- Advertisement -

Көрген-баққан

114

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Өтірікке ескерткіш қойсақ қай қалаға орнатар екенбіз?..

***

Осы немеге «Ей, аспандама, аяғыңның астында қара жер бар» – деп айтатын біреу табылмады- ау!

***

80 жылдардың аяқ шенінде іссапармен Нүкіске бардым. «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісімін. Мақсатым газетке оқырман тарту. Қарақалпақ ағайындар сырғыма сөз айтып, шаруам созыла берді. Арада екі-үш күн өткенде соңымнан «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы, көрнекті жазушы Ахат Жақсыбаев та жетті. Ол да осындай оймен келген. Не істеу керек?

Өзара ақылдасып Қарақалпақ Автономиясының басшысы Кәкімбек аға Салықовқа кірейік дестік.

– Ағамыз тұрғанда кімге қол жаямыз. Кеттік, ендеше! – деп жөнеп берейік.

Бірден қабылдады. Алғашқы жүздесуім. Ақ шашты, қоладан құйғандай көрікті азамат екен.

– Хош келдіңдер. Қазір менде партия конференциясы. Асығыс отырмын. Сіздердің шаруаларыңызды жігіттерге тапсырамын, – деп екі-үш түймені басып, қысқа-қысқа нұсқау берді.

Алдына жақын отырып қалсам керек. Шимайланған көп қағазға көзім түсті. Төгіліп түскен өлең жолдары. Таңсық көрініс. Бір республиканың білдей бір басшысы партия конференциясының алдында өлең емес, баяндама жазып отырар еді. Жастықтың әсері шығар: – Аға, өлең жазып отырсыз ба? – деп қалдым. «Тыныш отыр» дегендей тәртіпшіл Ахаң тіземді шымшыды.

Кәкімбек аға бас изеп, жарқ етіп күліп жіберді.

Қош айтысып, есік көзіне шықсақ керіскедей екі ақ «Волга» Ахаң екеумізді тосып тұрыпты. Шаруамыз зыр қағып жүре берді. Қонақасы, құрмет, қомпылдақ сөз… Бәрі Кәкемнің арқасы!

Аса жауапты шаруаның алдында жанын өлең қысып, ақ қағазға ағыл-тегіл ақтарылып отырған аяулы ақын бейнесі әлі күнге көз алдымда.

Үлкен тұлға, алымды ақын, серілердің соңғы тұяғының бірі еді. Иманы салауат болғай!

***

Берлинде Мұстафа Шоқайдың зиратына тәу етіп тұрып, ойдан ой қудым.

Өткен ғасырдың аяқ шенінде қырғыздар Манастың 1000 жылдық тойын өткізді. Бішкек пен Алматыда ғылыми конференция, ал Талас жерінде салтанат басталды. Алыс- жақыннан қонақтар ағылды. Соның бірі – кезінде «Түркістан легионында» болған, Мұстафа ағаның оң қолының бірі Азамат Алтай деген қырғыз қария. Мюнхенде тұратын көрінеді. Асқар Ақаев бастаған басшылар Азамат Алтайды ұлттық батыр есебінде қарсы алысты. Газет, телевидение, кездесулер… Астына ақ тұлпар мінгізілді.

Бұған шыдамаған соғыс көрген қырғыз шалдары дүрк көтерілді.

– Азамат бізді сатып кеткен. Фашистердің сапында бізге қарсы соғысып, оқ атқан. Күні кешеге дейін оны «сатқын» деп келдіңдер. Ол батыр, ардақты екен, ендеше бізді жау тұтыңдар. Отанымызды қорғап қалған біз «сатқын» атанайық, десін.

Айтса құлаққа қонады.

Құдайға шүкір, Шоқай ақталды. Жазған еңбектері ел мұрасына айналды. Көше атауы беріліп, ескерткіштер қойылды. Кино түсіріліп, спектакль ойналып жатыр.

Ал, Мұстафа ағаның қарауында, жанында болғандар ше? Мәселен, Әлихан Ағаев, Қарыс Қанатбай, Мәулікеш Қайбалдиев, Хамза Абдуллин т.б. неге «сатқын» таңбасымен қалуға тиіс?

Екі адамға бір мылтықпен басталған соғыстың күнәһары олар емес қой. Оларды ұлттық батыр демей-ақ қояйық, қазақтың бір қапияда көз жұмған ұлдары еді, десек жетіп жатқан жоқ па?..

***

Тең дәрежеде тірлік кешкен, астамдығы жоқ, араша түсері көп, болашақтың үміт сәулесі сығалап тұрған бақытты елде туып, ұры-қары жайлаған, алаяқтығы асқынған, жері мен елі түгел сатылған, қарызға батқан бейшара елде өлетініме өкінемін.

***

Ұзақбай Доспамбетов жақсы жазушы, адал да аңқау азамат. Бір күні таңертең Жазушылар одағының есігі алдында кездестік. Екеумізде сол мекеменің қызметкеріміз ғой. Дәл алдымызда Бас пошта. Оның ұшар басында өте үлкен сағат бар. Әр таяқшасы (стрелка) құрығанда бір метр болар. Уақытты ың-шыңсыз дәл көрсететін.

Бір кезде Ұзекем: – Ананы қара. Сағаттың таяқшалары жоқ. Жым-жылас, – десін. Қарасам шынында да солай.

– Ойбай, Ұзеке естімеп пе едіңіз, – дедім ағаны әзілдегім кеп кетіп.

– Нені?

– Бүгін түнде Алматыда үлкен ұрлық болғанын. Ұрылар сағаттың таяқшасын жымқырып кетіпті. Бақс  ат аяқшаның өзегінде білектей-білектей сом алтын бар екен. Әйтпесе сағат жүрмейтін көрінеді.

– Ой, сұмдық-ай! Ол иттер оны қайдан білген?

– Ұзеке-ау, олардың білмейтіні жер астында ғой.

Соны айттым да ішке кіріп кеттім. Әйтпесе күліп, өтірігімді білдіріп алам ба деп.

Түскі асқа шықсам есік көзінде 10-15 ақын-жазушы білектей-білектей алтын ұрланғандығы жайлы әңгімені желдей естіріп тұр.

– Есіттің бе? – дейді біреуі маған – Осы түнде…

– Хабардармын. Баукеспелер ұсталыпты, – дедім өз өтірігімді өзім су сеуіп өшіріп.

Әй, ақ көйлек Ұзекем. Елдің бәріне жайған ғой.

***

«Мұқым салған ән» алғашқы жазған әңгімелерімнің бірі еді. Оқиға есі кіресілі-шығасылы жігіттің атынан баяндалады. Жезде сі мен апасына қой бағыс ады. Ауру болс а да көкейінде сауал көп.

– Бір отар қойды қаланың көпқабатты үйлеріне қамаса, қаншасы сияр екен? – дейді.

– Жездем мен апам жылда кеңшар қозысының 20-30-ын есептен жасырып қалады. Оны зоотехникке айтып қойып ем, екеулеп мені сабады. Сонда кім жарым, жарты ақыл? Қулық- сұмдық сауған олар ма, әлде мына мен бе? – дейді.

– Қаладағы қалқатайлар бар жақсыны сендер киіп, бар тәттіні сендер жеңдерші. Біз пақырға осы шоқпыт киім мен сүйек-саяқ та жарайды, – дейді.

Әңгімемді «Мәдениет және тұрмыс» журналындағы үлкен жазушы Өтебай аға Қанахинге алып бардым. Талай шығармаларын оқығанмен алғаш жүздесуім.

Арада екі-үш ай өткенде сырт хабар жетті.

– Жап-жас бір жақсы жазушы шығыпты. Қаламы өткір. Көкірек көзі ашық. Болашағынан үмітім зор, – деп Өтебай ағаң сені жер- көкке тигізбей отыр, – деген. Е, әңгімем жарық көретін болды ғой деп қуандым. Ол кезде журнал тиражы жарты миллионға жуық.

Жарты жыл, бір жыл өтті, әңгімем жоқ. Үмітім үзіле бастағанда көшеде Өтағамды көрейін.

– Молодец! – деді арқамнан қағып. – Бірақ әңгімеңді жариялай алмаймыз.

Аң-таңмын. Ол кезде түсінген жоқпын. Ал, қазір түсінемін…

***

Бейбарыс сұлтанның, Жәңгірханмен Фатима тоташтың, Мұстафа Шоқай мен Әміре Қашаубаевтың, Темірбек Жүргенов пен Ғабит Мүсіреповтың сахналық бейнесін қазақта алғашқы боп сомдап, пьеса жаздым. Аруақтары риза болғай!

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support