- Advertisement -

«Aq jol»-дың алғашқы саны қалай жарық көрді?

62

- Advertisement -

Бастадым қаламменен сөздің басын,
Оқыған халқым сөзге таңырқасын.
Жарқ етіп шыға келді «Кедей еркі»,
Тәңірім ұзақ қылсын өмір жасын..

Алғашқы санында қоғам қайраткері, ағартушы, әдебиетші, драматург Сыдық Абылановтың осындай жолдармен басталатын өлеңмен жазылған құттықтауы жарияланған «Кедей еркі» газетінің қымбат жәдігерге айналған, Ташкент қаласындағы мұрағатта сақтаулы жиырмасыншы жылдардағы сандарын, өкінішке қарай, оқудың сәті түспеді. Әйтседе, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары арамызда аман-сау жүрген, өлкемізде кеңес өкіметінің орнауын көзбен көрген ардагерлердің жазып қалдырған естеліктеріне, алдыңғы толқын журналистердің зерттеу мақалаларына сүйене отырып, орыс тіліндегі «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде шығарылған газет алғашқы санынан бастап ел тірлігін жазуды мақсат тұтқанын білуге болады. Сол қариялардың естеліктерінде қағаз тапшылығынан аз таралыммен шығатыны, әрі ол кез сауатты адамдар аз екендігі ескеріліп, газетті қызыл отауларда, шайханаларда дауыстап оқу ұйымдастырылып тұрғаны, әдетте, он адамға бір данадан таратылғаны айтылады. Журналист Әкпарбек Доспамбетовтің «Қызыл редакторлар» деген мақаласында («Еңбек туы», 1972 жылғы 12 қараша) «Кедей еркінің» қалай шыққаны, тұңғыш редакторы кім болғаны туралы да біраз деректер бар. Үзінді келтірелік:

«…Әулиеатада газет шығару мәселесі шешілген-ді. Бірақ оның редакторы кім болуы керек? Осы сұраққа жауап бәрінен де қиын соқты. Себебі жергілікті сауатты жігіттердің бәрі журналистика, әсіресе, полиграфия мәселелерінен бейхабар болатын.

Ұмытылмас сол тұста уездік-қалалық партия комитетіне Ташкенттен Түркістан телеграф агенттігінің тілшісі Анна Владимировна Алматинская келе қалады.1908 жылдан бері журналистикамен айналысып, талай-талай әңгіме, очерк жазып жүрген бұл тілші әулиеаталықтарға қатты ұнап қалады. Оған орыс және мұсылман газетін шығаруға атсалысу мәселесі ұсынылады.

Анна Владимировна қазақ тілін білмейтіндігін айтып, жауапты міндетті мойнына алғысы келмейді. Басшы партия қызметкерлері Сыдық Абыланов, Үсіп Сатыбалдинов және басқалар Әулиеатаға
келген журналисті қолқалап қоймайды. Оған халық мұғалімі Шарап Балтабаевты көмекші етіп белгілейді. Жаңа баспаханаға Шәріп Сандыбаев, Өмірзақов және Халметов деген қазақ жігіттерін жұмысқа алады. Алыстан келген журналист бұдан соң газеттің шығарушысы болуға келіседі. Сөйтіп, «Кедей еркінің» тұңғыш нөмірі сол кісінің редакторлығымен қанат қағады…».

Әулиеата уездік – қалалық комитеті мен уездік атқару комитетінің органы орыс тілінде «Вольная беднота», қазақша қосымшасы «Кедей еркі» аталатын газетке редактор ретінде қол қойған Анна Владимировна Алматинская КСРО Жазушылар одағының мүшесі болған. «Қанау» романының, «Дауылдың тынысы», «Ұлы шайқас» повестерінің авторы. Ташкент қаласында тұрған. Өмірінің соңына дейін сол кездегі Әулиеата, қазіргі Тараз қаласындағы бір кездері өзі редакторлық еткен газет ұжымымен байланысын үзбеген. 1972 жылы «Еңбек туы» газеті «Құрмет белгісі» орденімен марапатталғанда құттықтау жеделхат жолдаған. Келесі 1973 жылы А.В.Алматинская 90 жасқа толғанда «Еңбек туының» сол жылдардағы бас редакторы Б.Жаңабаев пен «Знамя труда» газеті бас
редакторының орынбасары Б.Кан және дербес зейнеткер Ш.Достанбаев Ташкентке барып, А.В.Алматинскаяға облыс атынан Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлық тапсырып қайтқан.

«Кедей еркі» 1924 жылға дейін екі тілде, аптасына үш рет шығып тұрған. Бір жолғы таралымы 300 дана, барлығы 180 нөмірі жарық көрген.

Шежірені дайындаған
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support