек-тін. Алайда мамандар жұмысшылар үш ауысыммен еңбек етсе де құрылысты оқу жылының басына дейін аяқтауға әлеует жетпейтінін айтуда. Құрылыс басында мердігер «Сұңқар-2002» серіктестігінің өкілі жұмыс былтыр басталып, биыл құрылыс заттарының қымбаттағанын айтып ақталды. Десе де облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы мердігер компания жұмысты апта ішінде бастамаса, шара қолдану керектігін жауапты мамандарға ескертті. Расында солай, әкім барғанда құрылыс басында бірде-бір жұмысшы табылмады. Кейін өңір басшысы компания өкіліне бюджеттен тек құжатта көрсетіліп, келісілген қаржы ғана берілетінін тағы бір мәрте түсіндірді. Сапар барысында облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы құрылысы аяқталып, қондырғылары орнатылғалы тұрған заман талабына сай оңалту орталығы мен еңселі оқушылар сарайына да бас сұқты. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев оңалту орталығы жуырда пайдалануға берілсе, 20 маманның жұмыспен қамтылатынын айтты. Сол секілді әзірге қажетті құрылғылармен толықтай жабдықталмаған оқушылар сарайын да өңір басшысы назарға алды. Биыл пайдалануға берілген ғимаратта 6 үйірме бар болса, оқу жылының басында 300-ге жуық оқушы келеді деп жоспарлануда. Мекеме директоры Нағима Райқұлованың айтуынша, оқушылар сарайында 50 үйірме ашып, мыңнан астам оқушы қамтуға болады екен. Сонымен биыл үйірмелерді жасақтауға бюджеттен 50 миллион теңге қаралса, қалған қаржы келер жылы бөлінеді.
Сәндібек ПІРЕНОВ
Шу ауданы

Comments are closed.