- Advertisement -

250 мың теңге жалақы берсе де, ауылда тракторшы табу қиын

152

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды нысандарды аралады. Ең алдымен аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қарабөгет ауылдық округіне атбасын бұрған өңір басшысы осындағы ауыз су құбыры желілерінің жұмысымен танысты.

Айта кету керек, Қарабөгет ауылдық округіне қарасты елді мекендер бұған дейін құдық суын пайдаланып келген. Оның үстіне ауыз судың сапасы да сын көтермейтін. Осыны ескерген аудан әкімдігі өткен жылы ауылдарға ауыз су тарту жұмыстарының жобасын әзірлеген еді. Ол үшін облыстық және республикалық қазынадан 742,959 миллион теңге қаржы қарастырылған. Енді міне, осы жылдың мамыр айында аталған ауылдық округте су құбыры желілері мен су шығару нысандарының құрылысы басталып, қазіргі кезде аяқталуға жақын қалыпты. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жақсыбек Исақовтың айтуынша, жұмыстар 75 пайызға аяқталып тұрған көрінеді. «Тереңдігі 117,5 метр болатын су шығаруға арналған негізгі ұңғыма Қарабөгет ауылынан 9,36 шақырым, ал Сарыөзек ауылынан 5,52 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі кезде құрылысқа жауапты «СМК и Ж-7» ЖШС-ның 30-ға жуық жұмысшысы мен техникалары тынымсыз еңбек етуде. 1000-ға жуық тұрғыны бар қос ауылдан су қабылдап алу нысанын соғып жатырмыз. Ал ұңғымадан ауылға дейінгі құбырларды толығымен орналастырып біттік. Мұндағы құрылыс жұмыстары қазан айында толығымен аяқталады», – дейді бөлім басшысы.

Ауданда ауыз суға әлі де қол жеткізе алмай отырған төрт ауылдық округ бар. Оның ішінде ауданның өндірістік аумағында орналасқан Ақсүйек ауылдық округіне ауыз су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп қойыпты. Сәтін салса, су құбырларын тарту жұмыстары келесі жылы басталмақ. Өз кезегінде облыс әкімі Б.Сапарбаев шалғай ауылдарда тұратын тұрғындар ауыз судан да, ағын судан да таршылық көрмеу керектігін жеткізді.

– Ауыз су құбырларын орнатқанда ұңғыма орналасқан жердегі жерасты суының қоры кемінде 50 жылға жетуі керек. Сондай-ақ ондағы судың сапасына да ерекше мән берген жөн. Жалпы ауылдықтар ауыз судан таршылық көрмеуі тиіс. Дегенмен ағын су мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Ол үшін, ең алдымен Шу өзені бойындағы каналдарды қалпына келтіріп, тұрғындардың игілігіне пайдалануды қолға алу қажет. Сонда ғана ауылдағы шаруалар ағын су тапшылығын сезінбейтін болады. Қазіргі кезде судың 85 пайызын көрші мемлекеттерден алып отырмыз. Сондықтан жуық арада қосымша 3 су қоймасын салуды қолға алдық. Осы жұмыстар толық аяқталғанда шаруалар судан тапшылық көрмейтін болады, – деді Бердібек Машбекұлы.

Өңір басшысы бұдан кейін Құмөзек ауылының маңындағы шабындық жердің жайымен танысып, қыр төсіндегі қым-қуыт тірліктің бел ортасында жүрген шаруалармен тілдесті. Жалпы аудан бойынша 744 шаруа қожалық болса, бүгінде олардың басым бөлігі мал азығын дайындаудың қамымен жүр. Дәлірек айтқанда, жоспар бойынша шаруалар 25 мың гектарға жуық шабындықты игеріп, 134 400 тонна мал азығын жинауы тиіс. Қазіргі таңда оның 19100 гектары шабылып үлгерген. «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі Бәкір Исабековтың айтуынша, бүгінде Шу, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы, Талас, Байзақ және Жамбыл сынды 8 ауданның шаруалары шөпті дәл осы Мойынқұм ауданынан тасып жатқан көрінеді.

– Биыл еліміздің бірқатар аймақтарында қуаңшылық болып жатқанын көріп отырмыз. Соның салдарынан қаншама мал шығыны орын алды. Осындай жағдайға жол бермеу мақсатында мал азығын молынан жинап қалуға күш салудамыз. Қазіргі кезде 3 мың гектар аумақта шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Маусым айынан бастап жұмысқа бірнеше бригада жұмылдырылды. Соңғы кезде мал азығына деген сұраныс күрт көбейіп кеткендіктен жылдағы межені қазірдің өзінде 160 пайызға артық орындадық. Сонымен бірге шөп тапшылығын көріп отырған Қызылорда облысының Арал ауданына көмек ретінде бірнеше тонна шөп жөнелттік. Бір өкініштісі, айлық жалақысы 250 мың теңге бола тұра, трактор айдайтын адам таба алмай отырмыз. Оған қоса, осында жұмыс істеп жатқан жұмысшыларға айлығынан бөлек 30 дана орам шөп берудеміз. Сұраныс болса шөп шабу науқанын қазан айына дейін жалғастырамыз, – деді қожалық жетекшісі.

Шаруалардың жұмысын көзбен көрген аймақ басшысы мал азығын молынан жинап, қысқа қор жинау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ төрт түлікті ежелден күнкөріс көзіне айналдырған мойынқұмдықтар көрші ауданның шаруаларына көмек қолын созуды естен шығармау керек екенін тілге тиек етті. Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапары барысында білім ошақтарын да назардан тыс қалдырмай, ондағы түйткілді мәселелерді зерделеді. Ең әуелі пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жуықтап қалған №8 Мойынқұм колледжінің ғимаратына арнайы барды. Білім ошағының бірінші ғимараты 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен болса, екінші ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл нысан 2014 жылдан бері пайдаланылмай тұрғандықтан жылу, жарық, су және электр желілерінен толығымен ажыратылған. Бүгінде қараусыз қалған 1460,6 шаршы метрлік ғимараттың шатырынан су ағып, қабырғалары сөгілуге шақ қалған. Оның бірінші қабатындағы спорт зал мен асхана, екінші қабаттағы акт залы мен кітапханаға арналған бөлмелерінің әбден тозығы жеткен. Осыған байланысты нысанды күрделі жөндеуден өткізу қажеттілігі туындап отыр. Десе де, облыс әкімі колледждің ғимаратынан бөлек, мұнда бірқатар шешімін күткен мәселелердің бар екенін айтты.

– Ескі нысанды қайта қалпына келтіріп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Алайда колледжге қатысты көңіл толмайтын түйткілдер бар. Мысалы, колледж директоры студенттер мұнда 4 мамандық бойынша білім алатындығын айтты. Оның ішінде «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторист-машинисі» мамандығы да бар екен. Ал дәл осы ауданда айына 250 мың теңге жалақы төлеуге дайын отырған шаруа қожалық иелері үш бірдей тракторшы таппай отыр. Осыдан кейін колледж түлектерінің 82 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты деген ақпарат күмән тудырады. Білім ошағы ауданға қажетті маман дайындауы қажет. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстар ақсап тұр. Сонымен бірге колледждің ауласында бос жер өте көп екенін көріп отырмыз. Алайда білім ошағы оны абаттандырып, тиімді пайдалана алмай отыр, – деді Б.Сапарбаев.

Келесі кезекте М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейіне барған аймақ басшысы мектептің жаңа оқу жылына дайындығын көрді. Екі тілде білім беретін білім ошағының сыйымдылығы 380 оқушыға арналса, мұнда қазір екі ауысыммен 849 оқушы білім алуда. Ең қиыны, оқушы санының жылдан жылға артуына байланысты мектеп үш ауысымда оқуға жақын қалыпты. Сондықтан мектеп маңынан қосымша 120 оқушыға арналған ғимарат салу қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар мектептегі асхананың сыйымдылығы да күн тәртібіндегі мәселелердің қатарында тұр. Өйткені мұнда бір күнде 400-ге жуық бала тамақтануы керек екен. Облыс әкімі бұл мәселелердің оңды шешімін табуына атсалысатындығын жеткізді.

Аймақ басшысы Жазылбек Қуанышбаев атындағы саябақтың абаттандыру жұмыстарымен де танысып, аудан қарияларымен кездесті. Басқосу барысында жергілікті тұрғындар облыс әкіміне кейінгі жылдары атқарылып жатқан қыруар жұмыстар мен ауыл халқының игілігі жолында қолға алынған бастамалары үшін ризашылықтарын білдірді. Саябақтағы Ж.Қуанышбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойған өңір басшысы атақты шопанның мерейтойы қарсаңында облыста бірқатар іс-шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді.

– Биыл осы ауданның тумасы Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығы екенін білесіздер. Мерейтой қарсаңында облыс орталығындағы бір көшеге Ж.Қуанышбаевтың есімін бердік. Сондай-ақ атақты шопанның құрметіне малшылар слетін өткізуді де жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Мойынқұм ауданының орталығына Жазылбек Қуанышбаевтың есімін беру туралы ұсыныс айтылды. Егер аудан халқы бұл ұсынысты қолдайтын болса, біздің тарапымыздан ешқандай кедергі жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, ауыл халқы қыстың қамын жазда ойлап, еңбек етуден ерінбеуі керек. Облысымыздағы орман шаруашылығында 4 миллион гектар жер бар. Оның ішінде пайдаланылмай жатқаны да жетерлік. Осы жердің барлығына зерделеу жүргізіп, оны тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру – біздің міндетімізге кіреді. Сондықтан қазіргі кезде осындай жұмыстарды қолға алып, түйткілді мәселелердің түйінін шешуге тырысып жатырмыз. Мойынқұм ауданында табиғи газдың мәселесі күрделі күйінде қалып отырғанын жақсы білемін. Бірақ бұл мәселе алдағы 3-4 жылда толығымен шешімін табады, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарының соңында екі пәтерлік төрт тұрғын үй мен Б.Момышұлы атындағы орталық стадионның құрылыс жұмыстарымен танысты. Жобалық құны 118 миллион теңгені құрайтын тұрғын үйлердің жалпы алаңы 553,6 шаршы метр. Сәтін салса, аудандағы аз қамтылған бірқатар отбасылар қыркүйек айында қоныс тойын тойламақ. Тұтастай алғанда, Мойынқұм ауданында соңғы 13 жылда арнайы қаржы бөлу арқылы бірде-бір тұрғын үй бой көтермегенін ескерсек, бұл бастама ауылдықтар үшін күтпеген жаңалық болды. Облыс әкімі шалғай Мойынқұм ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан әкімі Мәден Мұсаевқа осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру керектігін тапсырды.

 Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support