- Advertisement -

Теңге тең деген мағынаны білдіреді

178

- Advertisement -

Ұлттық валюта – кез келген егемен елдің басты нышандарының бірі. Бұл – елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, шаруашылықты жүргізу және басқарудың негізгі құралы. КСРО күйрегеннен кейін бұрынғы посткеңестік мемлекеттер біртіндеп өздерінің ұлттық валюталарын енгізе бастады. Қазақстан сол кезде қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты біраз уақыт рубль аймағында қалды. Еліміз біртұтас экономикалық кеңістік тінінің сөгілуінен болатын жағымсыз әсерді азайту үшін рубльден бас тартпады. Алайда 1993 жылы Ресей Федерациясы Қазақстанды рубль аймағынан шығарғанын мәлімдеді. Соның салдарынан еліміз өз ақшасын шығарғанша Ресейдің рублін уақытша сатып алуға мәжбүр болды.

Қазақстан басшылығы бұл шаруаның көп ұзамай тығырыққа тірейтінін түсініп, 1992 жылы өз валютасын шығару үшін құпия шаралар қабылдады. Жаңа ақша шығару туралы келісімшарт британдық «Харрисон» фирмасымен жасалды. Кезінде Ұлыбритания фунт стерлингін алты жылда, Германия маркасын екі жылда жасаса, біздің банкнотымыз шебер ұйымдастырудың, үлкен еңбектің нәтижесінде өте жоғары сапамен, небәрі алты айдан астам уақытта басылып, елімізге жеткізілді.Төл теңгеміз сапасы мен дизайны жағынан әлемдік деңгейде алғашқы ондықтың ішіне кірді. Банкноттарымыздың сапасының жоғарылығы, дизайны үшін теңгемізді басып шығарған «Харрисон және оның ұлдары» фирмасына Ұлыбритания патшайымының «Алтын белгісі» табысталды.
Төл теңгемізді әзірлеп, оның халық игілігіне айналғанына дейін қыруар жұмыс атқарылды. Суретші – дизайнер Хайролла Ғабжалелов ақшамыздың шығуына үлкен еңбек сіңірген мамандардың бірі.Ұлттық банкпен келісімшартқа отырған Қазақстан дизайн орталығының бас директоры Хайролла Ғабжалелов пен суретші Меңдібай Әлин 1,3,5,10,20,50 және 100 теңгенің дизайнын жасап шығарады.Алғашқы теңгелердің дизайнында Шығыстың ұлы ғұламасы, әлемнің «екінші ұстазы» атанған әл-Фараби бейнеленуі – еліміздің беделін асқақтата түсті.Тәуелсіз еліміздің азаматтары теңгенің шығуын ұзақ күтті. Ол алғаш қолға тиген кезде қандастарымыздың қуанышында шек болмады.Ұлттық валютамызды қалай атау жөнінде Мемлекет басшылары мен оны жасаушылар арасында үлкен талқылау болды. Ақыры олар ұлтымызда ежелден аталып келе жатқан осы атауға тоқталады. Теңге – тең деген мағынаны білдіреді.
Сол кезде Қазақстанның егемен ел болғанын қаламайтын, көре алмайтындар жоқ емес еді.Теңге тиелген ұшақтарға қастандық жасалмайды деп ешкім айта алмайды. Елбасы бірде теледидарда берген сұхбатында ұшаққа тиейтін кезде теңге салынған қораптардың сыртына «төлқұжат» деп жазуға тура келгенін айтқан болатын.Міне, осындай көрегенділіктің нәтижесінде теңге ел игілігіне айналды. Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңгенің жасалу тарихы Елбасының 1993 жылғы 12 қарашадағы №1399 «Қазақстан Республикасында Ұлттық валютаны енгізу туралы» Жарлығымен басталды.1993 жылы 15 қарашада құжатқа сәйкес елде Ұлттық валюта – теңге енгізілді. Мұның өзі тәуелсіз Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа деңгейінің негізі болды.Теңгенің айналымы елімізге ұлттық нарықтық экономиканы құру үшін қажетті алғашқы қадамдарды жасауға мүмкіндік берді.
Теңгенің сапасы жоғары. Сондықтан оны қолдан жасау қиын.Оның 18 қауіпсіздік деңгейі бар. Бұл – сутамғы белгілері, қауіпсіздік жіптері, айқын және қайталанатын жасырын белгілер, кішкентай жазулар және басқалар. Ол – әлемдегі ең қауіпсіз ұлттық валюталардың бірі. Ұлттық банк банкноттармен және монеталармен бірге инвестициялық, коллекциялық монеталарды шығарады. Инвестициялық монеталар бағалы металдардан: алтын және күмістен жасалған. Олар шектеулі мөлшерде шығарылады. Олар төлем құралы болғанмен негізгі мақсаты – мәдени, білім беру және инвестициялар. Еліміздің монеталары мен банкноттары халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болды.

Ақылжан Мамыт

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support