- Advertisement -

Мұнай ғана емес, металл бағасы да құлдырады — Экономика министрі

40

- Advertisement -

Үкімет «сценарийі»: мемлекеттік сатып алуда қазақстандық өндірушілерге басымдық беру қажет

Бүгін Үкімет отырысы экономикадағы жедел көрсеткіштерді жариялаудан басталды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің хабарлауынша, мұнайдың бір баррелі қазір 34 доллардан сатылып жатыр.

«Ағымдағы кезеңде сыртқы экономикалық жағдайлар төмендегідей: әлемдік тауар нарықтарында мұнай мен металдар бағасы едәуір төмендегені байқалады. 9 наурыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне 34 долларды құрады. Бұл жыл басымен салыстырғанда екі есе арзан. Күн ішінде мұнай бағасы бір барреліне 31 долларға дейін төмендегені байқалды. Металл бағасы да төмендеді: мырыш — 16%, мыс — 12%, темір кені — 4%, ферроқорытпалар 1,2% арзандады», — деді баяндама жасаған Руслан Даленов.

Дәленовтің хабарлауынша, осы жағдайға байланысты Қазақстан экономикасының қаңтар-ақпан айларындағы макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша жедел деректер жиналған. Оның айтуынша, екі айдағы Қазақстанның жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,3% құрап, негізгі капиталға салынған инвестициялар 11,6% өскен. Ал, жылдық инфляция 6%-ды құраған.

«Сыртқы конъюнктураны және сыртқы жағдайларды назарға ала отырып, дамудың сценарийлік болжамдары мен тиісті шаралар топтамасы әзірленді. Бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету бойынша тәсілдер қалыптастырылды. Бұл ретте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру толық көлемде орындалады», — дейді Руслан Дәленов.

Ұлттық экономика министрі сыртқы қауіптердің әсерін төмендету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарды бірқатар мәселеге назар аударуға шақырды.

«Біріншіден, сыртқы қауіптерге мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету шараларын қабылдау. Екіншіден, көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермеу үшін өңірлер қаупінің картасын анықтау. Үшіншіден, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру. Төртіншіден, мемлекеттік ұйымдардың, ұлттық компаниялардың және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті өндірушілердің қатысуын көбейту бойынша шараларды күшейту. Бесіншіден, жағдайдың жедел мониторингін қамтамасыз ете отырып, еңбек нарығындағы тұрақтылық мәселесін ерекше бақылау. Алтыншыдан, инвестициялық жобалар пулын іске асыру үшін нақты шаралар қабылдау. Жетіншіден, әлеуметтік шығыстар мен шағын және орта бизнесті қолдайтын шығыстарды басым қаржыландыруды қамтамасыз ету», — дейді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

azattyq-ruhy.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support