Жуалыдағы бес жүз кәсіпкердің 16-сы ғана есепте бар

Жуалыдағы бес жүз кәсіпкердің 16-сы ғана есепте бар
ашық дереккөз
Жуалыдағы бес жүз кәсіпкердің 16-сы ғана есепте бар
Халық алдында аудан əкімдерінің өткен жылдың қорытынды есебін беру жиындары басталды. Жуалы ауданының əкімі Нарбай Ергебековтің есептік кездесуіне облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі қатысты. Нарбай Əбілқасымұлының айтуынша, ауданда тиісті кезеңде ішкі өнімнің жалпы көлемі 58 180,5 миллион теңгені құрап, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,7 пайызға жоғарылаған. Оның 19,4 пайызы өнеркəсіпке, 59,3 пайызы ауыл шаруашылығына, 21,6 пайызы құрылыс жұмыстарына, 9,7 пайызы сауда айналымына тиесілі. Бұдан бөлек, өндіріс ошақтары 11 293,8 миллион теңгенің өнімін өндірсе, ауыл шаруашылығы өнімі 34 миллиард 504,1 миллион теңгені құраған. Негізгі капиталға салынған инвестиция 31,7, көтерме сауда тауар айналымы 233,6 пайызға орындалған. Ал бөлшек саудасы 102,6, құрылыс жұмыстары 102,8 пайызға табан тіреген. Жеке тұрғын үй салушылар есебінен 13 448 шаршыметрді құрайтын 97 тұрғын үй аула құрылыстарымен қабылданып, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 121,4 пайызға артқан. Бүгінде ауданда жер теліміне 2879 адам кезекке тұрса, өткен жылы 244 адамға жер телімдері берілген. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында 38 жоба қаржыландырылып, игерілген. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 6 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 20 жоба қаржыландырылып, кəсіпкерлер күшімен іске асырылған. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама негізінде мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі облыстық конкурстық комиссияға 44 жоба ұсынылып, екі кәсіпкер мемлекеттік грантты жеңіп алған. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында аудандағы 4 шағын несие ұйымдары арқылы 3491 адамға 2 661,3 миллион теңге несие тараттылған. Мал шаруашылығында да өсім байқалады. Жылдық қорытынды бойынша мүйізді ірі қара 4,3, қой-ешкі 3,7, жылқы 26,7, құстар 2 пайызға жоғарылаған. Тірі салмақпен 14 075,7 тонна ет, 44 631 тонна сүт, 8 046,8 мың дана жұмыртқа өндірілген. Ауыл шаруашылығы техникалары да жаңартылуда. Өткен жылы 816,9 миллион теңгеге 180 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Өткен жылы картоп дақылын өсіруді бұрынғы деңгейге жеткізу мақсатында 50 ауыл шаруашылығы техникасы 116 миллион теңгеге алынған. Тұқым мəселесін шешу үшін Қарағанды облысынан жоғары репродукциялы 944 тонна картоп тұқымы жеткізіліпті. Биыл оны 240 гектар алқапқа орналастыру жоспарланған. Бұдан бөлек, аудан əкімі Нарбай Ергебеков білім, денсаулық, мəдениет жəне басқа да салалардағы жеткен жетістіктерге тоқталып, баяндап өтті. Баяндамадан соң жарыссөз болып, оған Б. Момышұлы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дəуренов шықты. «9 елді мекенге ауызсу, 7 ауылға «көгілдір отын» жеткізілді. Ауданда көп жұмыстар атқарылуда. Сізден сұрайтыным қалған 7 елді мекенге табиғи газ жеткізуге, Қошқарата бағытына қар ұстайтын белдеу орнатуды жалғастыруға жəне №16 мектеп-лицей қасындағы жатақхананы жөндеуге көмек берсеңіз», – деді ол. – Бүгінгі күн тəртібінде аудан əкімінің есебі екенін ұмытпайық. Сұрақты маған ғана емес, есеп беріп отырған аудан əкіміне қойыңыздар. Жуалы ауданында көп мəселенің шешілмей жатқаны белгілі. Сіздер осы кездесуді пайдаланып, сұрақтарыңызды бүкпесіз, ашық берулеріңізге болады, – деді Бердібек Машбекұлы халықты ашық пікір алаңына шақырып. Осыдан кейін барып, залдан сұрақтар қойыла бастады. Мәселен, блогер Исламбек Дастан аудан әкіміне ауданда интернет, ұялы байланыс желісі толық шешілмеген, оны қалай шешпексіз? Облыстағы 61 индикатордың 7-еуі орындалмаған. Ол туралы баяндамаңызда айтқан жоқсыз. Оны қалай орындайсыз?» – деді. Нарбай Әбілқасымұлы, ұялы байланыс пен интернет желісін күшейту үшін ауданның үш аймағына байланыс мұнаралары орнатылатынын айтты. – Қазіргі таңда Жуалы ауданы өз мүмкіндігін толық пайдаланып отыр ма? Инвестиция тартуда Жуалы ауданы соңғы орында тұр. Өткен жылы кəсіпкерлік сала бойынша жобаларға сұраныс берілмеген. Өнім өндіру төмен. Азық-түлік, ет, сүт жəне көкөніс өндірісі бар болғаны 1 пайызға ғана жоғарылаған. Оны қалай түсінуге болады? Ауданда бес жүз кәсіпкер жұмыс істейді, бірақ біздің есепте ол 16 ғана кəсіпкер. Бұл ауданда кәсіпкерлермен жұмыстың дұрыс жолға қойылмағанын көрсетеді. Өткен жылы облыста 7 мыңнан астам адам 5 миллиард теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Ауданда қанша адам грант иегері атанды? Сондай-ақ қанша кəсіпкер жеңілдетілген грант немесе несие алды? – деп Бердібек Машбекұлы сұрақты төтесінен қойды. Аудан əкімі Нарбай Ергебеков кейбір жұмыстар мен жобалардың орындалмағанын пандемияға байланысты деп ақталды. «Бəрін індетке артып қоюға болмайды. Биыл құжат жасаймыз, келесі жылы жұмыс істейміз деп жүре береміз бе?» – деді Бердібек Машбекұлы. Қаратас ауылының тұрғыны Алтынбек Қуанышев ауылдан 180 орындық мектеп салып беруді сұраса, Жаңаталап ауылының тұрғыны Зайырбек Сұлтанмұратов Көксай каналына күзде де су түсіріп, онымен аңызақтарды суарсақ, сондай-ақ ол каналдан сегіз километр арақашықтықта жатқан Ақмолда каналына дейін бетон науа салып су түсіруге болатындығын айтып, көмек сұрады. Ал жеке кəсіпкер Гүлнұр Туғанбаева «Қаралма» тау-шаңғы кешені қашан ашылады? Біз сонда жұмыс істегіміз келеді» десе, диқандық Əсет Олжабаев тыңайтқыш алудағы қиындықтарды сөз етті. Осы жəне басқа сұрақтарға аудан əкімі Нарбай Ергебеков жауап берді. Кейбір сұрақтарға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі жауап беріп, «Біз үнемі əлеуметтік желіні қарап, əрбір аудан бойынша сараптама жасап отырамыз. Жақында Эльвира Жарылқасынова əлеуметтік желіде аудан əкіміне Диқан ауылының тұрғындарымен кездескенін, онда жиналғандардың барлығы мұғалім екенін айта келіп, біраз мəселені көтерген болатын. Ол қыздың көтеріп отырғаны орынды мәселе. Жалпы Жуалы ауданында білім жəне денсаулық саласында көп мəселенің бары рас. Əлеуметтік желіде көтерілген мəселелерге уақтылы жауап берілмейді. Осыдан келіп халықтың наразылығы туындайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз деп отырғанда біздің мұнымыз жарамайды. Мемлекеттік билік алдына келген халықтың өтінішін тыңдауға, жауап беруге міндетті. Жуалыда осы жағы кемшін соғып тұр. Қарап отыра бермей жұмыс істеу керек, жобаларды жүзеге асыру үшін сұрау керек, ұсыныс беру керек. Жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы бағдарламалары жұмыс істеуі қажет. Орман қорын жайылымға пайдалануға болады. Сөйтіп жайылымның егістік көлемін көбейту керек. Тұқым сапасын арттырып, тыңайтқыштарды пайдаланып, жаңа технология енгізуге баса мән берген жөн. Жаңбырлатып суару, жерасты суын пайдалану арқылы суармалы жерлерді көбейтіп, су балансын жасау керек. Ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендіру ісіне ден қою қажет. Ұсыныс берілсе жұмыс болады. Барлық саланы салыстырмалы түрде қарап отырсақ бір-екі ғана пайыз жоғарылағанын көреміз. Бұлай жалғаса беретін болса, ауданның экономикасы, халықтың тұрмысы ешқашан көтерілмейді. Бір кезде одаққа даңқы шыққан ауданның картоп өндірісі құлдыраған. Оны көтеруге болады ғой. Оған қажетті барлық көмек берілуде. Сүт өнімдерін де солай көтеру керек. Жермен жұмыс істеу керек», – деген Бердібек Машбекұлы басқа да əлеуметтік желіден, залдан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жиынды қорытындылады.  

Марат Құлибаев

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар