- Advertisement -

Ауылдың айтқыштары

72

- Advertisement -

«Басқа күндері боспын»

Сәкен Сейтімбет деген кісі қалжыңпаз. Қарапайым еңбек адамы болса да, ауылдастарына айтқыштығымен белгілі. Тапқыр азаматтың әзілдері көпшіліктің езуін жиғызбайды.
Тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезең. Ауылдағы Сәкен де жұмыссыз жүрген. Қолындағы бес-он тұяғымен әупірімдеп жүрсе керек. Сонда бір танысы:
– Сәке, қандай жұмыс істеп жүрсіз? – деп сұрапты. Сәкен:
– Сенбі, жексенбі – заңды демалысым. Қалған күндері боспын, – деп жауап берген екен.

«Шаршасам да көрейін…»

Бір жолы ауылға, немере әпкесінің үйіне келін түсіпті. Сәкен – құрылысшы, ұста. Кешке дейін бір үйде пеш соғып, кештетіп, сәл қызулау болып келін түскен жерге барса керек. Содан бірден залға өтіп, құдашаны биге шақырып, мазасын алыпты. Оны байқаған әпкесі залдың есігін ашып:
– Сәкен, кешке дейін жұмыста жүрдің. Бұл – жастардың отырысы. Басқа бөлмеге барып демал, – депті. Сонда Сәкен:
– Әпке, шаршасам да бір көрейін, – деген екен, ауыр жұмыс істейтіндей.
«Өкше»

Бір құрдасының әйелі Сәкенге етігін жөндетіпті. Етіктің өкшесі түсіп қалған екен. Ауылда құрдасының әйеліне «кемпірім» деп сөйлей береді. Сонда айтқыш:
– Әй, кемпірім-ай, мына етігіңнің өкшесіне жез қағып, бекітіп берейін. Содан кейін «жез өкше» болып жүресің, – деген екен.

Қойдың басы

Сәкеннің ас-жиында ет жайғайтыны да бар. Бірде Болат деген құрдасы әкесіне ас беріп, Сәкен ет жасап жатады. Содан бірнеше қонақ келгендіктен, ет те азайып, қойдың басы таусылып қалады. Астың аяғында Болаттың нағашысы жетеді. Ол кезінде аудан басқарған кісі екен. Оған міндетті түрде бас берілуі керек. Ол үшін бір қойды сойып, әуреге түсу керек. Сонда Сәкен:
– Әй, Болат, сен мені тыңда. Мынау алдыңғы қонақтардан қалған қойдың басы, еш жері бүлінбеген. Нағашыңның табағына осы басты салайық. Қашанға дейін халық әкімнен қалғанды жейді, әкім де халықтан қалғанды жесін, – деп әзілдеген екен.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support