- Advertisement -

Мұғалімдерді түрлі байқауларға мәжбүрлеп қатыстыру қаншалықты заңды?

2 020

- Advertisement -

Газетіміздің өткен сандарында «Кері байланыс» айдарымен «Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов сіздердің сұрақтарыңызға жауап береді» деген хабарландыру берген болатынбыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауындағы «Халық үніне құлақ ас атын мемлекет» тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Аталған тұжырымдамаға сәйке с шенеуніктер барлық азаматтардың өтініштеріне жедел тиімді кері байланыс орнатуы керек. Осыны басшылыққа алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің халыққа ашық болуы керектігін басты міндет етіп қойған еді. Міне, «Aq jol» газеті басқармалар мен бұқара арасындағы кері байланысты жандандырып, ең алдымен білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов «Сауал – сізден, жауап – бізден» айдары аясында халықтан түскен сұрақтарға жауап берді. Сол тұрғындардан түскен сұрақ пен жауапты сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ерлан Сейтаев, Жуалы ауданы, Бақалы ауылының тұрғыны:

–  Автобус тұр, жүргізуші жоқ.Балаларымыз жаяу-жалпы Бақалыдан Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепке жаяу қатынауда. Жаңбыр жауса үстері мес су болып келеді. Автобуспен тасымалдау тендерін ұтып алған мердігер неге осы мəселені тезірек шешуге асықпай отыр? Оқушылардың автобус бола тұра жаяу қатынауы бір бүгін ғана емес, жылда қайталанады.Оқу бітуіне бір ай қалғанда автобус осылай жүргізушісіз қашанға дейін жүрмей тұра бермек?

Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

– Оқушылардың заман талабына  сай білім алуы, Отанымыздың лайықты азамат болып өсуіне барлық жағдайды жасау – біздің міндеттеріміздің бірі, әрі маңыздысы. Білім алушылар мектепке тегін тасымалданады. Білім басқармасы тарапынан балаларды білім беру ұйымдарына тасымалдау барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Бір атап өтерлігі, бүгінгі таңда облыста оқушылар тасымалы 100 пайыз жүзеге асырылуда. Ал оқырманның сұрағына келер болсам, иә, Жуалы ауданы, Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектебіне Бақалы ауылынан оқушылар тасымалдайтын автобус жүргізушісінің жұмыстан шығуына байланысты уақытша орын алған. Алайда туындаған мәселені білім басқармасы бірден назарға алып, шешімін тапты. Бүгінгі таңда жаңа жүргізуші жұмысқа қабылданып, оқушылардың тасымалы қайта қалпына келді.

Жоғарыда ат ап өткенімдей, балалардың қауіпсіздігі басқарманың күнделікті бақылауында. Сол себепті, осындай мәселелер туындаған жағдайда бірден шешім қабылданатын болады.

М.Қайырбай, Ш.Смаханұлы атындағы орта мектептің мұғалімі. Талас ауданының тұрғыны:

– Қазіргі таңда мектеп поштасына әртүрлі жарыстар, байқаулар, олимпиадалар, тағы басқа да байқауларға қатысу туралы қатынас хаттар жиі келіп,оқушылар мен мұғалімдердің қатысуын міндеттеп, мəжбүрлеп жатады. Бұл қаншалықты заңды?

Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

Алдымен мұғалімдердің олимпиадаларға,түрлі жарыстарға қатысуы – өзінің кәсіби педагогикалық қызметіндегі жетістіктерін көрсету, оқушылармен, ата-аналармен және қоғаммен бірлескен жұмыс нәтижелерін ұсыну мүмкіндігі екенін ескеруіміз қажет. Бүгінгі таңда әрбір мұғалім заманауи педагог болуға ұмтылуы керек. Яғни, уақыт талабына сай білім беру технологияларын, соның ішінде ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдануды білуі маңызды. Сондай-ақ өзінің педагогикалық тәжірибесін күнделікті шыңдап отыруы тиіс. Бүгінгі таңда «Бүгінгінің ұстазы» деген атқа лайық болуы үшін түрлі олимпиадалар, жарыстар мұғалімдерге пайдалы екендігін ұйымдастырылған іс-шаралардың маңызы көрсетіп отыр. Ал олардың қандай байқауларға қатысуына болатыны, аттестаттау кезінде ескерілетіні жайлы арнайы бекітілген тізбек бар. Ол – ҚР БҒМ 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 514 Бұйрығына сәйкес «Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесі».

Бекітілген тізбекте тегін жарыстар көрсетілген. Сонымен қатар біздің мұғалімдер арасында ақылы конкурстардың ұйымдастырылатыны жайлы да мәселе бар. Осы орайда, ақылы курстардан өтіп, сертификат алу әр мұғалімнің өз еркінде екенін ескеруіміз керек. Оның үстіне БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің №18-2/1759 хатына сәйкес жеке ұйымдар өткізетін және бекітілген тізбеге кірмейтін оқушылар мен педагогтер арасындағы ақылы олимпиадалар мен конкурстар педагогтерді аттестаттау кезінде ескерілмейді.

Жалпы ұстаздарды олимпиадаларға мәжбүрлі түрде қатыстыруға тыйым салынады. Білім басқармасы тарапынан бұл туралы арнайы жиналыстар да өткізілуде, бұйрығы да шыққан.

Айдынғали Алтынбеков, Жуалы ауданының тұрғыны:

– Ауылдағы Ақтасты бастауыш мектебінің ғимарат мәселесін шешіп беру туралы өтінішімді бұған дейін де құзырлы органдарға бірнеше рет жеткізген болатынбыз. Қазіргі таңда аталған мектепте балаларды оқыту мүмкіндігі өте төмен. Тіпті ыңғайластырылған ескі ғимарат (бұрын тұрғын үй болған) апатты жағдайда тұр десек те болады. Сондықтан бұл мәселені түбегейлі шешетін уақыт жетті. Ал ауылда мектеп ғимаратына лайықты жаңа ғимарат бар. Бірақ біздің білуімізше, оның құжаттары әлі күнге рәсімделмеген. Аудандық білім бөлімінің жауапты мамандары оны сатып алуға қаражат бөлуде бірқатар проблемалар бар екенін айтады. Олардың айтуынша, жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен (74 миллион теңгеге) салынған жаңа ғимараттың сейсмикалық төзімділігі ескерілмеген, онымен  қоса, әлі күнге құжаттары да рәсімделмеген. Осы мәселенің ертерек шешімін табуына жауаптылар көмек берсе дейміз.

Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

– 50 орындық Ақтасты мектебінің жағдайымен таныспыз. Онда бүгінгі таңда 17 бала білім алуда. Жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен ғимарат құрылысын жүргізіп, оны мектеп ретінде сатып алуға ұсыныс берген. Бірақ жаңа ғимаратты пайдаланбас бұрын біз оның жағдайына, оқушылардың оқуы үшін ыңғайлылығына қарауымыз керек. Басқарма тарапынан зерделеу нәтижесінде жаңа құрылыстың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Сол себепті, кемшіліктерді жою мақсатында бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет болды. Бүгінгі таңда ғимаратты сатып алу Жуалы ауданы әкімі тарапынан жүргізіледі деп күтілуде.

Жамал Алдатаева, ардагер ұстаз. Талас ауданының тұрғыны:

– Біздің Ойық ауылдық округі, Көктөбе елді мекенінде білім саласында біраз мәселе бар. Біздің елді мекендегі Бөлтірік Әлменұлы атындағы мектеп ғимараты 1960 жылдары салынған. Өте ескі. Бізге жаңа мектеп қажет. Жаңа мектеп салынғанша мәжіліс залы, спорт залы, зертханалық кабинет керек. Аталған мектепте медициналық кабинет жоқ. Ауылдық медпункттің бір бөлмесін пайдаланып отыр. Сондай-ақ осы елді мекенге балабақша қажет. Қазіргі таңда ауылда балабақша жасындағы 50 бүлдіршін бар. Осы мәселе де ертерек шешімін тапса екен. 

Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 2025 жылға дейін елімізде жаңадан 1000 мектеп салуды тапсырды. Әсіресе ауылдарда толық кешенді білім ошақтары пайда болуы тиістігін атап өтті. Осыған орай Білім және ғылым министрінің шешімімен «2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу» жөніндегі Жол картасы бекітілген. Аталған жол картаға сай Талас ауданы Ойық ауылындағы Б.Әлменұлы атындағы орта мектебінің орнына 80 орындық жаңа мектеп салу жоспарланды. Құрылыс жұмысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады деп күтілуде.

Саят Қаймолда, Шу қаласының тұрғыны:

–  Аудан орталығында жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайы өз жұмысын қашан бастайды?

Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

 Бүгінгі таңда мектепте оқушыларды тек сабақ үстінде ғана тәрбиелеп қоймай, сыныптан тыс уақытта да тәрбиелеу қажеттілігі туындап отыр. Мектептен тыс тәрбие жұмысы тұлғаның әлеуметтік қалыптасуын қамтамасыз етуде мұғалімдердің басшылығымен іске асырылатын және сабақтың мақсатымен өзара байланысты болып келетін тәрбиенің дербес түрі. Сондықтан балаларды мектептен тыс тәрбие жұмыстарымен барынша қамтамасыз етуіміз қажет.

Біздің облыста қосымша білім беру саласы жақсы дамыған. Облыс оқушыларының жартысынан көп бөлігі тегін үйірмелермен қамтылған. 76 мектептен тыс мекемеге 70 мыңға жуық оқушы қатысады. Өткен жылдың желтоқсан айында Шу ауданының, Төле би ауылында пайдалануға берілген «Оқушылар сарайы» да балалардың қосымша білім берумен айналысуына мүмкіндік беретін бірден-бір мекеме. Мұнда балалар 76 үйірмемен айналыса алады. Нақтырақ айтсам, білім алушылар көркем-эстетикалық, IT-технология және әскери-спорттық бағыттармен қамтылады.

Қазіргі таңда «Оқушылар сарайы» өз жұмысын бастады. Балаларды қабылдау egov.kz үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Осы орайда айта кетсем, жақында Тараз қаласында да «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілмек.

Медет Сағынтаев, Шу ауданы, Төле би ауылының тұрғыны:

–  Әл-Фараби атындағы мектептің құрылысы қашан аяқталады?

Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

– Жоғарыда айтқанымдай, Білім және ғылым министрінің шешімімен «2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу» жөніндегі Жол картасы бекітілген. Аталған жол картаға Шу ауданы Төле би ауылындағы 300 орындық әл-Фараби атындағы орта мектебінің құрылысы да енгізіліп отыр. Бұл білім нысанының құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған. Осы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде.

Бегім Сыдық, Тараз қаласының тұрғыны:

–  Біз жастарға жұмыс жоқ деп жатамыз. Бірақ зейнет жасындағы адамдардың білім беру саласында әлі жұмыс істеп жүргендері көп. Тіпті кейбірі мектеп басқарып, оның орынбасары қызметін де жалғастыруда. Ал жоғары оқу орны мен колледждерде де зейнет жасынан асқан мұғалімдер өте көп. Шындығына келгенде олардың басым бөлігі талапқа сай жұмыс істеп жүрген жоқ. Жетпіс пен сексеннен асқан кісілерді атақ-дәрежесіне қарамай демалысқа жіберу керек. Сол кезде білімді жастарға жол ашылар еді. Олардың орнына жастарды тарту Сіздердің жоспарда бар ма?

 Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

Қазіргі кездегі білім мен техниканың даму деңгейі әрбір адамның сапалы, терең білім мен кәсіби іскер болуын, жастардың белсенді шығармашылықпен жұмыс істеуін талап етеді.

Жыл сайын облыс мектептеріндегі педагог кадрлардың тапшылығына мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Бүгінде облыс бойынша зейнет жасына жеткен 7 мектеп директоры, 6 директордың орынбасары және 255 педагог қызметкер жұмыс істеп жатыр. Зейнет жасына жеткен педагог қызметкерлердің еңбек шарттары оқу жылының аяғына дейін, яғни 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылған.

Жастарды жұмыспен қамту, бітіруші түлектерді ауыл мектептеріне тарту мақсатында білім басқармасы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетімен және өңіріміздің М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен меморандум жасап, жоғары оқу орындарының басшыларымен тығыз байланыс жұмыстарын жүргізуде.

Нұрлықан Нұржан, Байзақ ауданының тұрғыны:

– Қазір мектепке мұғалім болып, балабақшаға тәрбиеші болып орналасу қиын. Барлық жерде пара сұрайды. Әрбір маманның белгілеп қойған ставкасы бар. Оны кім белгіледі? Мәселен, мұғалім болып жұмысқа орналасу үшін 1 миллион теңге, еден сыпырушыдан 300 мың теңге сұрайды.Қашан білім мекемелерінде жемқорлықсыз қоғам құрылады?

Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

– Жалпы білім басқармасы тарапынан облыс бойынша барлық білім беру ұйымдарының, білім бөлімдерінің басшыларымен алқа мәжілістері жиі өткізіліп тұрады. Бұл мәселе күнделікті күн тәртібінен түскен емес. Білім басқармасының арнайы бұйрығы да бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан фактілер орын алған жағдайда, әрине, тиісті азаматтар жазаға тартылатын болады.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет тек мұғалімдер арасында ғана емес оқушылар, студенттер арасында да жүргізілуде. Қазіргі қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы тұру мәселесіне жастардың назарын аудару, өз мемлекетіне жауапкершілікпен қарау және әділдікке, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында жиі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Ал жұмысқа орналасу тақырыбына келер болсам, білім басқармасы ҚР БҒМ 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату туралы» қағидалары ҚР Білім және ғылым министрінің 19.11.2021 жылғы №568 және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.11.2021 жылғы №432 бірлескен бұйрықтары шықты.

Аталған бұйрықтың 1-параграфына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтері лауазымына қабылдау конкурс арқылы жүргізілетін болады. Конкурстың ашық, жария әрі әділ өтуі керек. Конкурс аптасына 16 сағат және одан да көп сағат оқу жүктемесі бар педагогтің бос және (немесе) уақытша бос лауазымына өткізіледі. Тиісті деңгейдегі білім беру ұйымдарының және (немесе) білім беруді басқару органының интернет-ресурсында және (немесе) әлеуметтік желілердің ресми аккаунттарында конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланады.

Конкурстық комиссия кемінде комиссияның бес мүшесінен, оның ішінде комиссия мүшелерінің арасынан сайланатын төрағадан тұратын алқалы орган болып табылады. Конкурстық комиссия құрамына білім беру ұйымы әкімшілігінің өкілдері, тиісті деңгейдегі әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) немесе білім беру ұйымының, азаматтық қоғамның әдіскерлері, аудандық (қалалық) білім бөлімінің мамандары, педагогтер кіреді.

Жолдыбай Дәметов, Мойынқұм ауылының тұрғыны:

– «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауданға жүзден аса маман келді. Бірақ ауданда маман тапшылығы әлі толық шешімін тапқан жоқ. Әлі де физика, химия мен математика пәні мұғалімдері жетіспейді. Біз сияқты шалғай ауданның шалғай елді мекеніндегі маман тапшылығын қалай шешпек ойыңыз бар?

Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

Мектептің адам өмірінде алар орны ерекше.Ал ұстаздық баланың зейінін арттырып, үлкен өмірге қадам бастыратын қадірлі мамандық. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөз де тектен-тек айтылмаса керек. Білікті маманнан білім алған баланың болашағы жарқын болатынын уақыттың өзі көрсетіп отыр.Облысымызда балаға бар ынтасымен білім беріп, түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатыстырып, бұлақтың көзін ашқан ұстаздар бар. Дегенмен өңірімізде кейбір пәндер бойынша маман тапшылығы бүгінде маңызды мәселеге айналып отыр. Нақтырақ айтсам, 2021-2022 оқу жылында 102 маманға, оның ішінде: бастауыш сынып мұғалімі орыс сыныбына, ағылшын тілі, орыс тілі, математика, физика, химия т.б. мамандықтар бойынша қажеттілігін көрсетіп отыр.

Өңірдегі маман тапшылығын шешу мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімі бар кадрларды даярлауға білім беру гранттары бөлінген. Яғни, ҰБТ нәтижесіне қарай, әкімдік гранты тағайындалатын болады. Жыл сайын 30 грант бөлініп тұрады. Облыс әкімінің грантын иеленген түлектердің дені педагогикалық мамандықтарда оқуда. Сонымен қатар білім басқармасы жоғары оқу орнын бітірген түлектерді ауыл мектептеріне тарту жұмыстарын қолға алып отыр. Зейнеткер ұстаздардың бүгінгі күні қызмет етуінің себебі бар. Ол – шалғай ауылдағы мектептердегі сағат санының аз болуы. 2021-2022 оқу жылында жалпы 800-ге жуық жас маман қабылданып, маман тапшылығы жойылса, шалғай елді мекендердегі мектептерде сағат санының аз болуына байланысты зейнеткер ұстаздар мен қосымша жүктеме арқылы маман тапшылығы жабылып отыр. Бүгінгі таңда өңірімізде 255 зейнет жасында жұмыс істеп жатқан педагог бар.

Қ.Әбдіқұлов, «Жамбыл облысының интернационалист — жауынгерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Неге орта мектептерде (ОМ) Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ізбасарлары, солардың аманатын арқалайтын Ауған соғысы ардагерлеріне бұрыштар жаппай ашылмаған? Кейбір ОМ-де аталған бұрыштар бар, көбісінде жоқ. Бұл бұрыш жастарды патриоттық тәрбиеге баулиды емес пе?

Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы:

Патриоттық тәрбие беру оқушының саналы көзқарасын қалыптастыру деген сөз. Қазіргі таңда мектептерде соғыс, еңбек ардагерлері, спорт чемпиондары, қоғам қайраткерлеріне арналған арнайы кабинеттер жабдықталған. Оларға арналған сыныптардың ашылуы оқушылар бойындағы патриоттық сезімді, отаншылдықты оятары анық. Баланың дүниетанымын, білімін, көзқарасын қалыптастыруда мектеп шешуші рөлге ие. Аға ұрпақтың лайықты мұрагері болу үшін жастарға халқымыздың Отан мүддесі жолында жасаған ерлік-батырлық істерінің ұлылығын жете түсіндіру мұғалімнің міндеті.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support