- Advertisement -

Кәсіподақ: ол қажет пе?

436

- Advertisement -

Егер Сіз жұмыс істеп жүрген болсаңыз, ерте ме, кеш пе міндетті түрде еңбек дауына жолығатыныңыз анық. Әйтеуір, жұмысыңызда бір проблема болады, не бір әділетсіздікке тап келесіз. Тек бұл жағдайдан шығудың жолын әркім әрқалай іздейді. Бірақ, көбісі көнбістікке салады. Барса да әкімдікке, одан қалса «Nur Otan» партиясына баруы мүмкін.

Ал негізі еңбек дауына тап болған адам ең алдымен кәсіподаққа баруы керек емес пе? Міне, осы мекеме әр жұмысшының құқын қорғауы тиіс.
Жасыратыны жоқ, кәсіподақ туралы кешегі кеңес заманында талай тәтті әңгімелер естігеніміз рас. «Кәсіподаққа барып, мәселемді шешіп алдым, кәсіподақ арқылы ақшамды өндіріп алдым» деп аға-әпкелеріміз басшылармен айтысып-тартысып, құқын қалай қорғағандарын «жыр» етіп айтып отыратын. Шынында ол жылдардағы кәсіподаққа адам қызығатын…
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл мекемеден бақ тайды. Оны ешкім елемейтін болды. Шынын айтқанда, салмағы жоғалды. Содан болар жұмысшылардың құқын қорғайтын мекеме бірте-бірте жай демалыс орындарына жолдама беретін мекемеге айнала бастағандай… Әлі күнге дейін қарапайым халықтың түсінігінде кәсіподақ тек «путевка» тарататын мекеме болып жүргені жасырын емес.
Ал бірақ кәсіподақтың қан тамыры бүлкілдеп жатқанын, соңғы жылдары қазаны қайнай бастағанын екінің бірі біле бермейді. Біз мұны жақында ғана «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Тәуелсіздік жылдарындағы кәсіподақ: түйткілдері мен келешегі» атты дөңгелек үстелде айтылған әңгімелерден кейін анық байқадық.

Жұмысшы неге кәсіподаққа өтуге ынталы емес?

Ерұлан Мағзымбеков,
«Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Әлеуметтік қысымды бәсеңдетуге, азаматтық қоғамды қалыптастыруға үлес қосатын әлеуметтік институттардың бірі – еңбек адамының атынан өкілеттік ететін кәсіптік одақтар болып табылады. Бұл салада қазіргі ең өзекті проблемалардың бірі кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру. Әрине, білім саласында бұл мәселе бір қарағанда аса түйткілді емес сияқты. Өйткені сала өкілдерінің басым бөлігі кәсіподақтағы мүшелікпен қамтылған. Десек те, жекелеген зерттеулер көпшілік қызметкерлердің кәсіподаққа кіруі саналы түрде еместігін көрсетіп отыр. Яғни, біздің мүшелікке ынталандыру шараларымыз жеткіліксіз немесе түбегейлі дұрыс емес.
Соңғы он бес жыл бойында біз кәсіподақтағы жаңару туралы сөз етіп келеміз. Жаңғыру – қысқа мерзімді процесс немесе бірмезеттік реформа емес. Жаңару да жаңғыру да тұрақты жүріп және сыртқы ортаның өзгеруі мен қарапайым кәсіподақ мүшелерінің жұмысбасты болумен, оңтайлы жағдайда еңбек етумен байланысты өз құқықтарын қорғаумен сабақтасып отыруы тиіс.

Жасыратыны жоқ, қызметкер кәсіподаққа тек өзін жұмыс беруші озбырлығынан қорғана алатынын сезінгенде, қызметкердің артында оның сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, мұңын бөлісе алатын, жұмыс берушіге ықпал ете алатын күшті құрылым тұрғанда ғана саналы түрде кіреді және ол ұйымды қолдайды. Ал кәсіподақты мұндай ықпалды да қауқарлы ұйымға айналдыруға пәрменді құқықтық қызмет арқылы қол жеткізуге болады. Тегін әрі білікті құқықтық қызмет көрсету кәсіподақтың қорғау және өкілеттік ету қызметін жүзеге асыру, сала өкілдерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, олардың алдын алуды ғана емес, сондай-ақ кәсіподақ мүшелігіне ынталандырудың ұтымды факторы бола алады.
Ел Президенті Қ.Тоқаев әлемді жайлаған пандемия жағдайында өткен Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының ХХVI съезінде «Кәсіподақтар еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі, біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек» деген сенім жүгін артқан болатын. Тәуелсіздік жылдарында қоғаммен бірге түлеп-түрленіп келе жатқан кәсіподақтар да өз қызметін, еңбек адамының беделі мен мәртебесін арттыруға бағытталған негізгі миссиясын орындауға күш жұмсап келеді.
10 000 аса білім және ғылым саласының әр санаттағы өкілдері арасында жүргізілген «Кәсіподақ: ол қажет пе?» тақырыбындағы социологиялық сауалнаманың қорытындысына қарасақ, әрине, көпшілігі кәсіподақты білетінін, жұмысына қанағаттанатынын ашық айтқан. Алайда «Кәсіподақ ақша жинайтын ұйым, бұл ұйымның жұмысын түсінбеймін» деп жауап бергендері де бар. Меніңше, біз алдымен осы көзқарасты өзгерту бағытында жұмыс істеуіміз қажет.

Өндірістің дұрыс ұйымдастырылмауынан жұмыскер зардап шегеді

Бекжан Әбді, облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:
– Өткен жылдың 11 ай қорытындысымен, облыстық кәсіпорындар мен мекемелерде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты болған 35 (32) жазатайым оқиға орын алып, 51 (39) жұмыскер зардап шекті, оның ішінде, 14 (12) адам ауыр жарақат алып, 15 (5) адам қайтыс болған. Қалған 22 (22) адам жеңіл жарақаттармен зардап шегіп отыр.
2021 жылдың 15 қаңтарында Жуалы ауданындағы Жаңаталап ауылында №26 орта мектебінде 2 адаммен жазатайым оқиға орын алып, 1 адам қайтыс болған, осы оқиғаға зардап шегушілердің абайсыздығы себеп болып отыр. Яғни жұмыс орнында өздеріне жүктелген міндеттерін орындамай басқа ұйым жүргізіп отырған жұмысқа қатысқан. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Ақыл-ойы дамуында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты» КММ электригі жұмыс орнында тоққа түсіп қаза болған. Осы оқиғада зардап шегушінің абайсыздығы және өндірістің дұрыс ұйымдастырылмауы болып табылды.
Жыл басынан еңбек инспекторларымен 285 еңбек ұжымында еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құқықтық және методикалық сүйемелдеу, көмектер көрсету жұмыстары жүргізілсе, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы осы мәселеге қатысты 240-қа жуық мақалалар, посттар мен жазбалар жарық көрді. Қазіргі уақытта облыс кәсіпорындарында (Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының мәліметі бойынша) 1004 еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылып, онда 1330 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар, 1319 еңбек дауларын қарайтын келісім комиссиялары жұмыс атқаруда.

2015 жылдан бері кәсіподақтың араласуымен 1 миллиард 382 миллион теңге қайтарылған

Берік Баймағамбетов, жергілікті салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары, құқықтық қызметтің басшысы, республикалық салалық кәсіподақ Атқару комитетінің мүшесі:
– Кәсіподақтың құқықтық қызметінің жұмыс нәтижелері өз тиімділігі мен өнімділігін мейлінше дәлелдеп отыр. Құқықтық қызмет құрылған мерзім ішінде, яғни 2010 жылдан бастап 2021 жылдың қараша айына дейін, кәсіподақ заңгерлерімен білім беру мекемелерінде жұмыс берушімен еңбек заңдылығының орындалуы бойынша 4 400 тексеру жүргізіліп, еңбек заңдылығын бұзудың 16 834 жағдайы анықталған.
Аталған мерзімде заңгерлермен 55 547 құқықтық қызмет көрсетілген, оның ішінде 5 257 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық пошта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны – 49 829, жеке қабылдауда 24 мыңнан аса қызметкерлер көмек алған. Осы мерзімде кәсіподақтың инспекция қызметкерлерімен сотқа тапсыруға 125 талап арыздар мен басқа да материал дайындалып, 132 кәсіподақ мүшесіне түрлі инстанциядағы соттарда тегін өкілеттік қамтамасыз етілді.
Құқықтық қызметтің белсенді іс-әрекеті нәтижесінде аталған кезеңде 40 кәсіподақ мүшелері қайта жұмысқа орналастырылды және сотқа дейінгі кезеңде оң шешімін тауып, заңсыз жұмыстан босауына тосқауыл қойылған қызметкерлер саны – 94. Кәсіподақ заңгерлері тікелей қатысқан азаматтық істердің басым көпшілігінде, сот органдарының шешімдері сала өкілі – кәсіподақ мүшесінің және Кәсіподақтың пайдасына шешілуде.
2015 жылдан бастап Салалық кәсіподақтың республикалық органы құқықтық қызметтердің экономикалық тиімділігі деп аталатын арнайы бағалау жүйесін тәжірибеге енгізді. Бұл жүйе сала өкілдері – кәсіподақ мүшелеріне кәсіподақтың барлық нысандағы құқықтық қорғау жұмыстары нәтижесінде қайтарылған немесе сақтап қалынған қаржы мөлшерінің жиынтығын көрсетеді.
Осы орайда, тек біздің облысымыздағы құқықтық қызметтің 2015 жылдағы экономикалық тиімділігі – 74 млн.теңге, 2016 жылы – 43 млн.теңге, 2017 жылы – 123 млн., 2018 жылы – 215 млн., 2019 жылы – 293 млн., 2020 жылы – 528 млн., ал 2021 жылдың 10 айында 102 млн. теңгеден аса соманы құрады. Жалпы 2015 жылдан бастап экономикалық тиімділігі сомасы – 1 миллиард 382 миллион теңге төңірегінде құрап отыр.

Біздің облыста ғана білім мекемелері мен ұйымдарындағы кітапхана

қызметкерлерінің еңбекақысы өсті

Бейқұт Жамангозов, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Сапалы білімге оның негізгі қатысушысы мұғалімсіз қол жеткізу мүмкін еместігі талас тудырмайтын ақиқат. Ұстаздар қауымы елімізде ең көп әлеуметтік-кәсіби топ өкілдерінің бірі. Тек біздің аймақтың өзінде бұл көрсеткіш қырық мыңнан асады.
Бүгінгі күні қоғамда қалыптасып отырған әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты педагог қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын, заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда, олардың мәртебесін арттыруда кәсіптік одақтардың алатын орны ерекше. Ал ұстаз жұмысының тиімділігі мен оқыту сапасының нәтижесі – оның қандай әлеуметтік-экономикалық жағдайда еңбек етуімен тікелей байланысты.
Облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ арасында әлеуметтік әріптестік туралы екі жақты келісім жасалған. Жыл сайын мұғалімдер жалақысының өсуі, еңбек жағдайының жақсаруы – олардың тұрмыс-тіршілігіне де оң ықпалын тигізуде. Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы еселеніп көбеюде. Аттестаттаудың жаңа жүйесі бойынша біліктілігін дәлелдеген мұғалімдер саны артып, оларға қосымша ақы төленуде. Үкімет тарапынан көрсетілген әлеуметтік қолдаулардың арқасында облыста шығармашыл ұстаздардың қатары көбейіп келеді.
Қазіргі таңда облыс мектептері мен мектеп-интернаттарда 27711 педагог қызмет атқаруда. Өткен оқу жылында облыстың 5125 (3433-і республикалық қашықтық олимпиадалары) педагогі түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарды иеленді. 2021 жылы облыстың 2 педагогі елімізде тұңғыш рет берілген «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленсе (облыстық «Дарын» мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Бегілдаева Мираш Саданқызы, Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қалмаханова Айгүл Базарбайқызы), 3 педагог республикалық «Үздік педагог — 2021» байқауының жеңімпазы атанды.
Педагог кәсібінің мәртебесін арттыру үшін облыс әкімінің бастамасымен облыстық салалық кәсіподақпен бірлесе отырып 2016 жылдан бастап облыстың 112 «Үздік педагогіне», үздік деп танылған ауыл, қала, шағын жинақталған мектеп, инновациялық бағыттағы мектеп, колледж, барлығы 24 білім мекемесіне 35 млн. теңге кәсіподақ қаражатынан сыйақы тағайындалды. Осындай қамқорлықты сезіне отырып, ұстаздар қауымы, жауапкершілігі мен қиындығы мол ұлы міндеттерін абыроймен атқару үшін бар ынта-жігерін салып еңбек етуде.
Республика бойынша тек біздің облыста білім мекемелері мен ұйымдарындағы кітапхана қызметкерлерінің еңбекақысы – 35%, медициналық қызметкерлердің еңбек ақысы – 15-50%, қаржы-экономикалық қызмет мамандарының жалақысы 50%-ға артуы әлеуметтік әріптестік пен ұжымшарттық жұмыс арқылы жүзеге асты.

Кәсіподақпен қамту көрсеткіші қай аудандарда төмен?

Бағлан Қарашолақов, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы:
– Қазіргі таңда кәсіподақ ұйымы бірнеше бағытта жұмыс істеп келеді. Облысымызда кәсіподақ ұйымдарының құрамы мен мүшелік саны өткен жылдың 1 қарашасына 123 498 адамды құрап отыр. Бұл жерде өткен жылдың қыркүйек айындағы статистикалық мәліметтермен салыстырсақ, облыстағы жалпы жалдамалы жұмыскерлердің кәсіподақ ұйымдарындағы үлесі мынадай болып отыр. Облыс көлеміндегі жұмыспен қамтылған, соның ішінде өз бетімен жұмыспен қамтылған 503 800 адам болса, оның 332 600 адамы жалдамалы жұмыскерлер, облыстағы кәсіподақ мүшелерінің саны 123 498 болса, соның 37% қамтиды.
Ал салалық кәсіподақ ұйымдарының мүшелік саны бойынша барлық 123 498 кәсіподақ мүшесінің 67 020 адамы немесе 54,4% білім және ғылым саласының кәсіподақ мүшелері. 20 402 адам немесе 16,6 % денсаулық сақтау саласының кәсіподақ өкілдері. Мемлекеттік қызмет саласында 7 303 адам, бұл 6%. Мәдениет саласы мен «Казфосфат» ЖШС кәсіпорнында 5765 адамнан немесе 4,7% әрқайсысында кәсіподақ мүшелері бар. Ауыл шаруашылық саласында 2,9% немесе 3621 мүше бар. Қалған 13 344 адам немесе 10,7% басқа да салалық кәсіподақ ұйымдарының мүшелері.
Жалпы облыс көлемінде барлық меншік түрінде жұмыс істеп тұрған 10 818 кәсіпорын болса, оның 5 163-і немесе 47,7 % аудандарда тіркелген. Аудандардағы кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдарымен қамтылуының жоғары көрсеткіші Мойынқұм ауданында, яғни 198 кәсіпорынның 90-ы немесе 45,5 % кәсіподақпен қамтылған. Ең төменгі көрсеткіш Қордай ауданында 6,3%, яғни 1792 кәсіпорынның 131-де кәсіподақ ұйымы бар. Жалпы, аудандардың кәсіподақ ұйымымен қамтылуының орташа көрсеткіші – 27,8%. Тараз қаласында 5 655 кәсіпорын болса, кәсіподақ ұйымымен қамтылу көрсеткіші шамамен 4,2 %-ды, немесе 239 кәсіпорынды құрап отыр. Жалпылай Тараз қаласы мен аудандарды қоса алғанда кәсіподақ ұйымымен қамтылу көрсеткіші – 12,2%.
Бұл көрсеткіштердің төмен болып отырғаны бәрімізге белгілі Тараз қаласындағы 5655 кәсіпорынның басым бөлігі шағын кәсіпорындар, яғни шағын бизнес субъектілері. Шағын бизнес еңбек ұжымы кәсіподақ құруға құлықсыз, меншік иелерінің кәсіподақ басымызға бәле болады, өзімізге қарсы шығып, қолымызды байлайды деген сияқты қалыптасқан стереотипі. Дегенмен облыстық кәсіподақ ұйымдары өз мүмкіндіктерінше аудандық деңгейде де, қалалық деңгейде де атқарушы билікпен әлеуметтік әріптестік аясында бірлесе еңбеккерлердің заңды мүдделерін қорғайтын бастауыш ұйымдарының қатарын көбейтуге, мүмкіндігінше толық қамтуға тырысып, бірқатар жұмыстар атқарып келеді.

ТҮЙІН: Қай қоғамда да, қай мемлекетте де жұмыс күші ауадай қажет. Еңбек күші болмай ешқандай меншік иесі табыс таппайды. Яғни, адамның қолы тимейінше шикізат дайын өнімге айналмайды, үйлер соғылып, көліктер қозғалмайды. Дәл осы тұста жұмыс беруші жұмысшыға тәуелді. Ал еңбек жағдайында әділетті талаптар қою үшін ұжымды біріктіретін күш қажет. Міне, кәсіподақтың салмағы осы кезде білінсе керек. Қалай айтсақ та, кәсіподақ жұмысшылардың бірігіп, өздері шешім қабылдайтын ұйым. Сондықтан кәсіподақ қашанда қажет. Әр жұмысшы өз құқын қорғай білуі керек.

Оралхан ДӘУІТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support