- Advertisement -

Жаңбырлатып суару қондырғысын алғалы бері жанымыз кіріп қалды

166

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданына жасаған жұмыс сапарында ауданға тартылған инвестициялық жобалардың барысын бағдарлап, ауыл шаруашылығы саласындағы тың бастамалардың жүзеге асырылуымен танысты. Басты мақсат – облыс әкімі Бердібек Сапарбаев берген тапсырмалардың талапқа сай орындалуын бақылау.

Құс фабрикасы жылына 21 мың тонна өнім шығармақ

Алдымен облыс әкімінің орынбасары «АСА АГРО» ЖШС салып жатқан құс фабрикасының құрылыс жұмысын көрді. Үш жылға жоспарланған жобаның жалпы құны – 8 миллиард теңгені құрайды. 2,6 гектар аумақты алып жатқан жаңа фабриканың құрылысы заман талабына сай жасалып, арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталып жатқаны туралы серіктестік директоры Төлебай Меңдіоразов айтып берді. Ол құс фабрикасындағы үш нысанның жұмысын желтоқсан айында іске қосқалы отырғанын жеткізді.

– Бір кезде тауарлы сүт өндіретін фабрика болған ғимараттың ұзақ жылдар бойы қаңырап, бос тұрғандығынан әбден тозығы жеткен еді. Қазір оны құс фабрикасына ыңғайлап, қайта жөндеп жатырмыз. Суды алыстан тасымас үшін алдымен ұңғыма қазып, су мұнарасын орнатып алдық. Фабрикаға қажетті құрал-жабдықтар Германиядан жеткізілуде. Осы жылдың соңына қарай фабрикамыз алғашқы өнімін бере бастайды. Алға қойған мақсатымыз жүзеге асырылатын болса, мұнда жылына 21 мың тонна құс еті сауда орталықтарына шығарылатын болады. Әр нысанда балапандар 42 күн күтіп-бағылады. Бұл мерзімде балапандар тиісті салмақ жинайды. Фабриканың әр базасына 3 жұмысшыдан бекітілген. Ал алдағы жылы осында 4 баздың құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша өндіріс қуатын екі-үш есеге арттыру жоспарымызда бар, – деді ол.

Төлебай Мырзағұлұлы осы мүмкіндікті пайдалана отырып, фабрикаға «көгілдір отын» жеткізу мәселесінің өзекті болып тұрғанын айтты. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Молдиярұлы бұл мәселені шешуді аудан басшылығына тапсырды.

Қанатқақты жоба өз нәтижесін беруде

Облыс тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаның екінші кезеңіне дайындық ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралғаннан кейін Жамбыл ауданында қызу басталып кеткендей. Бұған дейін жобаға қатысып келген Бесағаш ауылдық округінде халықтың әлеуметтік табысы әлдеқайда жоғарылағаны байқалады. Мәселен, 2019 жылы аталмыш ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны – 267 азаматты құраған болса, бүгінде бұл көмекті 62 адам алып отыр. Яғни, жоба аясында несие алып, кәсіп ашқан азаматтардың есебінен бұл көрсеткіш азайған. Ал биыл бұл жобаға Өрнек ауылы қатыстырылмақ. Осы ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов тұрғындарға жобаның негізгі мақсатын түсіндіріп, олардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Ауылдық округтің әкімі Азиз Мәнтеевтің баяндауынша, бүгінде 50 азамат тиісті құжаттарын жинастырып, әкімдікке өткізіпті. Олардың көпшілігі мал басын көбейтуге өтініш берген. Жалпы ауылда үй іргесіндегі  70,5 гектар жер телімін, сондай-ақ ауыл сыртындағы 820 гектар егістік алқапты игеру көзделген. 3 жылыжай салу да жоспарда бар. Ал мал алу үшін сұраныс бойынша 321 миллион теңге қажет екен. «Өрнек-Даму» ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, 13 ауыл шаруашылығы техникасын алмақ ниетте. Сонымен қатар ауылда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында кондитерлік цех, наубайхана, құс фермасын салу көзделген.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ақбастау, Аса ауылдық округтеріне қарасты 340 гектар пияз, 40 гектар картоп, 220 гектар қант қызылшасы алқаптарының басында болып, диқандардың жұмысымен танысты.

Жаңа технологияның игілігі кооператив жұмысына серпін берді

Облыс әкімінің орынбасары  «Қызылдиқан» өндірістік кооперативінің егістік алқабына да барды. Кооператив жұмысымен оның директоры Нуридин Бегманов таныстырды.

– Диқанға ең бірінші керегі – ағын су. Әңгімемді бірден судан бастауымның да өзіндік себебі бар. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ағын судан тапшылық көріп келдік. Бұл мәселені жағдайға қарай шешуге тырысудамыз. Жылда 100 гектарға қант қызылшасын егіп келеміз. Бұған дейін оның 50 гектарын бұрынғысынша арықпен суарсақ, қалған гектарына тамшылатып суару жүйесін қолданатын едік. Биыл американдық «Bullev» жаңбырлатып суару қондырғысын алып, жанымыз кіріп қалды. Бұл қондырғы өте қолайлы екен. Соның арқасында қазір алқапта арық та жоқ, сушы да жоқ. Бәрін осы құрылғының өзі атқаруда. Тиімділігі сол, 402 метр аумақты 24 сағатта ылғалдандырады. Бір атап өтерлігі қондырғыны ұялы телефонмен де басқаруға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта осындай қондырғыны сатып алуға ниеттіміз. Қазір осының көмегімен 50 гектар қант қызылшасы мен 50 гектар жүгері алқабы ылғалдандырылуда, – деді шаруашылық басшысы.

Нұржан Молдиярұлы мұндай технологияны қолданып отырған шаруаның ертең өнімі де жаман болмайтынын айтып, жұмысына сәттілік тіледі.

Сапарының соңында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов Қаратөбе ауылдық округіне қарасты құс етін өндіретін «Алел Агро» ЖШС жұмысымен де танысты.

 

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support