- Advertisement -

Қорағаты тұрғындары «көгілдір отынның» жылуын күтуде

72

- Advertisement -

Жұрттың «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасынан күтері көп.Ауыл тұрғындарының көңілдеріне қуаныш ұялатып, келешекке деген сенімдерін нығайтатын да – осы. Ауданда да елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен және «көгілдір отынмен» қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазірге дейін аудандағы 15 ауылдық округтегі 42 ауылдың 57 пайызына газ жеткізілген. Бағасы қолжетімді, тұрмысқа қолайлы оны тұтынуды армандамайтын отбасы кемде-кем. Аудан аумағында газ құбыры тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Құлан, Ақыртөбе, Көгершін және Көкдөнен елді мекендеріне тартылған. Келесі кезекте оған Жақсылық, Еңбекші және Көкарық тұрғындары қол жеткізді. 2012-2015 жылдар аралығында Малдыбай, Құмарық, Қарақат,Тереңөзек, Көкарық, Өрнек, Луговой, Жарлысу, Р.Сәбденов, Әбжаппар, Сәлімбай және Қаракемер ауылдарының азаматтары қуанышқа кенелді. Соңғы жылдары мемлекеттік газдандыру бағдарламасы аясында оның игілігін Алғабас, Қайыңды, Мамайқайыңды, Қызылшаруа және Сөгеті ауылдарының тұрғындары көріп келеді.
Ауданда «көгілдір отынға» қол жеткізбеген 19 ауыл бар. Оның жетеуі – газдандыру ықтималдылығы төмен, халық аз қоныстанған әрі тым шалғайда орналасқан. Олар – Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе, Қосапан, Сұмқайты, Құмарық разъезі және «98 разъезд» деп аталатын ұсақ елді мекендер. Ал Жаңатұрмыс, Каменка, Қазақ, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қорағаты, Байтелі, Д.Қонаев, Қорағаты стансасы, Шөңгер және Шолаққайыңдыдағы отбасылар «көгілдір отынды» пайдаланатын күнді тағатсыздана күтуде. Аудан басшылары бұл бағытта тиісті шаралар қабылдап, нақты жұмыс жүргізіп келеді.
– Биыл Д.Қонаев, Әбілхайыр, Бәйтелі, Қорағаты, Шөңгер және Шолаққайыңды ауылдарына газ жеткізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге бөлінді. Қазір тиісті органдар тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Құжат сараптамадан өткен соң бюджеттен қажетті қаражат бөлінеді. Демек, жоғарыдағы елді мекендер тұрғындары көмір жағып, күл шығарудан құтылатын күн алыс емес. Қалған ауылдарды да 2022 жылға дейін толық газдандыру көзделуде, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Мақсат Дәуітбеков.
Инфрақұрылымы дамыған, яғни жолы жақсы, орталықтандырылған суы, «көгілдір отыны» бар аумақта тұруды кім қаламайды? Осыған дейін жастар ауылдық жерлерде тұрмыстық жағдайдың жоқтығына байланысты тұрақтамай келгені белгілі. Мұндай жағдайды аудан орталығынан шалғай жатқан Қорағаты ауылы да бастан кешіріп келді. «Осында газ жеткізіледі» деген хабарды естіген соң туған жерде қалып, оны түлетуге ниет білдірген жастар қатары көбейген. 2013 жылы осында мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында орталықтандырылған ауызсу жүйесі іске қосылған болатын. Көшелердегі жолдар жөнделген. Келешекте әбден тозығы жеткен фельдшерлік-акушерлік бекет қасынан осындай жаңа ғимарат бой көтермек. Енді біраз жылдардан кейін жағдай қаладағыдан кем болмауы да мүмкін. Қорағатылықтар негізінен егін және мал өсірумен шұғылданады. Ниет еткендерге жұмыс қайдан да табылады.
Қысқасы, қорағатылықтар табиғи газдың тартылуы – оң өзгерістерге бастау болады деген сенімде.
Т.Рысқұлов ауданы.

Ақылжан МАМЫТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support