- Advertisement -

Ата-анасы вакцина алмаған оқушылар да сабаққа барады

52

- Advertisement -

Бұрын жыл сайын күзге қарай телеарналар «Алты жасар Алпамыс мектепке барады» деген отандық фильмді бірнеше рет қайталап бере бастайтын. Қанша рет қайталап көрсең де жалықпайтын, жан жылытатын картина. Алайда қазір жұрттың кино көріп, жайбарақат отыруға құлқы жоқ. Қыркүйекте оқу дәстүрлі түрде мектепте өтеді дегелі бері әр күні мың құбылған қауесет желдей есіп, ата-аналарды әбден әбігерге түсірді. Жел сөздің өзі «табиғатынан» сондай емес пе, жан-жағын қаулап, өршіп барады. Ақпараттың ақ-қарасына көз жеткізе алмай, көңілдегі «енді қайттік» деген уайым май ішкендей кілкітіп тұр.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында сабақ дәстүрлі жүйеде басталатынын мәлімдегені белгілі. Бас педагог мектеп формасының да, оқулықтар мәселесін де шешімін тапқанын ашып айтты. Оқушылардың бірыңғай киім үлгісін қолдайтынын, алайда биыл классикалық үлгіге рұқсат берілетінін атап өтті. Міне, қауесетке негіз болған да осы сөз. «Форманы міндеттемегені – оқушылардың қайта онлайн форматқа ауысуы мүмкін дегені», деп болжам айтушылар атойлап шыға келді. Ол-ол ма, қаулаған қауесетке «ата-анасы вакцина алмаған балалар сабаққа кіргізілмейді» дейтін әңгіме тағы қосылды. Содан бері жұрттың көңілі алаң. Көптің көкейіндегі ойдың түйіні – ерікті түрде жүргізілетін вакцинацияны міндеттеу үшін елдегі эпидемиологиялық ахуалдың ушығып тұрғанына қарамастан, жеткіншектерді офлайн оқытатын болды дегенге сайып тұр.

Қалай десек те, көпшілік «балалар сабаққа баруы үшін ата-анасы екпе салғызуы керек» екен деп уайым қып жүр. Алайда әзірге тиісті мекемелердің мамандары мұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте жаңа оқу жылына дайындық барысын мәлімдеген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова қазір білім мекемелеріндегі қауіпсіздік талаптарын күшейту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, барлық білім ошағында азаматтардың коронавирусқа қарсы статусын анықтайтын «Ашық» бағдарламасы орнатылғанын жеткізген болатын. Сондай-ақ педагогтардың 98,6 пайызы коронавирусқа қарсы екпе салғызғанын, жаңа оқу жылына дейін мұғалімдер 100 пайыз екпе алып болса, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, мектептер дәстүрлі оқу жүйесіне көшетінін хабарлады. Ал ата-аналарға қатысты әңгіме қозғалған жоқ.

Еліміздегі ең ірі мегаполистің бірі – Алматы қаласында да ата-аналарға мұндай талап қойылмаған. Рас, ол жақта да «Бір сынып – бір кабинет» қағидасы сақталады. Бастауыш, орта және жоғары буын балалары үшін мектепке жеке кіру есіктері қамтамасыз етілмекші. Бір класта бір оқушы ауырып қалса, басқалары да бірден қашықтан оқытуға жіберіледі. Сондай-ақ ата-анасы ауырып қалған балалар да онлайн оқитыны алдын ала ескертілді. Ал әке-шешесі вакцина салдырмаған оқушы мектепке жіберілмейді деген талап жоқ.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейлә Муликова да еліміздің де, өңірдің де мемлекеттік бас санитариялық дәрігерлерінің коронавирусқа қарсы күрес шаралары шеңберінде қабылданған қаулысында мұндай талап жоқ екенін айтты. Облыс әкімдігінің білім басқармасының мамандары ата-аналар мектепке кіргізілмейтіндіктен вакцинация паспорты талап етілмейтінін мәлімдеді.

«Балалар мектепке баруы үшін ата-анадан вакцинациядан өту талап етіле ме?» деген сауалды біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке де қойдық. «Екпе алуға еріксіз түрде ешкімді мәжбүрлемейді. Әркімнің өз шешіміне байланысты. Былтыр Уханьнан шыққан коронавирус балаларға қауіпсіз екені айтылған. Қазіргі кең тарап жатқан «Дельта» штамы жас жеткіншектердің денсаулығына да қатер төндіре бастады. Дәл қазіргі кезде облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 63 балғын КВИ-дан емделіп жатыр. Олардың арасында жаңа туған нәрестеден бастап, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер де бар. Індеттің таралу қарқыны артып, вирус жас талғамай жатқанын ескерсек, вакцинацияға деген көзқарасты өзгерту керек. Екпе – қай кезеңде де жұқпалы ауруларға тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы болған. Осы тұрғыдан алғанда, ата-аналар, кез келген ел азаматы вакцинациялау – өз денсаулығымызды қорғау екенін түсінсе деймін», – деді Әсет Әскерұлы.

ТҮЙІН: Мамандар «балалар сабаққа баруы үшін ата-анасы екпе салғызуы керек» деген міндетті талап жоқ екенін алға тартты. Мәселенің байыбына бармай жатып байбалам салып, екпе салғызуға тағы қорқып, не істерін білмей дал болып жүрген ата-аналар енді қорықпай-ақ қойса да болады.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support