- Advertisement -

Әр ауылдағы ұсақ шаруашылықтарды біріктіру қажет

52

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Талас ауданына барып, аудан әкімінің тұрғындар алдында берген жылдық есеп беру жиынына қатысты. Халықпен кездесуде Бақыт Қазанбасов ауданның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы баяндады.

 Аудан басшысының айтуынша, 2020 жылы жалпы өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 47 миллиард 690 миллион 900 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 миллиард 576 миллион теңгеге артық орындалды. Өнеркәсіп өнімдері 22 миллиард 631 миллион 600 мың теңгеге өндірілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 18 миллиард 835 миллион 100 мың теңгені құрады. Құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын, қуаттылығы 9,0 мВт болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатында «Вин Пауер Сити» және «Вин Электрсити» ЖШС-ның құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Пайыздық ставканы субсидиялау тетігі бойынша 206 миллион 300 мың теңгеге 5 жоба іске асырылды. «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы негізінде 140,0 миллион теңгенің 2 жобасы іске асырылды. «Еңбек» бағдарламасы қаражаты есебінен «Іскер» бағдарламасы бойынша 27 миллион теңгеге 6 жоба несиеге қолдау тапты. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 517 миллион 800 мың теңгеге жылқы, уақ мал және ауыл шаруашылық техникалары сатып алынды. Ауыл шаруашылығы өнімі 15 миллиард 361 миллион 200 мың теңгеге өндірілді. Ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 153 пайызға орындалды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6 шаруа қожалығы 2623 қой малын сатып алса, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 27 шаруа қожалығы 3301 қой, 249 мүйізді ірі қара сатып алды.

Есепті мерзімде құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 103,8 пайызға артық орындалды. Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 18219 шаршы метрді құрады. «Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Қайыр, Арал елді мекендерінде орамішілік газ тарту желісін салу жұмыстары толық аяқталды. «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша Майтөбе ауылының су жүйелерінің құрылыс жұмыстары, Тамды ауылдық округінде орналасқан су ағатын «Тамды» темірбетон жүйесін ағымдағы жөндеу жұмыстары толық бітті.

Баяндамашы ауданда жыл ішінде атқарылған басқа да жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтті. Егін жинау жұмыстарының барысы, кәсіпкерлік саласы, сумен жабдықтау және су бөлу жүйесінің қызметі туралы, автомобиль жолдарын орта және ағымдағы жөндеу, еңбек нарығы және әлеуметтік салалар бойынша, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында атқарылған жұмыстар жайлы айтып, ауданда 2021 жылы атқарылатын жұмыстарға да қысқаша тоқталып өтті.

Бірінші болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы 8 ауылдық округке орналасқан 14 елді мекеннің тұрғындары пайдаланатын «Ақкөл – Қойгелді» автомобиль жолының бұзылып бара жатқанын айтып, осы жолды жөндеуді қолға алса деген тілегін жеткізді. Ақсақал сондай-ақ пандемияға байланысты былтыр Көшек батырдың 400 жылдығын атап өту биылға шегерілгенін сөз етіп, облыс әкімінен осы атаулы датаға байланысты Бөлтірік шешен, Көшек батыр ауылдарының көшелерін жөндеуге қаржы бөлуге ықпал етуін сұрады.

Сауал иесіне жауап берген аудан әкімі Б.Қазанбасов ұзындығы 28 шақырым болатын «Ақкөл – Қойгелді» автомобиль жолына тиісті қаражат бөлінгенін айтып, биыл жол жөнделеді деп уәде берді. Ал ақсақал көтерген екінші мәселе бойынша облыс әкіміне қолқа салды. Бердібек Машбекұлы өз кезегінде Көшек батырдың 400 жылдығын атап өту ұлтымыз үшін маңызды іс-шара екеніне тоқталып, оны атап өту-өтпеу індеттің аяқталуына байланысты екенін ескертті.

Тараздық блогер Исламбек Дастан аудан әкіміне бірнеше сауал қойды. Әлеуметтік желіде «жыр» болған Қызыләуіт ауылындағы мектептің 5 жылдан бері жылытылмай келе жатқанын, тек өзі көтерген соң ғана бұл мәселе қолға алынғанын, ауылдарға газ кіргенімен мәселе мұнымен толық шешілмегенін, сондай-ақ есепті кезеңде 9 бірдей индикатордың орындалмағанын айтты. Бұған жауап қайтарған Бақыт Алпысбайұлының айтуынша, мектептің пеші дайын дегендердің сөзіне сеніп қалған, ол жылытпаған соң қосымша пеш апарып орнатып қосқан. Исламбек сияқты қырағы азаматтардың көмегіне алғысын айтқан аудан әкімі оның басқа сауалдарына да тиісті жауап берді. 9 индикатор бойынша жоспар орындалмады деген ақпараттың дұрыс еместігін айтып, тек 2 индикатор бойынша орындалмағанын растады. Облыс әкімі міндетке алынған жұмыстардың барлығы уақтылы орындалуы тиіс екенін ескертті.

Бұдан кейін аудан әкімі әлеуметтік желілер арқылы жолданған сұрақтарға жауап берді. Оның бірі Майтөбе, Қасқабұлақ және Есейхан ауылдарына газ кіргізу мәселесін көтерсе, келесісі өткен жылы пайдалануға берілген 3 шағын аудандағы №22 көпқабатты тұрғын үйдің кілттері неге тапсырылмай жатқанын сұраған. Тағы бір қала тұрғыны қаланың жөнделмей жатқан көшелерінің жайын көтерген. Бұл сұрақтар да тиісті жауаптарын алды. Осы жерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзіне әлеуметтік желі арқылы келген сұрақты оқып берді. Қаратау қаласының 7 баласы бар тұрғыны өзі тұратын 5 шағын аудандағы №52, 55 үйлердің суық екеніне шағымданған. Бердібек Машбекұлы: «Мына жиын біткен соң сол үйлерге барып, пәтер иелерімен сөйлесіңдер. Қажет болса жертөлеге түсіп, не себепті жылудың дұрыс берілмей отырғанын анықтаңдар», – деп тиісті мамандарға тапсырма берді. Сондай-ақ «Хабар 24» телеарнасы апатты жағдайда тұр деп ақпарат таратқан аудан әкімдігінің ғимараты туралы мәселенің де анық-қанығын сұрады.

Кәсіпкер Екатерина Цой осыдан бір жарым жыл бұрын қала ішіндегі автобус қозғалысын жандандыруды қолға алған екен.

– 20 жылдан бері тоқтап тұрған автобус қозғалысын қолға алдық. Бұған дейін тұрғындар такси қызметін пайдаланып келген еді. Оның құны 200-300 теңге көлемінде болса, біздің автобусқа небары 50 теңге төлейді. Алайда біздің автобустар жүретін мектептерге, ауруханаға баратын бағыттағы жолдардың сапасы сын көтермейді. Қала әкімдігі осы жолдарды жөндеуді қолға алса дейміз.

Облыс әкімі кәсіпкердің дағдарыс орталығын ашу жоспарын да құптап, оған облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттік тапсырыс бөлінуіне қолдау көрсететінін айтты.

Есеп беру жиынында сөйлеген ауданның Құрметті азаматы Базылхан Тоқтыбаев, еңбек ардагері Түзелбек Рақышев, Рашид Аятұлы, Марат Мырзаевтар да өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салып, ойларымен бөлісті. Сейілбек ауылының тұрғыны Әділет Жатқанбай осыдан жарты ғасыр бұрын салынған құдықтың суы ішуге жарамсыз болып бара жатқанын көтерсе, Базылхан Тоқтыбаев Қаратау қаласында мүгедек балаларға арналған орталық салынады деген хабарға орай қуанышымен бөлісіп, аудан, облыс басшыларына рахметін айтты. Ол қала сәнін кетіріп тұрған бұрынғы қонақ үйдің, басқа да пайдалануға жарамсыз боп тұрған бірқатар көпқабатты үйлерді ретке келтіру мәселесін қозғады. Бұл сауалдардың бірқатары жиын барысында шешілсе, енді бірқатары зерттеп, анықтауды қажет ететінін айтқан аудан әкімі тұрғындардың ешбір сауалдары аяқсыз қалмайтынына сендірді.

Жиында сөйлеген аудан тұрғындары өз нәтижесін бере бастаған пилоттық жобаның жалғасын табуын сұраса, енді бірі суармалы, егіндік, жайылымдық жерлерді көбейтудің маңыздылығын айтып, билік басында отырғандардан осы маңызды мәселелерді шешіп беруді сұрады. Бір сөзбен айтқанда, кездесуге келген халық өздерін толғандыратын газ, су, жарық, жылу, жол, баспана, жұмыссыздық сияқты мәселелерден айналып өтпеді.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Б. Сапарбаев өткен жылы індеттің өршуіне қарамастан билік халықтың алдындағы өз әлеуметтік міндеттерін орындағанын айтты. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жол мәселесі бойынша алдыңғы жылмен салыстырғанда ілгерілеушілік бар. Экономиканың даму қарқыны өткен жылмен салыстырғанда артты. Пандемияға байланысты қиындықтарға қарамастан 20 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан асқан жоқ. Биыл індетке, дағдарысқа байланысты Үкімет 5 триллион теңге қаржы бөлді. Оның 150 миллиарды біздің облысқа бөлінсе, соның 5 миллиарды осы Талас ауданына тиесілі.

– Біз мемлекеттің қолдауын, көмегін тиімді пайдалануымыз керек. «Сыбаға» бағдарламасы мал басын көбейтуге көмектеседі. Жайылымдық жерлерді арттырып, егістік көлемін көбейту керек. Сонда өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз етеміз, артығын сатамыз. Тұқымдықты жөндеу керек, тыңайтқыш мәселесі де аз айтылып жүрген жоқ. Тыңайтқышты пайдалануды қолға алу керек, сонда өнім көлемі де артады. Оның үстіне тыңайтқыштың 50 пайызы тегін берілетін болады. Тамшылатып суарудың тиімділігі зор. Ауданның жер астын зерттеп, жерасты суын пайдалануды қолға алу керек. Ең бастысы, суармалы жерлерді көбейту керек. Ақкөл су айдыны толық жөндеуден өтіп, оған 700 миллион теңге бөлінді. Асыл тұқымды мал басын көбейту де маңызды. Мұндай сиырлар кем дегенде 10 литрден сүт беру керек. Мемлекеттен берілетін субсидияны пайдаланып, асыл тұқымды шаруашылықтар құруымыз қажет. Әр ауылдағы ұсақ шаруашылықтарды біріктірген жөн. Олардың не техникасы жоқ, не қаржысы жоқ, несие алу үшін кепілге қоятын мүлкі жоқ. Сондықтан оларды біріктіріп, ірілендірген дұрыс деп санаймын. Жалпы әр ауданда кем дегенде 2-3 ірі шаруашылық болуы тиіс. Талас ауданында бірнеше ірі кәсіпорындар бар. Өндірісті дамытып, өнімді өңдеу ісін мықтап қолға алатын кез келді. Сонда табыс та көбейеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуымыз керек. Үкіметтің оларды салықтан босатып, бұл салаға қаржыны көптеп бөліп жатқаны да бекерден-бекер емес. Бізде беріліп жатқан қаржыға ұсынылатын жарамды жобалар жоқтың қасы. Сондықтан әкімдіктер осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс, – деген аймақ басшысы әкімдерге демеушілерді көптеп тарту туралы да тапсырма берді, «Туған жер», «Түлек.кz» сияқты бағдарламалармен жұмыс істеуді тапсырды.

«Ауыл әкімдері ұйықтамауы керек, күнделікті жұмысын ауылдағы мектеп, медпункт сияқты мекемелерге бас сұғудан бастап, тәртіпті қадағалауды әдетке айналдырғандары жөн. Тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын да назардан тыс қалдырмаңдар!», – деген Бердібек Машбекұлы аудан тұрғындарын бірлік пен ынтымақтаса еңбек етуге шақырды.

 

Жүрсінгүл Жақып

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support