- Advertisement -

Александр Усик жаңа биікті бағындырмақ

28

- Advertisement -

Бірінші ауыр салмақ дәрежесінде әлемнің абсолютті чемпионы атанған украиналық былғары қолғап шебері Александр Усиктің алға қойған мақсаты зор. Ол бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) ұйымы қойған талаптан бас тартып, өзіне тиесілі чемпиондық белбеуді босатып берді. Нәтижесінде Усик ресейлік Денис Лебедевпен жұдырықтаспайды. Енді ол аса ауыр салмақ дәрежесінде бақ сынайды.
Белгілі ағылшын промоутері Эдди Хирн Александр Усиктің аса ауыр салмақтағы алғашқы қарсыласы туралы ойын білдірді. «Усик алыптардың салмағына ауысты. Дебюттік шайқасында камерундық Карлос Такаммен қолғап түйістіреді. Қазіргі кезде біз украиналық боксшының қай уақытта шаршы алаңға көтерілетінін анықтау үстіндеміз. 18 мамырды таңдағымыз келген. Алайда ол күні WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Деонтей Уайлдер шаршы алаңға көтеріледі. Сондықтан біз бұл екі шоудың бір мезетте өткенін қаламаймыз. Бәлкім он жетінші немесе жиырма бесінші мамырды таңдауымыз мүмкін», – деді ол.
Жалпы Карлос Такам өзінің кәсіби мансабында Александр Поветкин, Энтони Джошуа, Дерек Чисора секілді қарымды қарсыластармен жұдырықтасып көрген болатын. Александр Усиктің басты арманы – ұлыбританиялық Энтони Джошуамен қолғап түйістіру. Ағылшын боксшысы негізгі үш тұжырым бойынша әлем чемпионы саналады. Усик Джошуамен шаршы алаңда кездескенге дейін жаңа салмақта дене қыздыру, бой үйрету шайқастарына шығуы тиіс. Әрине, әрбір келесі жекпе-жек сайын қарсыластардың деңгейі өсе беретіні сөзсіз.
32 жасар Украина боксшысы 2018 жылы бірінші ауыр салмақ дәрежесінде әлемнің абсолютті чемпионы атанған болатын. Ол бокстан бүкіләлемдік супер серия додасының финалында ресейлік Мурат Гассиевті жеңген еді. Бұдан кейін ағылшындық Тони Бельюден айласын асырып, өзінің шын мықты екенін танытты. Сол жекпе-жектен соң Усик аса ауыр салмақ дәрежесіне ауысуға бекінді.
Украиналық былғары қолғап шебері бар болғаны 15 шайқаста әлемнің абсолютті чемпионы атанды. Ал көптеген боксшылар жиырма-отыз рейтингілік кездесуге шығып жүретіні баршаға мәлім. Усик секілді өз мақсатына қазақ боксшылары да жылдам қол жеткізсе, шіркін!

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support