- Advertisement -

Батырын ардақтаған елміз

261

- Advertisement -

Иә, біз қай кезеңде де елі үшін жанын беруге әзір тұратын батырларын ардақтай білген елміз. Өйткені қазекем «Жаңбыр жауса жер ырысы, батыр туса ел ырысы» дегенді текке айтпаған ғой. Сол себепті де біз ұлтым деп туған ұлдарымызды жадымызда сақтауға міндеттіміз.

Көрнекті Мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің облыстық «Aq jol» газетінде жарияланған «Өшпес ерлік» атты көлемді мақаласын бір деммен оқып шықтым. Жазбада келтірілген деректердің барлығы да көңіліме қонды, жүрегіме жетті. Мақалада көрсетілген автордың барлық ойын қуана құптаймын, ол айтқан ұсыныстардың жүзеге асуына шын жүректен тілектеспін. Ондай бір ойлар бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтылып келген еді. Мәселен, 289 фашистің көзін жойған Ыбырайым Сүлейменовке берілмеген Кеңес Одағының батыры атағы немістің 130 сарбазын жайратқан мергенге берілгенінен де хабардармыз. Бұл енді әділеттілік пе? Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігін бағалау жөнінде партизан жауынгер, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов те үнемі айтып, «Ол барлық жоғары марапатқа лайықты мерген» дегенді алға тартып жүретін. Мұның өзі тұлғалар арасындағы адами қарым-қатынасты, құрметті байқатса керек.

Бір кездері мен облысымыздағы қоғамдық «Бейбітшілік» қорын басқарған болатынмын. Ал Жатай Жұмаділов деген кісі (20 жыл облыстық білім басқарамасын басқарған) «Ыбырайым Сүлейменов» атындағы қордың төрағасы қызметін атқарған-ды. Әрине, ол барынша қордың жұмысын жандандыруға тырысып баққаны сөзсіз. Алайда жұмыс біз ойлағандай жанданып кете алмағаны өкінішті. Уақытында жиналған қаржыға Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Ыбырайым Сүлейменовке арналып ескерткіш-бюст тұрғызылды, Құран оқытылды. Сол жылдары қазақтың белгілі қаламгері болған Әзілхан Нұршайықов, Қасым Қайсенов бастаған азаматтар Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс жасаған. Ол кезең де есімде. Жалпы алғанда, даңқты тұлғаларды уақтылы бағалап отырғаннан ұтылмайтынымыз анық қой. Ол біздің қоғамның тарих алдындағы борышы мен міндеті деп білемін. Сондықтан да бұл тірлікке бейжай қарауға болмайды.

Қай кезде де өзекті саналатын бұл мәселенің Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында тағы да көтеріліп жатқанына өз басым өте қуаныштымын. Әрине, елім деген ердің ерлігі қай кезде де бағалануы тиіс, өйткені ол оған өте лайықты. Мұндай батырларымызды ардақтау – Отан үшін от кешкен дарабоздарымызды өз деңгейінде құрметтеу деп түсінемін. Осындай құрметтің жас ұрпақты патриот азамат етіп тәрбиелеуде де маңызы зор екені айтпаса да түсінікті шығар. Сондықтан Мұхтар Құл-Мұхаммедтің  ойы елдік мәселе, әрі-беріден кейін үлкен кісілік деп түсінемін. Тұтастай қазақ халқы әлдеқашан батыр деп бағалап қойған Ыбырайым Сүлейменовке қаһарман атағы ресми беріліп жатса, әр қазақстандық үшін үлкен қуаныш! Әрі бұл біздің бірлігімізді, кісілігімізді көрсетер еді. Көтерілген мәселені толық қолдаймын.

Біз қай кезде де мықтылардың өшпес ерлігі мен болмыс-бітімін ұмытпауға, олардың рухын ардақтауға тиіспіз. Қазақ даласы батырларға ешқашан кенде болған емес. Олар Отанымызды қорғауда ерліктің ерен үлгісін көрсете білгендері сөзсіз. Сол себепті де даңқты ұлдарымыздың есімі тарих парақтарында алтын әріптермен жазылды, сақталды, хатталды. Жүрегі елім, жерім, Отаным деп соққан даңқты азаматтардың рухына тағзым ету – біздің азаматтық парызымыз. Осыны ұмытпай, ел ертеңі үшін майдан даласында жаумен арпалысқан нағыз батырымыз туралы кеңінен толғана жазған Мұхтар бауырымызға Алланың нұры жаусын дегім келеді. Батырдың ерлігі ескерусіз қалмаса екен. Ыбырайым Сүлейменовтей елін сүйген ерлердің есімі мәңгі жасауы тиіс. Енді сол бағытта нақты жұмыстар қолға алынса, нұр үстіне нұр болмақ. Біз ойдағыдай нәтиже шығатынына сенеміз.

Баттал Жаңабайұлы,

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support