- Advertisement -

Әкімдер қазына қаржысын толық игеруге уәде берді

65

- Advertisement -

Әлемді алаңдатқан індеттің облыста беті қайтып, тұрақтанды. Бірақ арқаны кеңге салуға әлі ерте. Онымен күрес әлі тоқтаған жоқ. Ара-тұра болса да індеттің жаңа түрі өзге елдерде белгі беріп қалып жатады. Оған біз әрдайым дайын болуымыз керек. Осы мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте қаралды. Сонымен қатар жиында облыстық бюджеттің игерілуі сөз болды.

Алдымен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, індетке қарсы жүргізілген шаралардың арқасында аурудың беті қайтқан. Соңғы тәулікте бір ғана науқас тіркелсе, аптада бес адамнан, бір айда 27 адамнан ауру белгілері анықталған. Медицина саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында індеттің беті 49 пайызға төмендеген. Ал екпе егудің бірінші кезеңі толық аяқталса, екінші кезеңі 88 пайызға орындалған. «Файзер» екпесін алғандар 8,5 пайызға жеткен. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Вакцина егу облыста 45 арнайы пунктте жүзеге асырылуда. Оның 29-ы аудандарда орналасқан.

Екпе егуде орын алып отырған кемшіліктер де жоқ емес. Сонымен қатар санитарлық талаптардың тойханалар мен тамақтану орындарында, шекара бекеттерінде сақталмай отырғаны сөз болды. Ал Талас, Шу, Байзақ аудандары мен Тараз қаласында екпе егу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқаны сынға алынды.

– Біз көріп, біліп отырмыз. Тойханаларда тойдың, кейбір кештердің қалай өтіп жатқанынан хабарымыз бар. «Ашық» бойынша тамақтану орындарына кіру әлі күнге көзбояушылықпен жүргізіліп келеді. Бұл жерде мобильдік топ жұмыс жүргізуі керек. Алда жаңа жыл келе жатыр. Тойханалар мен тамақтану орындары тапсырыстар қабылдап қойды. Талап 50 пайыз болатын болса, сол талаптың орындалуын тиісті топтар бақылауға алғаны жөн. Біз аурудың жаңа толқынына сақтық шараларын сақтай отырып, қарсы тұра аламыз, – деді Бердібек Машбекұлы.

Осы бойынша сақтық шарасын күшейтуді басқармалар мен департамент басшыларына, қала және аудан әкімдеріне тапсырды.

Аппарат кеңесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қаңтар-желтоқсан айларының болжамы және бюджеттің игерілуі туралы мәселе де қаралды. Ол бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталуда. Атап айтсақ, өткен 11 айдың қорытындысымен экономикалық өсім 105,6 пайызды құраған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 104,5, өңдеу өнеркәсібі – 102,6 пайыз болса, ауыл шаруашылығында нақты көлем индексі – 102 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 107,7 пайызды, ал құрылыс көлемі 165,3 миллиард теңгені құрап, 110,2 пайызға жеткен. Осы сияқты басқа салаларда да жетістіктер бар.

«Бүгінгі таңда облысымыз республикада бірінші үштікте орналасқан. Осы көрсеткішті сақтап қалу үшін қаржы игерілуін бақылауда ұстап келеміз. Дегенмен, 11 ай қорытындысына қарайтын болсақ, 12 көрсеткіш бойынша 8 аудан төмен тартып тұр», – деді басқарма басшысы.

«Осыған дейінгі аппарат кеңесінде берілген тапсырмалар орындалуы керек. Он бір айдың қорытындысын қарап отырсам, Мойынқұм ауданы 3 көрсеткіш бойынша төмен тартып тұр. Мұның орындалуы қалай болады. Жыл соңына бюджет қаржысы қаншаға игеріледі?», – деді Бердібек Машбекұлы.

Аппарат кеңесіне онлайн режімде қатысқан Мойынқұм ауданынан бастап барлық аудан әкімдері және Тараз қаласының әкімі аталған көрсеткіштермен қатар бюджет қаржысын бірауыздан 99,9 пайызға орындайтындықтарын жеткізді. Сол сияқты басқарма мен департамент басшылары да қаржыны жыл соңына дейін игеруге уәде етті.

– Біздің көрсеткішіміз республика көрсеткішінен төмен болмауға тиіс. Бюджет қаржысы 99,9 пайызға игерілуі керек. Мұғалімдердің, басқа сала қызметкерлерінің еңбек жалақысы жыл соңына дейін толық берілуі қажет. Барлық әкімдер бюджет қаржысын 99,9 пайызға игереміз деп уәде берді. Жыл соңына қарай барлық аудандарды аралап, аудан активімен кездесіп жүргенім бекер емес. Біз алдымен барлық көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз етуіміз керек, – дей келіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тиісті басқарма мен департамент, қала және аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support