- Advertisement -

Шетел әдебиетінің жастарға әсері қандай?

354

- Advertisement -

Әдебиет – адамның рухани айнасы, қайнар көзі. Әрбір ел мемлекет болып қалыптасқан соң өзінің мәдениеті мен әдебиеті арқылы дамып, белгілі бір қайталанбас келбетін әлемге паш етеді. Біз де қазақ болып, жер жаһанға өзіндік мәдениетіміз бен әдебиетімізбен танылдық. Қазақ әдебиетінде – сонау Абай Құнанбайұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлы тұлғалардың да орны бөлек.

«Қазақтың – қазақ екенін білгің келсе, Абайды оқы, орыстың орыс екенін білгің келсе А.С.Пушкинді таны», – деген сөз де бекер айтылмаса керек. Біз Абай, Ахмет арқылы А.С.Пушкинді, М.Ю.Лермонтовты танып білдік. Ал бүгінгі қоғам мен жастарда мүмкіндік өте көп. Оқуға және кітапқа деген сұраныс көбейген заманда жанрлар да түрлене түскен. Бұрынғыдай қиналып емес, емін-еркін, бұқпасыз, боямасыз кез келген кітап пен ақын, жазушысын оқи алады.
Өркениет әлем арқылы дамиды, жетіледі, өмір сүреді. Шетел әдебиеті – өзіндік түп тамырымен, шығу тарихымен, әдет-ғұрпымен, бастан өткен оқиғаларымен ерекшеленеді. Сол себептен болар жастар арасында шетел әдебиетіне құмартушылар саны көбеймесе, азаяр емес.
Шетел әдебиетін Қазақстанда қандай үлгіде оқытатынын білесіз бе? Жауап іздеп көрейік. Біздің жалпы тіл мамандарының оқыту жүйесінде: ежелгі және бүгінгі үнді әдебиеті, қытай әдебиеті, орыс әдебиеті, араб әдебиеті, ағылшын әдебиеті оқытылады. Бұл оқыту үрдісін өз басым қолдаймын. Шетел әдебиеттерін оқыту арқылы біз өскелең ұрпағымызға өзгенің әдебиеті мен мәдениетін таныстыра отырып, оларды рухани жетілдіреміз. Әртүрлі әдебиетті салыстыра білуге, қиялдауға, ойын жеткізе алуға, пікір қосуға, шетелдің ұшқыр ойлы классиктері мен ақын-жазушыларын танып білуіне ықпал жасайды. Әлем әдебиетіндегі өзгеше таным, жастарға алға қарай ұмтылуға, армандауға қанат бітіреді. Шекспир мен Монте Кристоны алыңыз. Күллі ғалам жастары үлгі алып, әлі күнге дейін қызықтап оқып, үйреніп жүр. Гоголь мен Достоевскийді алыңыз, бір ғана сөзбен бүкіл әлемді тебірентер еңбектер жазған. Шетел әдебиетінен ежелгі өнердің мәнін білуге болады. Театр, кино, поэзия, проза жанрларының түрлі сатыларын да осы антика мен грек әдебиетінен танимыз. Бүгінгі қоғамның жастары өте белсенді, алғыр, бұрынғы мен биылғыны сүзгіден өткізе алады. Біз түрлі шетелдік ағымдардан теріс тәрбие алуымыз мүмкін, бірақ әдебиетінен ғибраттан басқа аларымыз жоқ. Өзге әдебиеттің өз әдебиетімізден қандай айырмашылығы бар? Соғыс, ашаршылық замандарда кім қандай тақырыпта қалам тербеді? Мәдениеттегі мифологиялық, жанрлық, психологиялық ерекшеліктер қандай? Осы сұрақтарға жауап алу мақсаты үшін де шетел әдебиетін білу маңызды. Бүгінгі жастар, нотаның шығу тарихын, антик өнері жайлы, алғашқы танымдық прозалар мен тың туындыларды, шытырман оқиғаларды шетел әдебиетінен оқи отырып сусындайды. Әлемді алақаныңдағыдай танығың келсе, артық білім кітапта екенін ұмытпауымыз қажет, әдебиет – рухани айна, ақыл кені. Жастарымыз өзін де, өзгені де тану үшін әдебиет пен мәдениетке көшбасшылық ету қажет.
Осы орайда қазақ филология саласы шетел әдебиетін жаңаша нұсқада оқу үрдісіне қосқалы отыр. Бұл қуантарлық жағдай. Байырғы Шекспир, Гетелерден бөлек, жаңа заманның С.Кинг, Б.Акунин, Х.Мураками, Д.Киз атты қалам шеберлерімен таныс болады. Алайда кітапханаларда қазақ тіліндегі аудармалар әлі де жеткіліксіз. Екіншіден, кейбір кітаптардың аудармасы тілімізге икемсіз болса, үшіншіден, орыс тілдегі неміс, жапондық, француз әдебиеттерінің қоры аз.

Жанел Әбдіқайымова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support