Медициналық қызмет жақсарса, әлеуметтік көңіл-күй тұрақталады

Медициналық қызмет жақсарса, әлеуметтік көңіл-күй тұрақталады
ашық дереккөз
Медициналық қызмет жақсарса, әлеуметтік көңіл-күй тұрақталады
Тәуелсіздігімізді алған 30 жыл ішінде өңірдің денсаулық сақтау саласында көптеген өзгерістер болды. Бұған осы кезеңде облыстық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемінің өскенінің өзі дәлел. Мысалы салаға 1991 жылы 500 миллион теңге бөлінсе, биылғы бөлінген қаражат көлемі – 85,3 миллиард теңгені құрап отыр. 30 жылда 170,6 есе өскен. Ел дамуының тағы бір айқын көрсеткіші болатын айқын айғақ – демографиялық жағдайдың жақсаруы. Себебі, халықтың әл-ахуалы тұрақтанғанда ғана табиғи өсім артады. Азаматтардың ертеңге деген сенімі нығайса, болашаққа жоспар құра бастайды. Сөзімізді нақтылай түсу үшін бір ғана өңіріміздегі статистикаға жүгінсек. Егер 1991 жылы 1000 тұрғынға шаққандағы туу коэффициенті 23,7 пайыз болса, 2020 жылы 25,2 пайыз туу коэффициентімен 27 мыңнан астам нәресте тірі туылды. Сонда табиғи өсім 1000 тұрғынға шаққанда 16,95 құрады. Ал енді табиғи өсімге ықпал еткен экономикалық факторларға тоқтала кетсек. Бұл ретте ең негізгі мәселе – ана мен сәбидің амандығы, олардың денсаулықтарын сақтау бағытында атқарылған жұмыстардың жүйелі жүруіне байланысты десек, артық айтқандық емес. Балалардың бақытты балалық шағын қорғау алдымен осыдан басталады. Дені сау ұрпақтың болашағы жарқын. Міне, сондықтан, соңғы жылдары өңірімізде ашылған бірнеше балалар денсаулық сақтау нысандары – осы міндеттеменің мінсіз жүзеге асырылғандығының дәлелі. Облыстық жұқпалы балалар ауруханасы, салмағы 500 грамм немесе одан жоғары салмағы бар жаңа туған нәрестелерді күту мүмкіндігі бар 2 перинаталдық орталық, «Ана мен баланы аялау» облыстық оңалту орталығы, облыстық балалар ауруханасы, №1 қалалық балалар ауруханасы. 2020 жылдан бастап өңірлік көпсалалы балалар ауруханасы жанында 120 орындық балалар ортопедия/травматология, нейрохирургия және неврология бойынша облыстың балаларына емдеу-сауықтыру және оңалту шараларын көрсету бойынша медициналық оңалту бөлімшесі жұмыс істей бастады. Әйелдердің жүктілігінің алғашқы кезеңінде туа біткен патологияны және ұрықтың даму ақауларын анықтау үшін перенатальды, кішкентай балалардағы отоакустикалық эмиссияны тіркеу әдісімен аудиологиялық скрининг әдістері енгізілді. Бұл – аналардың денсаулығын қорғау бағытындағы жоспарлы іс-шаралардың жиынтығы. Тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйінің жақсаруына әсер еткен тағы бір фактор – облыстың денсаулық сақтау ұйымдарының тиісті дейгейде жабдықталуы. Бұлай дейтініміз, өңір азаматтары жоғары медициналық көмек алу үшін қазір бұрынғыдай ірі мегаполистерге сабылмайтын болды. Осының өзі біріншіден, отбасылық бюджетті үнемдеуге септігін тигізсе, екіншіден науқастардың дер кезінде қажетті ем алуына жол ашты. 2009 жылы бұл статистика – 35,7 пайызды құраған болатын. Былтырғы көрсеткіш – 85,9 пайыз. Осы жылдар ішінде өңірдегі барлық медициналық ұйым компьютерлік техникамен жабдықталды. Қазір интернет желісі бәріне қолжетімді. Медициналық құжаттар тұтастай алғанда электронды форматта жүргізіледі. Денсаулық сақтау нысандарын салу екпіні де жоғары. Егер, 1991 жылдан 2009 жылға дейін 27 ғимарат бой көтерсе, 2009-2020 жылдар аралығында 217 нысан ел игілігіне пайдалануға берілген. Өңірімізде «100 мектеп, 100 аурухана салу» жобасы аясында құны 18,8 миллиард теңгеге 6 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Олар – Тараз қаласындағы облыстық қан орталығы, сметалық құны – 4 005,9 миллион теңге, сметалық құны – 2 456,6 миллион теңгені құрайтын осы шаһардағы 500 келушіге арналған №5 қалалық емхана, 3 740,9 миллион теңге қаржы жұмсалған Шу ауданындағы 150 орындық аудандық орталық аурухана, 4 674,0 миллион теңге қаражат бөлінген 200 төсектік облыстық балалар ауруханасы, 200 төсектік қалалық балалар ауруханасы (сметалық құны – 4 803,1 миллион теңге), Жамбыл ауданы Аса ауылындағы 250 келушіге арналған аудандық орталық емхана (сметалық құны – 3 287,9 миллион теңге). Тағы бір атап өтетін ілгерілеген ісіміз – денсаулық сақтау саласындағы маман-кадрлардың тапшылығын шешуді жолға қойғанымыз. Былтыр облысқа 194 жас маман келіп, олардың 118-і ауылдық елді мекендерге «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен жіберілді. Аталған бағдарлама аясында олардың алтауына республикалық бюджет есебінен 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит көлемінде көтермеақы төленді, 33-іне 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы төленді, жергілікті бюджеттен 800,0 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмекті 78 жас маман алды. 15 жас маман тұрғын-жаймен қамтамасыз етілді, оның ішінде 13 маманға қызметтік үй берілді. Сондай-ақ облысқа жас мамандарды тарту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы үнемі жоғары медициналық оқу орындарымен жұмыс жүргізеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен емдеу алдын алу мекемелерінің бой көтеріп, заманауи үлгіде салынып, халықтың игілігіне берілуі, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында жасалып жатқан қамқорлықтар – біздің Тәуелсіз ел болғанымыздың кепілі.

Әсет ҚАЛИЕВ,

облыстық денсаулық сақтау

басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар