- Advertisement -

Ауыл шаруашылығы басқармасы неге ақша сұрай береді?

65

- Advertisement -

Өңірімізде егін жинау науқаны аяқталып келеді. Көкөніс, бақша өнімдерінің түсімі жаман емес. Енді сол алынған өнімді сақтау – өзекті мәселе. Облыста 233 қойма бар болса, оның 80-і ғана мұздатқыштармен қамтылған. Талас, Мойынқұм аудандарында қойма мүлдем жоқ. Сарысуда – бір ғана, Т.Рысқұлов ауданында – 3 қойма бар. Сондай-ақ Таразда 19 әлеуметтік дүкен бар. Алайда дүкен сөрелері азық-түлікке толып тұрған жоқ. Сондықтан өнімді сақтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Халықтың әлсіз тобын арзан азық-түлікпен қамту – қашанда назардан тыс қалған емес. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жұмыстарына талдау жасалып, жағдай сараланды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, қазір тұрақтандыру қорында жалпы 1318,4 миллион теңге бар екен, биылғы қордағы тауар айналым көлемі 2820 тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек тұрақтандыру қорының «Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» облыс әкімдігінің 2019 жылғы 7 қарашадағы №248 қаулысының 16-тармағына сәйкес, қала халқының минималды тұтыну нормасын 5 пайыз қамтитын теңгерімін қанағаттандыру үшін Тараз қаласына 22 мың тонна тауардың минималды қоры жинақталуы тиіс екен. Ал оған 1,7 миллиард теңге қаржы қажет.

Сонымен қатар сала басшысы күн тәртібіндегі мәселеге қатысты жайларды тарқатып айтты. Оның сөзіне сүйенсек, тұрақтандыру қорындағы өтімді активтер мен бос қаражаттар сомасын қосқанда, минималды сұраныс көлемін қамту үшін әлі де 393,7 миллион теңге қажет болады.

Жыл басынан айналым сызбасы арқылы 2733,7 тонна өнім өткеріліп, бөлінген қаржыны тауар өндірушілер 8,7 пайыз игеріп, әлеуметтік дүкендер желісі бастапқы берілген қаржысын 3,4 есе артығымен орындады. Биылғы өнім үшін 11 шаруа қожалығына картоп өндірісін дамыту үшін элиталық тұқым алуға айналым сызбасымен тұрақтандыру қорынан 145 миллион теңге қаржы берілген болатын. Бүгінде шаруашылықтармен арадағы келісім бойынша 65 теңгеден алғашқы 10 тонна картоп партиясы Тараздағы әлеуметтік дүкендер арқылы өткерілді. Жыл соңына дейін жалпы 2800 тонна картоп алу жоспарлануда. Екінші бағыт маусымаралық кезеңге 2500 тонна көкөніс қорын айналым сызбасы арқылы жинақтау келісімшарттары жасалынды. Шарт бойынша маусымаралық желтоқсан-тамыз аралығында 100 тонна картоп, 650 тоннадан пияз бен сәбіз және 200 тонна қырыққабат, жалпы құны 138 миллион теңгенің қорын Әлеуметтік дүкендер желісін басқарушы «Империя» жеке кәсіпкерлігі қалыптастыратын болады.

Үшінші бағыт ұн, нан және мал азығының бағаларын тұрақтандыру үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 3 мың тонна бидайды, тұрақтандыру қорымен әріптестігі берік «Байлық – 2014» ЖК арқылы сатып алуға 135 миллион теңгеге қаржыландыру келісімдері жасалды. Шарт бойынша одан 125 теңгеден 2100 тонна ұн, 70 теңгеден 900 тонна кебек алынатын болады.

2021-2022 маусымаралық кезеңдегі күнбағыс май қант қарақұмық және күрішке деген аудандардың минималды сұранысын 5 пайызын қамту үшін 410,7 миллион теңгеге 1407 тонна тауар алынып, әр ауданға ай сайын белгіленген кестеге сәйкес үйлестірілмекші.

Аудан сұранысын тұрақтандыру қоры есебінен қамту үшін жыл ішінде екі айналымы болатын тауарды қалыптастыруға кететін қаржының жартысы, яғни 205,3 миллион теңге қосымша қаражат қажет.

Бүгінгі күні Тараз қаласында 16 дүкен іске қосылды, оның 10-ы жаңадан ашылғандар. Қосымша 5 дүкеннің жері белгіленді, оның 3-еуінің рұқсат қағаздары рәсімделіп, құрылыс жұмыстары басталды. Жалпы дүкендердегі тауарларға деген сұраныс күннен-күнге артуда, апта сайын Тараздағы дүкендер арқылы 10,8 миллион теңгеге өнім өткерілді, жыл басынан тауар айналым 2,5 есеге ұлғайды. Сондай-ақ осы аралықта бір дүкенге келушілердің орташа саны жыл басындағы 41 адамнан 340 адамға жетті, 2800 тоннадан астам ӘМАТ бағалары төмендетілген бағадан өткерілді, демек бір келуші 4,3 килограмм тауар тұтынуда.

Ал аудандарда жалпы 15 дүкен іске қосылып жұмыс жасауда, Сарысу, Шу мен Меркі аудандарында 2 дүкеннен ашылды, Жамбыл ауданы 3 дүкен іске қосылған. Аудандағы әлеуметтік дүкендер желісін дамытуға тұрақтандыру қорынан 50 миллион теңге қарастырылып, оның 5 миллион теңгесі Мойынқұм ауданына бөлінді, 18 миллион теңгеге Байзақ, Шу, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарының өтінімдері қарастырылуда. Қалған аудандар өтінім жолдамаған. Аудандардағы қоймаларға жүргізілген талдауға сәйкес облыста мұздатқышы бар қоймалар саны – 80, сыйымдылығы 45 мың тоннаны құрайды.

«Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жыл басынан тұрақты ұйымдастырылып, 49 жәрмеңке өтті, онда 1200 тонна (278 миллион теңге) ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтан 8-20 пайыз төмен бағадан ұсынылып, өткерілді. Қазіргі таңда азық-түліктер инфляциясы 106,5 пайызды құрап, Республиканың орташа деңгейінен төмен және өңірлер бойынша ең төменгі инфляцияға тұрақталды. Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу аясындағы заңдарға еңгізілген өзгерістерге байланысты жергілікті аудан қала әкімдіктеріне 3 бағытта әкімшілік құқық бұзушылық фактілеріне тексеру құзыреті берілді. Облыс әкімдігінің 13 шілдедегі 152 қаулысына сәйкес қырыққабатқа 93 теңге, жұмыртқаға 36,5 теңге шекті бағалар белгіленген.

Бұл ретте, шекті бағаларын асырған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 202-бабына сәйкес, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік үстемеақысын 15 пайыздан аспауын қадағалау және сауда орындарындағы бағаның белгіленуін тексеру – маңызды қадам.

Облыста 1 миллион тоннадан астам көкөніс өнімдері өндіріледі және картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат өнімдерімен облыс халқының бір жылдық тұтыну нормасы толығымен қамтылады. Сонымен қатар Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандары және Тараз қаласы кейбір өнімдерімен өзін-өзі толығымен қамтамасыз етпейді, осыған байланысты осы кезден бастап аталған аудандар өнімдерді тиісті көлемдерде қоймаларда сақтау бойынша жұмыстар атқару қажет», – деді Қайрат Аманов.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Мен сіздерге қойма салу бойынша тапсырманы былтыр бергенмін. Көптеген аудандарда бұл жұмыс әлі баяу. Кез келген сауда орталығы тұрақтандыру қорынан алған өнімдерін сатады. Одан түскен қаражат қайда? Сіз менен тағы 205 миллион теңге сұрап отырсыз. Онан соң бөлініп тұрған несиені аудандар неге алмайды? Аудандармен жүргізген жұмыстарыңыз әлсіз. Аудандарда әлеуметтік дүкен ашу, қойма салу жұмыстарының барлығын сіздің басқарма қадағалауы қажет. Аудан әкімдігі мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты үйлестіретін де – ауыл шаруашылығы басқармасы. Ал сіз Тараз қаласында қанша қойма бар екенін де білмейсіз», – деді.

Жиында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Ұлттық компаниясы» АҚ төрағасы Нұрғали Көрпетаев өздеріндегі қор Тараз қаласын ғана қамтуға жететінін айтса, «Тараз» көтерме сауда орталығының директоры Самат Үрпеков көтерме сауда орталығын салуға Тараз қаласынан жер бөлу мәселесі кешеуілдеп жатқанына тоқталды. Осы орайда облыс әкімі Тараз қаласы әкіміне қаратып: «Ержан Жұматұлы, сіз осы мәселені өзіңіз қадағалап, жұмысты реттеңіз, «Тараз» көтерме сауда орталығы бізге өте қажет. Оның жұмысын жеделдетуіміз керек», – деді Тараз қаласы әкіміне тапсырма беріп.

Облыс әкімі мұнан соң Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібекті, Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаевты, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Базарбайұлын онлайн тыңдап, аталған аудандардағы қойма салу жұмыстарын жеделдетуді, әлеуметтік дүкендерді көптеп ашуды тапсырды. Әлеуметтік маңызы бар 6 азық-түліктің түрі бойынша үстемені 15 пайыздан асырып жіберген Сарысу ауданының әкіміне де сын айтылды.

Әлеуметтік дүкендердегі баға тұрақтылығын бақылау да маңызды. Енді аталған дүкендердегі баға түрлеріне қосылатын үстеме 15 пайыздан асса, аудан әкімі қаулы шығарып оларға айыппұл сала алады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Машбекұлы: «Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті арзан алуы тиіс. Сіздер әлеуметтік дүкендер біздің айтқан бағаны қояды. Басқалардан 20 пайыз арзан сатады деп отырсыздар. Бірақ әр азық-түліктің өзіндік құны қанша? Оған әлеуметтік дүкендер де аз болса да үстеме қосады. Оның үстіне олар мемлекеттен де қаржыландырылып отыр. Осының барлығын экономика және бюджетті жоспарлау, қаржы басқармалары саралап, талдау жасаулары тиіс. Осы жұмыстарды қадағалауды облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітовке тапсырамын», – деді.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support