Таңдау көбейеді: QAZ VAC немесе QAZ COVAC P қайсысы өтімді болар екен?

Таңдау көбейеді: QAZ VAC немесе QAZ COVAC P қайсысы өтімді болар екен?
ашық дереккөз
Таңдау көбейеді: QAZ VAC немесе QAZ COVAC P қайсысы өтімді болар екен?
Коронавирусқа қарсы вакцинация ерікті түрде десек те, екпе салғызуға еріксіз баратындай ахуал қалыптасқан қазір. Қазақстан әлі «қызыл» аймақтан шыққан жоқ. Індет өршіп, шарықтау шегінен де асып кетті. Ауруы асқынып, төсек тартып жатқандар көп. Салдары қайғылы жағдайға ұласып, қазаға көңіл айтып та үлгере алмайтындай күйге түстік. Соған байланысты карантин талаптары да күшейді. Бәрі амандық үшін, әрине. Әйтсе де сол сақтықты ұмытпауды еске түсіріп тұратын шектеулер адымыңды аштырмай тұр. Карантиндік шаралар кезеңінде өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін болғандықтан барлық қызмет көрсету нысандары «Ashyq» қосымшасына тіркелген. Ал бұл қосымша ПТР талдамасын жасағандардың қайсысы вирус жұқтырғанын, қайсысы ауырмағанын көрсетіп тұрады. Сондай-ақ мамандар шілдеден бастап вакцинаның екі компонентін де алған қазақстандықтар «Ashyq» қосымшасында «жасыл» түспен белгіленетінін мәлімдеген. Бірақ бұл мәртебе бір жыл ғана сақталады. Вакцинаның індеттен қаншалықты қорғайтынын уақыт көрсетер. Әзірге, сала мамандары ел тұрғындарын коронавирустың түрлі штамдарынан қорғаудың басқа жолын таппай тұр. Қазір ел азаматтарының екпе алудан басқа еркі қалмаса да, вакцинаны таңдауда жұртқа үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Қолданыста Қазақстанның, Ресейдің, Қытайдың вакциналары бар. Бұған дейін қазақстандықтар «Спутник V», Hayat-Vax, CoronaVac, QazVac екпелерінің ішінен таңдағанын салғызып келсе, енді бұл тізім тағы да басқа вакциналармен толыға түспек. Рас, кей өңірлерде қытайлық вакцина тез бітіп қалып, көпшілік амалсыз ресейлік екпені салғызған жайттар да кездеспей қалған жоқ.Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, өңірімізге жақында Sinopharm COVID-19-ға қарсы (Vero Cell) – SARS-CoV-2, 19nCoV-CDC-Tan-HB02 штамынан жасалған 20 мың доза вакцина жеткізіліпті. Екпе барлық қалалық және аудандық емханаларға таратылып та қойды. Арнайы термоконтейнерлерде +2, +8 С режимінде сақталатын препаратта антибиотиктер мен консерванттар жоқ. «18 жастан асқан ересектерге арналған сұйықтықтың 21-28 күн аралықта екі дозасын салғызу қажет. Егер азаматтардың вакцинаның кез-келген түріне аллергиясы бар болса бұл екпені қабылдамағаны жөн. Сондай-ақ бақыланбайтын эпилепсия немесе жүйке жүйесінің басқа да үдемелі аурулары, анамнезінде Гийен-Барре синдромы барлар, жүкті және лактация кезеңін өткеріп жүрген әйелдер, 18 жасқа толмаған жеткіншектер бұл екпені таңдамағаны дұрыс», – дейді өңірдің бас дәрігері Әсет Қалиев. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Спутник Лайт» екпесін жеткізу мәселесін де ертерек шешуді тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты Қарағанды фармацевтикалық кешені ресейлік тікелей инвестициялар қорымен (РФПИ) уағдаластыққа қол жеткізілген жағдайда Қазақстанда коронавирусқа қарсы «Спутник Лайт» ресейлік вакцинаны шығаруға дайын екенін мәлімдеп те үлгерді. Ресми деректерге сүйенсек, қазақстандық фармацевтикалық өндіріс орнының басшылары Ресейдегі қорға тиісті сұрау да жолдап қойыпты. Олар зауыттың заманауи жабдықтары, білікті қызметкерлері мен технологиялық жағдайы кез келген күрделі вирусқа қарсы препараттарды өндіруге мүмкіндік береді дейді. Ал американдық Pfizer вакцинасы елге жыл соңына қарай 2 миллион дозамен келеді деп күтіліп отыр. Бұл екпенің тиімділігі қандай екені белгісіз. Оның денсаулыққа әсері туралы сарапшылардың да пікірі әртүрлі. Ал біздің қазақстандық мамандар АҚШ-та өндірілген екпені салғызғандар кері әсері туындаған жағдайда да жеңіл өткеретінін айтып жүр. Алайда бұл екпені күтіп, көзіңізді талдырмай-ақ қойсаңыз да болады. Себебі, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 12-18 жастағы балалар мен жасөспірімдер Pfizer/BioNTech препаратымен вакциналанады деген жоспарын мәлімдеп те қойды. – Қазір тек ересектер екпе салдыра алады. Балаларға қанша уақытта вакцина салып бітіретінімізді айта алмаймыз. Себебі ол ерікті түрде, тек ата-анасының келісімімен ғана жүргізіледі. Коронавирустың жаңа штамдары жас жеткіншектерге де әсер ете бастаған соң, қазір ата-аналар жиі хабарласып, баласына вакцина салдырғысы келетінін айтуда. Өкінішке қарай, Қазақстанда ол вакциналар жоқ. Қазір 12 жастан бастап Pfizer вакцинасын қолдану ұсынылып отыр. Біз 12 жастан асқандарды да назарға алып отырмыз. Бірақ ұл-қызына екпе салғызу керек пе, жоқ па – оны ата-аналары шешеді, – деп түсіндірді Алексей Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Жалпы бізде импорттық өнімдерге деген қызығушылық бұрыннан бар ғой. Содан болар емханаларда QazVac бола тұра, қытайлық Hayat-Vax пен CoronaVac-ты сұрайтындар көп. Вирусологтар үш препараттың құрамы да, ағзаға әсері де бірдей екенін айтып, түсіндіріп жатса да, импорттық өнімге сұраныс жоғары. Отандық вакцина былтыр 31 желтоқсанда тоғыз айға уақытша тіркеуден өткен. Клиникалық зерттеулердің үш кезеңі аяқталғанға дейін елімізде жаппай вакцинациялау басталып кеткендіктен, екпе аламын деушілерге QazVac та қатар ұсынылды. Бірақ, көптің көкейінде «әлі сынақтан өтіп үлгермеген» деген дүдәмал тұрды ма, көпшілік бірден сенім артып кетпеді. Бірақ сол кездің өзінде Денсаулық сақтау министрлігі QazVac-тың тиімділігі сынақтың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша 96 пайызды құрағанын мәлімдеген. Ал медициналық қоғамда вакцина вирустың инактивациясы үшін жүргізілетін формальдегид қолданылғаны сынға алынды. Соған байланысты вакцинаның тиімділігі де күмән тудырған. Содан кейін Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры екпенің нақты тиімділігі шілде айында аяқталатын үшінші кезең аяқталғанда есептелетінін мәлімдеген еді... Енді міне, институт басшысы Күнсұлу Закария институт ғалымдары қолданыстағы QazVac вакцинасымен қатар екінші суббірлікті Qaz Covac P вакцинасын жасап шығарғанын хабарлап отыр. Айтуынша, екінші отандық вакцина алғашқы клиникалық сынамадан сәтті өткен. Қазір екінші клиникалық сынама жүргізіліп жатқан көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы қазақстандық екінші вакцинаны үміткер ретінде 2020 жылдың тамызында тіркеген. Қазір QazVac вакцинасына өзге елдер де қызығушылық таныта бастаған. «QazVac вакцинасының екі кезеңі нәтижелерінің Lancet беделді халықаралық журналдар тобында жариялануын біздің ғалымдардың үлкен жетістігі деп бағалауға болады», – дейді Күнсұлу Закария. Қоғамдағы кереғар пікірлерге қарамастан, қазірдің өзінде елімізде алты миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы екпенің алғашқы компонентін алған. 4,6 миллионнан астамы вакцинаның екінші дозасын қабылдап үлгерген. Алайда сарапшылар вакцинация қарқыны баяу жүріп жатыр деген пікірде. – Жалпы облыс бойынша 18 жастан жоғары 582000 адамды коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жоспарланған. Қазіргі таңда, 324904 тұлға екпе алып, көрсеткіш 55,8 пайызды құрады. Жалпы өңірде 23 МСАК ұйымдарында 43 егу пункттері бар, олардың ішінде 15-і қалада, 28-і аудандарда орналасқан, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. ТҮЙІН: Енді вакцина аламын деушілерге таңдау мүмкіндігі арта түседі. Бірақ барлық мәселе екпенің тиімділігінде. Ресми деректерге сүйенсек, толық вакцинациядан өткендер арасында да індет жұқтырып науқастанғандар да, ауруы асқынып көз жұмып жатқандар да бар. Кеше ғана орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина салғызғаннан кейін қайтыс болғандар ең көп тіркелген үш өңірді атап көрсетті. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласында – 32, Шымкентте – 27, Алматыда – 17 жағдай орын алыпты. Министр бұған екпе алғандардың созылмалы аурулары себеп болғанын айтады.

Ардақ Үсейінова

Ұқсас жаңалықтар