- Advertisement -

Ешкім көмексіз қалмайды

85

- Advertisement -

Өткен аптада орын алған қатты дауыл салдарынан Байзақ ауданында бірнеше үй, мектеп пен балабақша ғимараттарының шатыр жабындыларын дауыл ұшырып кеткен болатын. Байзақ ауылында бір үйдің шатырымен қоса қабырғалары құлап, екінші үйдің төбесі ортасына опырылып, бір-ақ түскен. Ал Диқан елді мекенінде бір үй отқа оранып, үй егелерінің көз алдында жанып кеткен. Қазіргі таңда ауданда орын алған осы төтенше жағдайлардың зардабын жою бағытында істеліп жатқан жұмыс барысымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барып, танысып қайтты.

Облыс әкімі қатты желден баспанасы құлап қалған Байзақ ауылының тұрғыны Рауан Бейсенбекұлының үйінде болды. Үй егесі шаңырағын пенаблоктан тұрғызып, жақында ғана баспанасына кіргендегі қуанышының ұзаққа созылмай, бір сәтте далада қалғанын күйзеліспен жеткізді. Аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы: «Үй өзінен-өзі бұлай шашылып, құлап қалмаса керек-ті. Мүмкін, құрылысында кемшілік болды ма? Не себептен құлады үй?» – деп сұраған.
Баспана егесі Рауан Бейсенбекұлы осыдан үш ай бұрын болған жарылыста үйге қатты зақым келгенін, бірақ оған қарамастан баспанасын қайта жөндеп алып тұра бергенін айтты. Қазіргі таңда ол отбасымен әкесінің үйін уақытша паналап отыр.
Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов ауыл болып асарлатып қабырғасын тұрғызып жатқанын айта келіп, облыс әкімінен үйдің төбесі мен шатырын жабуға көмек беруін сұрады. Ауыл ақсақалдары да қолдан келгенше көмек көрсетіп жатқандарын айтып қалды.

– Ауыл болып ортадан қаржы шығарып, қабырғасын қайта қалап, тұрғызып жатқандарыңыз құптарлық іс. Жалпы асарлатып үй салу ол салтымызда бар дәстүр. Өткен жылы оны қайта жаңғыртып, баспанаға мұқтаж отбасыларға сыйладық. Онда да өздеріңіз сияқты ауыл тұрғындары үлкен қолдау көрсетті. Бұл үрдісті іліп алып кетіп, бүгін мына жас отбасына қарайласып, сол дәстүрді жандандырып жатқан сіздерге де көп рақмет. Біз де аянып қалмаймыз. Демеушілерді тартып, қолдан келгенше көмек беретін боламыз. Қазіргі таңда қираған үйлерді тездетіп қалпына келтіруіміз керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, іргелеріңіздегі жарылыс салдарынан қатты бүлінген Қайнар ауылындағы тұрғын үйлерді екі-үш айда қалай қалпына келтірсек, мұны да екі-үш аптада бітіруге тиіспіз. Біздің тарапымыздан барлық көмек жасалады, – деді аймақ басшысы.
Осыдан кейін облыс әкімі осы ауылдағы шатыры опырылып ортасына түскен Нұрғазы Жолановтың үйін көрді. Үш баласымен туыстарын паналап отырған жас отбасыға көмек берілетін болды. Нұрғазы арнайы келіп, қираған үйін көріп, көмек қолын созған облыс әкіміне қолдауы үшін шын алғысын жеткізіп, рақмет айтты.
Келесі кезекте облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Базарбай ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектепте болды. Мектептің бір оқу корпусының шатыр жабындысы толық ұшып кеткен. Түтін мұржасы да қоса құлап кеткендіктен, оқу процесі онлайнға көшіріліпті. Мектеп директоры Ақмарал Қаржауованың айтуынша, мұнда 188 бала білім алуда.
Білім нысанының шатырын қайта қалпына келтіру жұмысын «Бақ Индустрия» ЖШС қолға алыпты. Серіктестік өкілі Бақтияр Тоғайбаев ғимарат шатырын құрылыс жұмыстарының талабын сақтай отырып бір-екі аптада жауып бермек. Сонымен қатар бұл серіктестік осыған ұқсас Көктал ауылындағы Амангелді атындағы орта мектеп пен «Айшуақ» балабақшасының да шатыр жабындыларын ауыстыруда. Осыған тағы ұқсас жағдай Жақаш ауылындағы Ағаділ Суханбаев атындағы орта мектепте де орын алыпты. Мұнда оқу процесі тоқтатылмаған, шатырын жабу жауапты мердігерге жүктеліпті.
Бердібек Машбекұлы Жібек жолы ауылында соғылып жатқан 150 орындық жаңа мектептің құрылысында көре кетті. Құрылыста қарқын бар. Қазіргі таңда ғимараттың екінші қабатының плита жабыны жабылуда. Ал бірінші қабатта терезелер қойылып жатыр. Құрылыс бригадасының прорабы Ғалымжан Тойбаевтың айтуынша, ғимарат құрылысының 80 пайызы аяқталған. Плиталарын орналастырғаннан кейін шатырын жауып, әрлеу жұмыстарына кіріспек.
Сапар соңында облыс әкімі қатты жел күні баспанасы отқа оранып, өртеніп кеткен Айдар Айтмахановтың шаңырағында болды. Еңселі үйдің қыш қабырғасынан өзгесі түгел жанып кетіпті.
– Бәрі көз алдымызда болды. Үш балам, жұбайым, өзім ештеңе істей алмай қалдық. Дүние-мүлік бәрі бір сәтте отқа оранды. Жұбайымның аяғы ауыр еді, сол қатты күйзеліп қалды. Баспанамды қайта қалпына келтіру үшін ел-жұрттан көмек сұрап отырмын, – деді Айдар.
Оның жағдайымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «үйді қалпына келтіруге көмектесеміз. Қыш кірпіш ертең қар, жауын жауса езіліп, ағып кетуі мүмкін. Күн суытпай бірінші кезекте төбесін жауып алу керек. Қалған жұмыстарды шатыр жабыны жабылған соң жалғастыруға болады», – деді.
Сапар соңында Бердібек Машбекұлы аудан басшылығына барлық нысанға арнайы бригада қойып, ең алдымен ауа райы бұзылмай тұрғанда шатыр жабынын жауып алып, қалған жұмысты одан кейін атқаруды тапсырды.

Марат Құлибаев,

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support