- Advertisement -

«Ақтөс» 30 күшікті өз қамқорлығына алған

90

- Advertisement -

Соңғы кездері әлеуметтік желіде тұрғындар адамдардың көзінше ит пен мысықтарды атып,  қараусыз қалған үй жануарларын мұндай тәсілмен  аулаудың адамгершілікке жат екенін айтып дабыл қаққан болатын. Жыл басынан бері  Тараз қаласы бойынша 975 адамды ит тістеу фактісі  орын алған. Осыған байланысты облыстық ветеринария басқармасы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Облыстағы елді мекендерде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, жою жұмыстарын  ветеринариялық ұйымдар  мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес келісімшарт бойынша іске асырады.

Облыстық мәслихаттың  2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 52-8 шешімімен «Жамбыл облысында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары» бекітілген.

Қаңғыбас иттерді аулау гумандық әдістермен, атап айтқанда, құрық және торларды қолдана отырып,  өткізіледі. Ал егер жануар адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтыру ауруына шалдыққан деген күдік болса, ұйықтататын препараттар пневматикалық шприцтер арқылы қолданылады. Ал қарулармен иттерді ату жүргізілмейді. Ережеге сәйкес, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, қаңғыбас иттерді аулау кәмелетке толмағандардың көзінше жүргізілмейді.

Тараз қалалық ветеринариялық станциясында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау үшін 4 бригада құрылып, ауланған иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орны жабдықталған.

– Ит аулаушы бригадаларға  қаңғыбас жануарларға қатыгездік көрсетпеу, ауланған иттерді жарақатсыз  тасымалдау жайлы үнемі инструктаж жасалып тұрады. Ұстаған жануарларды қинамаймыз. Қазір қоңырау шалған тұрғындардың үйлерінен ит, мысықтарды өзіміз алып кетеміз, – дейді Тараз қалалық ветеринариялық станциясының директоры Қанатбек Қаңтарбаев.

– Ауланған қаңғыбас иттер жаңа иелерін іздеу мақсатында уақытша ұстау орындарында болады. Сұранысқа ие емес жануарлар эвтаназияға жатады және жойылады, өйткені ұзақ мерзімді ұстау үшін бюджеттік қаржыландыру бағдарламалары жоқ, – дейді  ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов.

Жыл басынан облыс аумағында 21415 қаңғыбас ит пен 449  мысық ауланған. Соның ішінде Тараз қаласында 10139 қаңғыбас ит пен 323 қаңғыбас мысық ауланып, жойылды.

Соңғы аптада ғана  қала аумағынан 29 ересек ит пен 30 күшік ауланып, уақытша ұстау орнына орналастырылды. Жеке «Ақтөс» жануарлар панасы 30 күшікті өз қамқорлығына алып, уақытша ұстау орнына орналастырған.

Қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбеюі көбінесе иелерінің жауапсыздығынан орын алуда, көшеге бос жіберіп, бақылаусыз шағылысып, қала көшелеріндегі босқын иттердің санын көбейтуде. ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабында жануарлар иелерінің міндеттері белгіленген, иттерін тіркеу иелері тарапынан жүргізілуі тиіс.Тұрғындардың басым көпшілігі сол міндеттерін атқармайды. Иттерін бос қойып жіберген иелеріне шара қолдану қала мен ауданның елді мекендерінде құзырлы мекемелер тарапынан жүргізіледі.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support