- Advertisement -

Орынсыз қалжың «от» тұтады

91

- Advertisement -

Бір танысым үйленіп отбасын құрғаннан кейін бойдақ достарымен бұрынғыдай көше кезіп қыдырып, ащы су ішіп көңіл көтеруден қашқақтай бастапты. Оның бұлайша өзгеруі бойдақ достарына ұнай қоймайды. Наразы болған достары «кінәліні» жазалаудың жолдарын ойластыра бастайды. Ақыры оның оңай жолын табады. Ресторанда бас қосқан бойдақтардың біреуі түнгі қызметіне, кезекшілікке кеткен достарының үйіне телефон соғып:
– Сәлеметсіз бе, бұл бәленшінің үйі ме? – дейді өктем дауыспен. Шошып қалған әйелі:
– Иә сол кісінің үйі, жайшылық па? – десе, телефон соғушы:
– Сізді мазалап тұрған МАИ қызметкері. Қазір сіздің күйеуіңізді мас күйінде мәшинесіне жеңіл жүрісті екі сұлу келіншекті отырғызып алып қала сыртына қыдырып бара жатқан жерінен ұстадық. Күйеуіңізге ие болмай бетімен жібергеніңіз қалай? – деп трубканы орнына қоя салады.
Қызғаныштан іші от болып жанып, қаны басына шауып, қан қысымы көтерілген әйелі түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шығады. Таңертең танысым түнгі кезекшіліктен шаршап үйіне келсе оны күтіп әзер шыдап отырған әйелі қолындағы ожаумен басынан аямай бір ұрып, кеудесіне итеріп жіберіп, есікті ішінен жауып алыпты. Түкке түсінбеген танысым ашу шақырып:
– Сені жын ұрған ба? Осыншама  ашуланатындай не болып қалды. Есікті аш, сөйлесейік, – десе әйелі:
– Не сөйлесетіні бар, көңілдес келіншектеріңмен ары қарай қыдыра бер! Енді бұл үйге келуші болма! – деп есікті ашпай қояды.
– Не деп сандырақтап тұрсың, қайдағы көңілдес әйелдер? Мен жұмыстан шаршап келіп тұрмын, қане есікті аш! – дегеніне әйелі құлақ аспай ары қарай, тіпті, тіл қатпай қояды. Содан есіктің алдында ұзақ уақыт тұрудан шаршаған күйеуі бір досының үйіне барады. Шай үстінде досына үйінде болған әңгіме туралы айтса ол мәз болып күліп:
– Бізді араққа жақсылап тойдырсаң бәрін орнына келтіреміз, – дейді. Бәленің достары жағынан болғанын сезген танысым:
– Жарайды, айтқандарың болсын, – деп келісімін береді.
Көп ұзамай бойдақ  достарының бәрі жиналып жәбірленушіні үйіне ертіп апарып, әйеліне болған оқиғаға  өздерінің кінәлі екендіктерін айтады,  «біз қалжыңдап едік» деп ақталады. Алғашында әйелі оның достарының сөздеріне сене қоймайды. Тек телефон соққан жігіт арада болған әңгімені сөзбе-сөз айтып бергеннен кейін ғана барып сенеді. Әйелі ерінен кешірім сұрайды. Татуласқандарының құрметіне ерлі-зайыптылар мол дастархан жайып, бойдақ­тарды риза қылады.
«Мысыққа ойын керек, тышқанға
өмір керек» деген сөз осы емес пе? Осындай орынсыз қалжыңдардан бойымызды аулақ ұстап, таныстарымыздың жүректерін жараламайық!

Сейітқасым Тәжбенов,
дәрігер.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support