- Advertisement -

Тойхана иесі мен даяшы арасында еңбек шарты неге жасалмайды?

249

- Advertisement -

Жуырда Тараз қаласындағы «Гаухартас» мейрамханасының басшысы Меруерт Лештаева он жыл бойы өзімен бірге қатар еңбек етіп келе жатқан қызметкерлеріне он пәтердің кілтін табыс етті. Бұған дейін ол 32 әріптесіне баспана сыйлапты. Одан бөлек бес жыл жұмыс істеген адамдарға тағатын алтын алқасы тағы бар. Жалпы, мейрамханада 48 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қарап отырып қызығасың. Алайда мейрамхана иелерінің барлығын Меруерт ханым сияқты мәрт деп айта алмайсың. Тіпті қарапайым еңбек шарттарын жасауға құлықсыз қожайындар қаншама? «Сынақ мерзімі» дегенді сылтауратып, екі- үш күннен кейін есігін тарс жабатын кәсіпкерлер туралы да естіп жүрміз. «Ата-анама көмек болсын» деп сабақтан тыс уақытта даяшылыққа келетін студенттердің ақысын жеп жүргендер де жетерлік.

Тойхана төңірегінде тек даяшылар ғана жұмыс істемейді. Әкімшілер, аспаздар, ыдыс жуушылар, күзетшілер, асабалар, әншілер, бишілер, фотографтар, бейнеоператорлар, гардероб пен тазалыққа жауапты жұмысшылар, тіпті осы құрамды тұрақты түрде тасымалдап жүрген такси жүргізушілері дүбірлі думандардың арқасында нәпақасын табуда. Өкініштісі, олардың саны белгілі болғанымен санаты беймәлім. Бейресми жұмыспен қамтылғандықтан, бір күндік табыспен ғана шектелуде.

Ал жұмысшылардың әлеуметтік- медициналық сақтандырылуына, салықтық түсімдер мен зейнетақы жинақтарының толықтырылуына кәсіпорын иелерінің бас ауыртқысы келмейді. Ауызша келісім бойынша атқарған еңбегіне қарай ақысын береді. Болды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Жұмысшылар жазатайым оқиға салдарынан жапа шексе, оған өзі кінәлі болып шығады. Қожайыны қоқаңдап, жалақысын бермей қойса да дәлелдей алмайды. Өйткені екі арада ешқандай заңды келісім жоқ. «Көлеңкелі экономика» да осындайдан туындайды.

Қарапайым халықтың құқығы тапталмас үшін қайтпек керек? Бұл бағытта мейрамхана иелерімен қандай жұмыстар жүргізілуде? Еңбек қатынастары саласында қандай өзгерістер бар? Біз осы сұрақтарды алға тартып, облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ернар Есіркеповпен сұхбаттасқан едік.

– Ернар Серікәліұлы, әңгімеміздің әлқиссасын мейрамхана бизнесінен бастасақ. Рас, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасалуда. Негізсіз тексермеу туралы мораторий жарияланды. Пандемия кезінде салықтық жеңілдіктер де қарастырылды. Бірақ еркіндіктің жөні осы екен деп еңбек қатынастарына енжар қарауға болмайды. Байқап жүргеніміздей, тойхана иелерінің көбі жұмысшылармен заңды келісім жасасуға неге құлықсыз. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Расында да бұл қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі болып тұр. Әсіресе тойханаларда жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында қарапайым ғана еңбек шарттарының жасалмайтындығы жасырын емес. Міне, осы мәселені зерделеу үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биылғы қазан айында өткен әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында тиісті тапсырма берген болатын.

Біз бірінші кезекте тойханалар мен мейрамханалар көп шоғырланған Тараз қаласы мен Қордай, Шу аудандарын пилоттық негізде таңдап алдық. Осы мақсатта жергілікті әкімдіктің, қонақүйлер және мейрамханалар қауымдастығының, жұмыс берушілер, кәсіподақтар бірлестіктерінің өкілдерімен бірлесіп, алқалы жиындар өткіздік. Еңбек инспекторлары жиындармен шектелмей, әрбір тойхананы жеке-жеке аралады. Мыңға тарта кәсіпорын басшыларымен сөйлестік. Азаматтардың бейресми жұмыспен қамтылуы әлеуметтік әділетсіздік екенін барынша түсіндіруге тырыстық. Жұмыс берушілерге жеңіл болсын деп еңбек шарттарының типтік үлгісін де әзірледік. Тек екі тараптың деректерін енгізіп, қол қойса жеткілікті. Бір жарым айдың ішінде атқарған жұмыстарымыз нәтижесіз де емес. Нақты айтар болсақ, 522 жұмыс беруші 973 адамды «көлеңкелі экономикадан» шығарып, еңбек қатынастарын заңдастырды.

Осы жерде біз үш нұсқа ұсындық. Біріншісі – тұрақты жұмыс істейтін адамдармен еңбек шартын жасасу. Біз дайындаған типтік үлгіге сәйкес 916 жұмысшымен осындай келісімге қол қойылды.

Екінші бағыт ақылы қызмет көрсетуге байланысты. Бұл тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы мәміле арқылы жүзеге асады. Мысалы, тойханаларда асабалар мен музыканттар бірер сағат өнер көрсетеді де кетіп қалады. Яғни тікелей еңбек қатынастары жоқ. Ал ақылы қызмет көрсету туралы келісім не береді? Ол азаматтық-құқықтық тұрғыдағы атқарылатын жұмыстарды айқындайды. Орындаушының салықтық төлемі, өнер көрсету барысындағы еңбек қауіпсіздігі сияқты жауапкершіліктің бәрі осы құжатпен реттеледі. Соның арқасында ол да ертең әлеуметтік тұрғыдан қорғалған болып саналады. Дәл осы нұсқа бойынша 57 келісім жасалды.

Үшіншісі – бірыңғай жиынтық төлем. Биылғы айлық есептік көрсеткіш көлемі 2917 теңгені құрайды. Яғни қалалы жерде өзін өзі жұмыспен қамтығандар айына бір рет бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем жасаса болды, әлеуметтік-медициналық сақтандырылуға қол жеткізеді. Ал ауылды жерде тұратындар тіпті айлық есептік көрсеткіштің жартысын ғана төлесе жеткілікті. Бұл мейрамханаларда жұмыс істейтін студенттерге де тиімді. Кәсіпкер болып тіркелмесе де, айына бір рет жиынтық төлемін төлеп тұрса болды. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Kaspi.kz сияқты мобильді қосымшалар арқылы төлеуге мүмкіндік бар. Алайда соңғы нұсқа бойынша әзірге ешкім тіркелген жоқ.

– Мыңға тарта жұмыс берушімен кездескенде, тең жартысы қолдау білдірген екен. Ең бастысы, сең қолғалды. Бұл бағыттағы шаруалар басқа аудандарда да жалғасын таба ма? Жалпы, кәсіпкерлер бұл бастаманы қалай қабылдап жатыр? Жұмысшылармен сөйлесіп көрдіңіздер ме? Олар не дейді?

– Жоғарыда атап өткенімдей, біз жұмысты Тараз қаласы мен Қордай, Шу аудандарында пилоттық негізде бастадық. Енді өзге өңірлерді де қамтитын боламыз. Өз басым жақында Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында жұмыс сапарымен болып, кәсіпкерлермен кездестім. Сол кезде жұмыс берушілердің бұл мәселеге түсіністікпен қарай бастағанын байқадым. Меркі ауданындағы мейрамхана иелері жұмысшылар тарапынан тұрақтылық сақталмайтындығын көтерді. 2-3 күн жұмыс істеп, басқа кәсіпорынға ауысып кететіндер көбейген. «Біз уақытша келген адаммен еңбек шартын жасаса алмаймыз ғой» деп ашығын айтқандар болды. Сонан кейін 100 мың теңге жалақыға келіспейтіндер де жетерлік екен. Бұл енді бәсекелестік орта. Кім жоғары жалақы береді, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасайды, мамандар да солай қарай ойысады. Ол – өмірдің заңдылығы. Сондықтан да қызметкерлердің тұрақтылығы үшін олардың да әл-ауқатын көтеруге көбірек көңіл бөлу керек. Табысы артып, тұрмысы түзелген адам жан-тәнімен жұмыс істейтін болады. Міне, осының бәрі еңбек шартында ескерілсе екі жақ та ұтылмайды.

Басқарманың басты міндеттерінің бірі еңбеккерлердің құқығын қорғау. Сондықтан да жұмысшылармен жиі жүздесеміз. Айлық жалақысын алып тұрғанда бәрі жақсы. Алайда жұмыс беруші мен жұмысшы арасында қандай да бір дау туындағанда кейінгі тарапқа қиын соғады. Өйткені еңбек шарты жоқ. Көп адамдар бұл мәселені түсініп отырғанымен, бір күнмен өмір сүретіндей әсер қалдырады. Айлықтың бір бөлігін зейнетақы қорына аударғаннан гөрі қолда қалса екен деп ойлайды. «Ертең бір мәнісі болар» дейді. Ал кейбір жастар «Біздің өміріміз енді басталды, зейнет жасына жеткенше кім бар, кім жоқ» деген ойда. Болашақтың бүгіннен басталатынын ескермейтіндігіміз қынжылтады.

Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жақында Тараз қаласында орналасқан бір іргелі дүкеннің қызметкерлері бізге шағым айтып келді. Бірқатары пандемия кезінде сырқаттанып, емханаға барса, «Жұмыс берушілеріңіз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудармаған. Кешіріңіз, біз сіздерге қызмет көрсете алмаймыз» деп шығарып салыпты. Енді ұжым арасында жанжал туындап отыр. Көрдіңіз бе, осы оқиға бізге сабақ болуы тиіс. Еңбек шартын жасасуға жұмыс беруші де, жұмыскер де мүдделі болуы тиіс. Сонда екі жақ та ұтылмайды. Оның үстіне Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабында бұл міндеттер тайға таңба басқандай атап көрсетілген.

Біз тек тойханалармен шектеліп жатқан жоқпыз. Кафе, дүкен, шаштараз, көлік жөндеу орталығы сияқты кәсіпкерлік құрылымдарының барлығын қамтудамыз. Әрине, мораторийге сәйкес бизнес өкілдерін мәжбүрлей алмаймыз. Дегенмен мәселені түсіндіру жолымен реттеп жатырмыз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тетіктері аясында әрі үшжақты комиссиялардың нәтижесінде бұл бағыттағы шаруалардың ілгерілеп келе жатқан жайы бар.

– Қазіргі таңда цифрландыру үдерісі қарқынды жүргізілуде. Ал еңбек қатынастары саласына ақпараттық технологиялар енгізіліп жатыр ма?

– Иә, цифрландыру үдерісі өміріміздің өзегіне айналды десек те болады. Осы орайда әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру бағытында да жаңа бастамалар баршылық. Соның негізгісі Е-HR жүйесі деп аталады. Бұл жүйе 2019 жылдан бері пилоттық негізде жүзеге асырылса, былтыр еңбек заңнамасына өзгерістер енгізіліп, бұл жұмыс берушінің тікелей міндетіне айналып отыр. Яғни бұл жүйе жұмыс беруші мен жұмыскердің еңбек қатынастарын жасасу, заңдастыру және ашық ақпараттарға қол жеткізіп, ашық деректер алаңына айналмақ.

Сонымен қатар азаматтардың зейнетақы аударымдары, әлеуметтік-медициналық сақтандырылуы, еңбек өтілі деген сияқты мәліметтер ортақ базаға енгізіледі. Бұл жүйе толыққанды жұмыс істеген уақытта еңбек кітапшасының қажеттілігі болмайды.

Қазіргі таңда облыс бойынша 332 мың жалдамалы жұмыскер бар болса, соның ішінде 220 мыңнан астам адамның еңбек шарттары Е-HR жүйесіне енгізілді. Енді 100 мыңға жуық адам қалып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Пилоттық жүйенің тиімділігі көп. Мысалы, әртүрлі себептермен еңбек қатынастарын үзген жұмыскердің жұмыспен қамту орталығына тіркелуі, мамандығы бойынша бос орындарға конкурстарға қатысуы, еңбек шарттарын электронды форматта қалыптастыруы және т.б. кадрлық құжаттамалардың реттелуі осы жүйе арқылы рәсімделетін болады.

Осылайша уақыт талабына сай ашықтық қағидаларына басымдық берілуде.

«Көш жүре түзеледі» дегендей, жүйенің толыққанды жұмыс істейтін күні алыс емес деп ойлаймын. Өйткені бұл – қазіргі уақыттың талабы. Оның үстіне еңбек қатынастары ең бірінші кезекте азаматтардың өзіне қажет болуы тиіс. Біз соны жете түсінуіміз керек. Осы орайда бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрген әлеуметтік әріптестеріміз облыстық кәсіптік одақтар орталығы мен облыстық жұмыс берушілер одағының да еңбегін айрықша атап өтуіміз керек. Әсіресе әлеуметтік еңбек қатынастары жөніндегі үшжақты комиссиялар арқылы көптеген мәселелер оң шешімін табуда. Біздің мақсатымыз – еңбек заңнамасының бұзылуына байланысты әкімшілік шаралар қабылдау емес, керісінше ахуалды шиеленістірмей, алдын алу. Келіссөздер жүргізу, әлеуметтік жауапкершілік шаралары және татуластыру механиздері арқылы шешу жұмыстары да жанданып келе жатқандығын атап өту қажет.

Оған дәлел келтірер болсақ, жыл басынан бері барлық деңгейдегі үшжақты комиссиялардың 107 комиссия отырыстары өткізілген.

Осы комиссия отырыстарында жыл басынан бері барлығы 155 мәселе қаралып, оның 120-сы бойынша жұмыс беруші мен жұмыскерді татуластыру арқылы шешімін тапқан.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тікелей тапсырмасымен облыста белсенді түрде жұмыскерлердің жалақысын көтеруге бағытталған шаралардың атқарылып жатқандығын атап өткен жөн.

Биылғы жылы әлеуметтік әріптестер мен жергілікті әкімдіктердің бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде 138 кәсіпорын 20511 жұмыскердің жалақысын 12335 теңгеге немесе 14 пайызға көтеріп отыр.

Еңбек қатынастары саласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, алдағы жоспарларымыз одан да жоғары.

Осы сәтті пайдалана отырып, облыстың барлық жұмыс берушілерін жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға және әлеуметтік тұрғыда барынша қолдауға шақырамын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support