- Advertisement -

«Жағдай түзелмейтін болса, қатаң шара қолданамын»

43

- Advertisement -

Қазір барлық өңірдегі эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Індет өршіп, ахуал күрделене түсті. Өңірімізде соңғы аптада коронавирус жұқтырып, төсек тартып, ауруханаға түскендер көбейген. Ал өткен тәуліктің өзінде 191 адамнан ауру анықталған. Репродуктивті көрсеткіштерді есептеу деректері Тараз қаласы мен Шу, Қордай аудандарында науқастар саны артқанын көрсетіп отыр. Екпе салғызғандардың бейресми есебіне көз жүгіртсек, тура осы екі аудан мен шаһардың көрсеткіші төмен.

Мәселен, Тараз қаласының өзінде вакцина алғандардың апталық көрсеткіші бір пайызға ғана алға жылжу байқалады. Екі аудандағы статистика 3 пайызға өскен. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен КВИ-дың алдын алу жөніндегі кеңес отырысында айтылды.

– Осыдан бір апта бұрын өткен штаб отырысында орынбасарларыма, қала мен аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына науқастардың санын азайтудың бірден-бір жолы – жаппай вакцинациялауды жеделдетіп, мобильдік топтардың жұмысын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырмалар берген болатынмын. Бірақ өкінішке қарай, айтылған сөз айтылған жерде қалған. Жұмыстың нәтижесі нашар. Берілген тапсырмалар толығымен орындалмаған, – деген Бердібек Машбекұлы жауаптыларды сынға алды.

Індетті ауыздықтаудың бірден-бір жолы – тұрғындарды жаппай вакцинациялау екенін мамандар ескертіп бағуда. Сонда ғана қоғамдық иммунитетті қалыптастыра алатынымыз айтылып та, жазылып та жатыр. Алайда көпшілік оған селт етер емес. Бұл нені көрсетеді? Штаб отырысында белгілі болғандай, осы бағытта жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының төмен екендігін айғақтайды. Жалпы облыс бойынша вакцинациямен қамту 58,8 пайызды құрап отыр. Тұрғындарды екпемен қамту Тараз қаласында – 48,9, аудандар бойынша 65,7 пайызды құрайды.

Соңғы кезде елді той-томалақ жасауға тоқтам салады деп сенген мониторингтік топтардың да күмәнді әрекеттері туралы көп айтылып жүр. Мәселен, Шу, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарының мониторингтік топтары бірде-бір бұзушылықты анықтай алмаған. Әлде, көрсе де, көрмегендей болып жүр ме?

Негізі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бағытында облыс орталығында да, аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда вирус жұқпалы, сәл ғана қателікті кешірмейді. Санитарлық талаптар сақталмаса, індеттің таралуын тежеу мүмкін болмай қалады. Қазіргі күн сайынғы көңілге үрей ұялатар көрсеткіштер – кешегі жүгенсіздіктердің нәтижесі. Міне, қазір шектеулерді қайта қатаңдатқанмен, ауру бәсеңсімей тұрғаны да, содан. Бір ғана Тараз қаласында өткен тәулікте КВИ-дің 85 жағдайы тіркелуі – көпшілікті ойлантса керек.

– Тамыз айының соңғы он күндігіндегі дерек бойынша вирус жұқтыру біршама азайған деуге болады. Талдау нәтижесіне сүйенсек, ауырғандардың басым бөлігі жұмыссыздар мен зейнеткерлер. 4 инфекциялық стационарда 1133 науқас ем қабылдауда. Бүгінде Тараз қаласы бойынша вакцина алғандар саны 146 357 адамға жетті, яғни 61,1 пайызға жетіп отыр, – деген қала әкімі Ержан Жылқыбаев мекен-жай бойынша үйлерді аралап, базаға енбей қалған немесе өзге өңірлерден вакцина қабылдап келген адамдардың тізімін жаңартқанын тілге тиек етті.

Мұндағы бір мәселе әрбір адам қай облыста жүрсе де сол жерден екпе салғызуына болады. Бірақ бұл есеп сол өңірдің екпе салғызғандар көрсеткішіне еніп кетеді. Іссапарға шығып немесе жұмыс жағдайына байланысты басқа қалаларда жүрген біздің өңірдің 19230 азаматының есепке енбей қалғаны да содан. Сала мамандарының айтуынша, бұл бағытта қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.

Тағы бір мәселе – «Ashyq» қосымшасына қатысты. Бүгінде Тараз қаласы бойынша жұмыс істеп тұрған 456 нысанда осы қосымша арқылы «қызыл» түс белгіленген ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен 50 адам, науқас адаммен байланыста болған «сары» түстегі 74 адам анықталған. Ержан Жұматұлының айтуынша, бұл азаматтарға 30 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 1,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

Жалпы мұндай жағдай Тараз қаласында ғана емес аудандарда да орын алып отырғаны белгілі болды. Мәселен облыс бойынша «қызыл» түспен 500-ден аса, ал «сары» түспен 300-ден астам адамның тіркелуі – осы сөзіміздің дәлелі.

– Берілген тапсырманы уақтылы орындау керек. Ол үшін қатаң қадағалау қажет. Сылтауды қойыңыздар. Бүгінгі айтылған мәселелерді орындап, нәтиже шығарыңыздар. Тараз қаласының және Қордай, Шу аудандарының әкімдеріне ескертемін, егер осы аптаның соңына дейін жағдай түзелмейтін болса, қатаң шара қолданатын боламын. Орынбасарым Алмас Өскенбайұлына осы бағытта жұмысты ширатуды тапсырамын. Мобильді топтардың жұмысын күшейтіп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілсін. Жұмыс жоқ емес бар, бірақ кейбір аудандарда сылбыр жүруде, – деген Бердібек Машбекұлы аудан әкімдеріне берілген тапсырманы 1 қыркүйекке дейін толығымен орындау туралы қатаң ескертті.

Сондай-ақ штаб отырысына онлайн байланысқа қосылған аудан әкімдері, ауылдық округ әкімдері мен емхана басшылары облыс әкімінің кейбір сұрақтарына жауап бере алмай тосылды. Барлығы «жұмысты жүргіземізден» әрі аспады. Жиында оларға бірқатар тапсырмалар жүктелді.

 Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support