- Advertisement -

Басылымға жанашыр аналар

61

- Advertisement -

Өңір баспасөзінің қара шаңырағы саналған «Aq jоl» газеті ғасыр жасқа толып жатқанда ешкімді де қалдырмай атап өтіп, құрмет көрсеткіміз келеді. Осы басылымды басқарған ағалардың әрбірі дара-дара тау десек, ол кісілердің шаңырағына шуақ берген апайларды да әсте ұмытып кетуге болмайды.

Бұл ретте әңгімені ортамыздағы көзі тірі абызымыз, газетті тапжылмай 21 жыл басқарған Баттал Жаңабайұлының асыл жары Фарида Алтаева апайдан бастайтынымыз заңдылық. Фарида апай үлкен жұмыста жүрген ағамыздың бабын жасап, төрт ұл-қызды тәрбиелеумен қатар әуелі Семей, кейіннен Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесінде (қазір колледж) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді

Арғынбай Бекбосын ағамызың үйіндегі Дариға Орынбаева апамыздың да қолынан талай дәм татып едік. Жақында хабарласып жағдайын біліп едік. «Бір жақсы суреті бар еді. Іздеп таба алмай қойдым. 100 жылдық кезінде өте керек еді. Еліміздің идеологиясын басқарып тұрғанда Қуаныш Сұлтановтың «Aq jоl»-ға келген кезде бүкіл редакция қызметкерлерімен бірге түскені. Суретте барлығы көңілді, күліп тұр. Арғынбай ағаңнан естіп білдік. Дәл суретке түсерде Қ.Сұлтанов «Мен екі кербездің ортасында тұрайын»
деген, бүкіл редакция қызметкерлері сол сөзге мәз болып күліп тұрған сәті екен. Екі кербезінің бірі – облыстық партия комитетінің хатшысы Әлмұхан Исақов та, екіншісі – Арғынбай екен. Қ.Сұлтанов сонда редакцияның жұмысына риза болып кетіпті. Еліміздің идеологиясын басқарып тұрған кісінің бір облыстың газетіне жақсы пікір айтуы «Aq jоl»-дың беделін білдіреді», – деді.

Әлдихан Қалдыбаев ағамен жастар газетінде жеті жыл бірге еңбек еттік. Сол кезде елге есімі кең тараған тұлғаның шаңырағына жиі бардық. Ағаның үйіндегі Бану Тасболатова апай дайындаған кеспе көженің дәмі аузымыздан кетер емес. Жақында Бану апайды іздеп барып, жолығып, редакция басшылығының сәлемін жеткіздім.

Әлдиханды ұмытпай, іздеткен «Aq jol» газеті редакциясы басшылығына, ұжымға рақметін айтты Бану апа. Әлдихан ағамен қалай танысқанын тебірене отырып баяндады. «Жазушы Қарауылбек Қазиев та
Әлдекеңнің ауылынан ғой. Қарауылбектің жары Вера – менің досым болатын. Бұл – 1965 жылдың алғашқы айлары. Тараз қаласының (ол кезде Жамбыл) орталығында үлкен «Гастроном» болды. Вера сол жерде жұмыс істейтін. Мен бұрынғы Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищенің соңғы курсында оқып жүргенмін. Бір күні кешке мені жұмысына шақырды. Ойымда түк жоқ, шақырған соң бардым. Сыртта бір бөтен жігіт тұрды. Мойнына сол кездің сәніне айналған галстук тағып алыпты. «Сәнқойын қарай гөр, өзінің!» деп мән бермей, ішке кіргенмін. Сөйтсем, Вераның ойы басқа екен. Әлгі сәнқой жігітім – Әлдихан болып шықты. Сол күні таныстық. Арада 7-8 ай өткенде 1965 жылдың қазан айында шаңырақ құрдық. 2015 жылдың қазанында отау құрғанымызға 50  жыл толып, Әлдекең 76 жасқа келген болатын. Онымен 50 жыл отандасып, «шай» дескен жоқпыз. «Aq jol»-дың абыройы арта берсін, – деді Бану апамыз

Қырық жылдан астам ғұмырын «Aq jol» газетіне арнаған Бақытяр Әбілдаұлының үйінде талай болып, әңгімесін тыңдағанымыз қазір – тарих. Ағамыздың үйіндегі Ақылай апамызбен соңғы сәтте хабарласа алмадық. Апайдың: «Осы газетке бүкіл өмірін арнаған адам Бақытяр көкелеріңді ұмытпаңдар. Ол
кісі үйіміз жақын жерде болғандықтан, түнде де редакция жақты бір шолып, бақылап қайтатын. «Aq jol»-ына соншалықты адал болды, – дегені естен кетпейді.

Танымал ақын, кербездігі өзіне жарасқан Жақсылық Сәтібеков ағайдан көлемді сұхбат алған жылдарымызды сәтті кездер деп бағалаймын. Ол үйдегі Азиза Қалықұлова апай да жас журналистерді аңқылдап, кең пейілмен қарсы алудан жалықпайтын. Қазір де оқта-текте сәлем беріп барсақ, риза болып қалады. «1980 жылдардың басында облыстық партия комитетінің хатшысы Әлмұхан Исақтың қолқалауымен облыстық «Ақ жол» газетіне бөлім меңгерушісі қызметіне келді. Жақаңның бөлімінде сол жылдары марқұм Рахметбек Өзбеков пен Көсемәлі Сәттібайұлы бірге еңбек етті. Жақаң ол жігіттерге рухани ұстаз болды деп айта аламын. Дегенмен «Ақ жолда» ұзақ уақыт жүре алмай, 3-4 жылдан соң басқа жұмысқа ауысып кетті», – дейді ҚР білім беру ісінің үздігі Азиза апай.

Газеттің тағы да бір бас редакторы Мақұлбек Рысдәулет ағаның да жылы шуағын көрдік. Ол үйдегі Дәметкен Ахметова апайдың да жастарға қамқорлығы көп еді. Әттең, бұл күнде екеуі де ортамызда жоқ.

«Aq jol» газеті 100 жасқа толып жатқанда осылай басылымға жанашыр апайларды да естен шығармай, ой-пікір, көңіл-күйлерімен бөлісуді жөн санадық.

Ғұмырларыңыз «Aq jol»-дың жасына жетсін, қадірлі ақ жаулықты аналар!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support