- Advertisement -

«Жырлайды елдің бақытын, Тәуелсіз елдің ақыны»

307

- Advertisement -

Еліміз үшін еркіндіктен асқан байлық жоқ. Тәуелсіздік – тәу етер құндылығымыз. Биыл ел Тәуелсіздігінің отыз жылдық мерейтойын бар сән-салтанатымен атап өттік. Айтулы мереке аясындағы іс-шаралар легі өңірде әлі де жалғасын табуда. Міне, күні кеше ғана Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Қордай жерінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жырлайды елдің бақытын, Тәуелсіз елдің ақыны» атты облыстық ақындар айтысы өтті.

Өңірдегі ең үздік 12 айтыскер ақын қатысқан жыр додасын Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай ашып, Тәуелсіздіктің мағынасын терең толғап, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Мұнан соң Қордайдың ән бұлбұлы Қарлығаш Қожағазина «Әгугай» әнімен сахнадан шашу шашты. Қазылар алқасына айтыс ақындары мен термешілер одағы облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, облыстық «Ar-Аi» жастар газетінің бас редакторы Біржан Сартбек мүше болып, қара қылды қақ жарды.

Айтыстың алғашқы жұбында таластық Есет Досалы мен Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов сөз сайыстырды. Бұл айтыста Есет сөз бастап: «Аңырақай шайқасы өткен бұл далада, қастерлі Хан Кененің ізі қалған» де се, Нұрлыбек: «Қордайым қасиетті мекен екен, облыс боп кетуге сәл — ақ қалған» деп сауатты жыр толғады. Екінші жұпта тараздық Шапағат Әбдір мен жуалылық Дидар Апбасов айтысты. Дидардың:

«Тәуелсіздік тойында бір қызға, тәуелді боп қалатын кезің келді» дегеніне Шапағат:

«Мен қалай бойдақ болып жүре алмаймын,

Байлық үшін қыз таңдаса кәрі шалды.

Қазақтың қасиетті аруларын,

Негр алды немесе кәріс алды.

Бір қызға сөзді салып жүруші едім,

Оны да бұл Дидардың танысы алды», – деп әдемі жауап берді. Шулық Әділет Медетқұл мен байзақтық Ернұр Бейсеновтың айтысын да көрермен жылы қабылдады. Тағы да Шудан келген айтыскер Бақытбек Жұмабеков пен байзақтық Дархан Әбдіманаттың айтысы да сәтті шықты. Қордайдың күйеу баласы, Жамбыл ауданының ақыны Айтмұханбет Исақов пен айтыстың бұлбұлы, байзақтық Алтынкүл Қасымбекова қызықты айтыс жасады. Қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен мойынқұмдық Ғабит Есдәулетов осы айтыстың нағыз көркіне айналды.

Жыр додасының финалына шыққан үш айтыскер Н.Құрманов, Ш. Әбдір және Д. Әбдіманат Құлманбет айтысын жасады. Әділ қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды тараздық айтыскер ақын, әріптесіміз Шапағат Әбдір иеленді. Екінші орын Д.Әбдіманатқа бұйырса, үшінші орынға Н.Құрманов табан тіреді. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Осылайша, Қордай жері жырға бөленді.

Марат Құлибаев,

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support