- Advertisement -

Бұрынғы даңқың қайда, Жамбыл боксы?

189

- Advertisement -

Қылышынан қан тамған кеңестік кезең келмеске кеткелі бері Қазақстан боксшылары талай биіктерді бағындыра бастағаны баршаға мәлім. Иә, әуесқой бокс әлемінде Куба, Ресей және Қазақстан құрамасының боксшыларынан жаһанның былғары қолғап шеберлері кәдімгідей сескеніп жүрді. Әлем бұл елдердің құрамаларын бокс державалары деп таныды, мойындады. Қай додада болсын, қазақ балаларының жұлдызы биік болған.

Кейін Украина, Өзбекстан боксшылары бәсекелес болғанымен, Украина құрамасы Василий Ломаченко, Александр Усик секілді бірнеше сайыпқырандары кәсіпқой боксқа ауысқан соң құлдыраса, Өзбекстан құрамасы Рио Олимпиадасында атой салды. Былайша айтқанда біздің алдымызды орап кетті. Әрине, қазақ-өзбек боксындағы бәсеке дегеніңіз бөлек әңгіме. Қазақстан құрамасы Токиодан өзге Олимпиада ойындарының барлығында бокс аламанынан алтынсыз қайтқан емес. Жеңіс дәстүрі қалыптасып қалған еді десек те болады. Елімізде ең мықты бокс мектебі ретінде Жамбыл, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Шымкент қаласы мен Түркістан облысы) және Қарағанды мектептерінің аты жиі аталатын. Оған ешкім дауласа да алмайтын. Өйткені шындық осы. Басқа-басқа, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында жанкүйерлер сол өңірлердің боксшыларынан ылғи үміт күтетін. Сенімнің үдесінен шығады деп қолдау білдіретін. Рас, батыстан Әділбек Ниязымбетов екі бірдей Олимпиада ойындарында күміс медаль алғанымен, олардың бокс мектебі бізбен салыстырғанда аты алысқа кете қоймаған ғой. Оны да ешкім жоққа шығара қоймас.

Ел тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы үш Олимпиада ойындарында жамбылдық былғары қолғап шеберлері медальді күреп әкелді. Оған бәріміз риза болатынбыз. Қазір сол күндерді тек сағынышпен ғана еске аламыз. Атлантада Болат Жұмаділов күміспен күптелсе, Ермахан Ыбырайымов пен Болат Ниязымбетов қола медаль иегері атанып, мерейімізді тасытты. Ал 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Ермахан Ыбырайымов алтыннан алқа тақса, Болат Жұмаділов екінші мәрте күміс жүлдені еншілеп, өзінің тұрақты түрде нәтиже көрсететін спортшы екенін байқатқан болатын. Арада төрт жыл өткенде Бақтияр Артаев өңірдің атын аспандатып қана қоймай, ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені салып, мерейімізді тасытты. Біз бала болатынбыз. Ермахан Ыбыраймов Құланға келгенде ауыл балалары үшін кәдімгідей мереке еді. «Боксқа барамыз!» дейтін балғындар жанарларында от лаулап. Одан кейін Олимпиада ойындарынан келе жатып, Бақтияр Артаев аудандарды басып өтті, арнайы тоқтады, жұрттың батасын алды. Құланға Баркер кубогын ала келгенде ел төбесіне көтерді. Бітті, бұдан кейін жамбылдық боксшылар Олимпида ойындарына қатысты демесек, жүлденің маңына жолай алар емес. Алтынды қойшы, қола жүлде иелену мұңға айналды. Осы мәселе бүгінде көкейімізді тесіп барады.

Олимпиада ойындарынан бөлек, әлем чемпионаттарында да жамбылдық боксшылар жасындай жарқырап жүруші еді. Бір ғана Болат Жұмаділовтің өзі әлем чемпионатының үш медалін қоржынымызға түсіргенін қалайша ұмытамыз?! Ұмыту мүмкін емес. 51 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен ол 1995 жылы Берлинде өткен аламанда күміс медальді мойнына ілсе, 1997 жылы Будапешттен қола жүлдемен оралды. Бұдан соң ол 1999 жылы Хьюстондағы жаһандық жарыста алтын медальға қол жеткізіп, мерейімізді тасытқаны қалай ғана жадымыздан өшсін? Болатпен қалай мақтансақ та жарасады. Әлем біріншілігінен бөлек, Олимпиада ойындарында екі күміс, Азия чемпионатында екі алтын, бір қола жүлде иеленген Жұмаділовтің спортшы ретіндегі мансабы барлық боксшыға үлгі шығар. Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов та әлем біріншілігінде жасындай жарқырап еді. 1997 жылы 67 килограмм салмақта топқа түскен Ермахан Будапештте күміс жүлдегер, 1999 жылы 71 килограмм салмақта топқа түскен ол Хьюстонда қола жүлдегер атанды. Бірақ Ермахан Ыбырайымов пен Болат Жұмаділов кәсіби мансабын аяқтаған соң Жамбыл боксы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген жоқ. Арада біршама уақыт өткенде 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі Олимпиада ойындарының чемпионы, Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев облыс боксының абыройын қалпына келтірді. Ол 2005 жылы Мяньянда өткен әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізсе (69 кг), араға екі жыл салып Чикагода өткен жаһандық жарыста сол нәтижесін қайталады (75 кг). Бақтиярдың спорттық мансабындағы соңғы табыстары да осы жүлделер болатын.

2011 жылы Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өткен әлем чемпионатында Ғани Жайлауовқа (60 килограмм салмақ дәрежесі) қола жүлде бұйырды. Бұдан соң тағы да үзіліс басталды. Алматыдағы әлем чемпионатын есепке алмағанда (бұл додаға облысымыздан боксшы қатысқан жоқ), 2015 жылы Катарда өткен әлем чемпионатында облысымыздан бір боксшы қатысқанымен, жүлде бұйырмады. Сәтсіздік сериясы 2017 жылы бұзылды. 75 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен жуалылық жампоз Әбілхан Аманқұл Гамбургтен (Германия) күміс медальмен оралған. Сол кезде бәріміз Әбілханнан үлкен үміт күттік.

Сонымен, әріге бармай, соңғы сегіз жылға ден қойып көрейікші. Есімізде қалғаны 2013 жылы Алматыда ұйымдастырылған әлемдік сынға жамбылдық оғландар қатыспапты. Арада алты жыл өткен соң Ресей төрінде жалауы желбіреген аламанда өңірімізден бірде-бір былғары қолғап шебері бақ сынамады. Басты үміткеріміз 75 килограмм салмақ дәрежесіндегі Әбілхан Аманқұл жарақат алған еді. Ересектер арасында Рио Олимпиадасының алдында Олжас Сәттібаев Азия чемпионы атанғаны да жадымызда.

Қалай болған күнде де – бұл мәселе баршамызды алаңдат атыны анық. Жай ғана мысал ретінде алайықшы. 1995-1999 жылдар аралығында бір ғана Болат Жұмаділов әлем чемпионатының үш бірдей медалін қоржынымызға салды. Төрт қана жылдың бедерінде мұндай табысқа қол жеткізу нені білдіреді? Бір жағынан боксшының шеберлігін, екінші жағынан оны баптаған мамандардың мықтылығын аңғарта түспейді ме? Енді 2013 жылы әлем чемпионатына өңірімізден боксшы қатыспағанын айттық. Ендеше, салыстырайық. 2013-2019 жылдар аралығында (6 жыл!) қоржынымыз бір күміс жүлдені қанағат тұтты.

Енді қайтадан Олимпиада ойындарына үңілейік. Төртжылдықтың басты додасында жамбылдық боксшылар медаль алмағалы 15 жылдың жүзі болды. Рас, өңіріміздің былғары қолғап шеберлері Олимпиада ойындарына тұрақты түрде аттанады. Бірақ жүлдеге ілікпей қала береді. Неге? Осы сұрақ қой – баршамыздың жанымызға бататыны. Тура екі жыл бұрын жамбылдық боксшылар әлем чемпионатына қатыспайтынын білгенде «Жамбыл боксының бұрынғыдай мақтан тұтар жеңімпаздары қайда?» деп дабыл қағып, жауапты тұлғалардың бірімен тілдесіп, мақала жазған едік. Енді міне, қайтадан қалам тербеуімізге тура келіп тұр.

Уақыт сырғанап өтіп жатыр. Егер біз боксы айтарлықтай дамымаған, Олимпиада ойындарынан медаль алып үйретпеген солтүстік облыстардың тұрғыны болғанда үндемес те едік. Бірақ елге ғана емес, өзге мемлекеттерге де мықты боксшыларымен танылған Жамбылда әуесқой бокстың кері кеткені қынжылтпай қойсын ба? Неге нәтижеміз күрт құлдырады? Қай жерден мүлт кетіп жатырмыз? Осы сұрақтар мазамызды ала береді. Шынында, жастар мен жасөспірімдер арасындағы байрақты бәсекелерден жамбылдық боксшылар жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бірақ ересектер арасындағы аламандарда 75 килограмм салмақтағы Әбілхан Аманқұл мен 69 килограмм салмақтағы Асланбек Шымбергеновке ғана сенім артамыз. Сонда басқа салмақтарда жаңа буын өспей, қалыптаспай жатыр ма? Әйтеуір осындай сауалдар жүрекке шаншудай қадалады.

Токио Олимпиадасында 75 килограмм салмақ дәрежесіндегі Әбілхан Аманқұлға қатты сенім арттық. Бірақ ол ширек финалдық шайқаста бразилиялық боксшыға аз ғана ұпай айырмасымен есе жіберіп алды. Кейін Әбілханның жарақатынан толық айықпағаны, Токио төрінде ескі жарақаттың сыр бергені жайлы әңгімелер тарап жатты. Сонда қалай? Ұзақ күткен Олимпиада ойындарына боксшымызды лайықты бабында жібере алмағанымыз ба? Бұған кім кінәлі? Жалпы Олимпиада ойындарынан жамбылдық боксшылардың жүлдесіз қайтып жүргені шенділердің басын ауырта ма екен? Олар осы мәселе бойынша сараптама жүргізе ме? Кім білсін. Әзірге ондай әңгімені құлағымыз шалған жоқ.

Осылайша 15 жыл да артта қалды. Олимпиада ойындарында ел сенім артатын боксшыларымыз биыл Токиодан екі қоламен елге оралды. Бұл мәселе бойынша қазір Мәдениет және спорт министрлігі бас ауыртып отыр. Әрине, әрбір Олимпиада ойындарында алтын алып жүрген Қазақстан құрамасының дәл осы нәтижесі жанкүйерлердің көңіліне қонбайтыны – айтпаса да түсінікті ғой.

Жылдар жылыстап өте береді. Алда Франция астанасы Париж қаласында өтетін Жазғы Олимпиада ойындары тосып тұр. Дәл осы Токиодағы Олимпиада ойындарында «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 килограмның алтынын бізден кубалық Рониэль Иглесиас Сотолонго «тартып» алды. Сенім артқан боксшымыз Абылайхан Жүсіпов алғашқы кездесуінде жеңілді. Сол кезде жұртшылық жамбылдық Асланбек Шымбергеновтың сол Сотолонгоны екі мәрте жеңгенін айтып, дабыл қаққанын құлақ естіді, көз көрді. Асланбек тек қана Сотолонгоны емес, өзбекстандық, ресейлік мықтыларды да тұғырынан тайдырғанын ел жақсы біледі. Алайда ел чемпионатында басты қарсыласы, біз жоғарыда айтқан боксшылардан жеңіліп жүрген Абылайхан Жүсіповке есе жіберіп алғанын да есімізден шығармаймыз. Бірақ ұлттық құрама сапында 1986 жылы дүниеге келген Зәкір Сафиуллиннің Олимпиада ойындарына барғанын ескерсек, Асланбектің әлі де мүмкіндігі бар екенін сезінеміз. Мүмкін жамбылдық боксшы алдағы уақытта өтетін әлем чемпионатында 67 немесе 71 килограмм салмақта ел намысын қорғайтын шығар. Өйткені 13 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылатын жаһандық додада 69 килограмм деген салмақ болмайды…

Қалай болған күнде де Жамбыл бокс мектебі ілгеріден-ақ танымал екені баршамызға жақсы белгілі. Өзге өңірдің былғары қолғап шеберлері бұрын біздің боксшылардан кәдімгідей қаймығатын. Қазір олай емес сияқты. Барлық өңірде бокс спорты дамып жатыр. Бізде де бір өзгеріс керек секілді. Мүмкін жаттығу процесіне жаңа әдістемелер енгізу қажет шығар?

Шынтуайтына келсек, соңғы екі Олимпиада ойындарында жамбылдық спортшылардан тек дзюдошы Елдос Сметов қана медаль алды. Елдос болмаса жүлдесіз қалатын екенбіз. Ал Сметов Париж Олимпиадасына қатыса ма, әлде спорттық мансабын аяқтайды ма? Оған ешкім кепілді жауап бере алмайды. Дәл қазір Париж Олимпиадасында Елдос болмаса, басқа медаль күтуге болатын спортшыны көріп тұрған жоқ…

Әлбетте, Жамбыл боксының бүгінгі халіне бас ауыртқан соң да жанкүйерлердің жүйкесі сыр беріп жатады. Бүгінде өңірде ауыр салмақта мақтанып айтатын, көзге көрсететін боксшы жоқ. Осы мәселеге де тиісті мамандар бас ауыртуы керек-ақ. Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарынан талай жүлде түсірген спорт түріне басқарма басшысы күйіп-піспесе, кімнің жаны сыздайды дейсіз? Ендеше, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің өзі боксшылардың ең басты жанашыры болғаны, қасынан табылғаны, оларға не жетіспейтінін сұрағаны ләзім. Басқарма басшысы түйткілдің түйіні қайда екенін терең зерделесе деген тілек көкейде тұр. «Жамбыл» бокс клубының да жетекшілері жұмысты жаңаша жандандыруы керек-ақ.

ТҮЙІН:

Біз «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген ұстанымды алға тартып, жамбылдық боксшылардың Бейжің, Лондон, Рио, Токио Олимпиадаларынан медальсіз қайтқанын мәселе етіп көтеріп отырмыз. Атланта, Сидней, Афины Олимпиадаларындағы жеңісті дәстүр шынымен жоғалғаны ма? Қазір ол кездегіден гөрі спортты дамытуға көптеп қаржы жұмсалып, спорт нысандары ашылып жатыр. Ал біздің боксымыз керісінше кері кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Париж Олимпиадасына да үш жыл қалыпты. Ол уақыт та сынаптай сырғып өтетіні рас. Сол үш жылдан кейін «Жамбылдық боксшылар 20 жыл бойы Олимпиада ойындарынан медальсіз қайтып жүр» деп мәселе көтермесек екен деген ниеттеміз. Боксшыларымыз ондай халге жеткізбейтін шығар. Бірақ кім білсін?

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support