- Advertisement -

Қария шағыңыз дария бағыңызға айналсын!

61

- Advertisement -

Бірде үлкен кәсіпорында жұмыс істейтін танысымның жұмысына зейнетақы қорының мамандары келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қойған сұрақтарға жан-жақты жауап беріпті. Сол жиында «Зейнетақыңыз қандай болатыны туралы ойландыңыз ба?» деп аталатын кітапша таратылыпты. Соған қарап тұрып, «Расымен, біз осы қу тіршіліктің жетегінде жүріп, самайымызды қырау шалып, бойымыздан қуат қайтып, егде тартар шағымызды ойлаймыз ба?» деп алысқа көз тастайды екенсің. «Ол үшін не істеу керек?» деген сауалдың жауабын «Зейнетақыңызды алғашқы айлығыңыздан бастап жинаңыз!», «Зейнетақы жарналарын аудару тұрақты әдетіңізге айналсын!», «Зейнетақы жинақтарыңызды үнемі бақылауда ұстаңыз!» деп, бұйрық раймен жазылған сөйлемдердің соңына жазылған «Қария шаққа жинаңыз! Дария баққа жинаңыз!» деген лепті сөйлемнен табуға болады екен. Сол сәтте «Ал бұлай істемесе не болады?» деген сұрақ санамды торлады.
Соған толыққанды жауап алу мақсатында зейнетақы қорының жұмысы, көрсететін қызметтерімен танысуды жөн көріп, «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалына баруды ұйғардым.
Кіреберісте жұмыс кестесі ілінген: мамандар жұмыс күндері таңғы сағат 08.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін, ал сенбі күні түске дейін үзіліссіз қызмет көрсетеді. Филиалға күніне шамамен 200-ге жуық адам келеді.
Келген негізгі мақсатымды айтқан мен филиал директорының орынбасары Мұхтар Мұсаевпен тілдестім.
– Жұртшылыққа көрсетілетін қызметтердің түрі сан алуан, – деді Мұхтар Әбдібайұлы, – бізде 9 дербес қызмет көрсету орталығы және 1 қашықтан жұмыс істеу орны бар.
Филиалдың Барып қызмет көрсету бөлімі «Мобильдік агент» жобасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына, әсіресе денсаулығына байланысты Қорға келе алмайтын азаматтардың үйлеріне барып, қызмет көрсетеді. Сонымен қатар жоспар бойынша тұрақты негізде жергілікті ұйымдар мен кәсіпорындарда болып, ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұған қоса зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірме беру, жеке деректемелерді өзгерту секілді қызметтерін көрсетеді. Олар ноутбук, принтер, сканер сынды қажетті құралдармен жабдықталған.
Операциялық бөлімге қайта оралсақ.
– Филиал салымшыларының саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Оларға көрсетілетін қызмет түрлері, сапасы және қолжетімділігі артып келеді. Бүгінде Қор сайты арқылы логин және құпия сөз немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен ерікті зейнетақы жарналары бойынша шот ашуға, жеке деректемелер мен шоттан ақпарат алу тәсілін өзгертуге, зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірме алуға болады. Сонымен қатар Қордың барлық филиалында өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылған. Солар арқылы да ерікті зейнетақы жарналары бойынша шот ашуды қоспағанда: зейнетақы шотының бар болуы туралы анықтама алу, шоттан үзінді-көшірме алу, зейнетақы шартының көшірме нұсқасын алу секілді қызметтерді жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпия сөз немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен жылдам алуға болады, – дейді өз сөзінде Мұхтар Әбдібайұлы.
«Салымшы өзі жайлы мәліметтердің өзгергенін хабарламаса не болады?» деген сұрақ пайда болды көкейімде. Филиал директорының орынбасары бұны былай деп түсіндірді.
– Салымшылар мен алушылар зейнетақы қорының міндеттемелерін орындауына әсер ететін өзгерістер болған жағдайда, мысалы, мекен-жайын өзгертсе, күнтізбелік он күн ішінде Қорға хабарлауға міндетті. Мысалы, Қор жыл сайын салымшылардың атына үзінді көшірмесі бар хат жібереді. Егер салымшы көшіп кеткені жайлы Қорға хабарламаған болса, хат кері қайтарылады. Ал келесі жылы Қор мұндай хатты жолданым иесіне жібермеуге құқылы. Осылайша салымшы жинақтарының жағдайы қалай болып жатқандығынан бейхабар жүре береді. Ал біздің айтарымыз, әрбір салымшы зейнетақы шотының жай-күйін біліп тұруға мүдделі болуы керек. Сәйкесінше Қордағы жеке деректерін жаңартып отыруға міндетті.
Оның айтуынша, бүгінде зейнетақы шотының жай-күйі туралы үзінді көшірмені: Қор кеңсесіне келу, жылына бір рет пошта байланысы немесе үш ай, алты ай немесе жыл сайын электрондық пошта және қалаған уақытыңызда интернет байланысы арқылы алуға болады. Бүгінде шот бойынша ақпаратты электрондық жолмен алу өте тиімді. Егер салымшы бұған дейін шоты бойынша ақпаратты конвертпен алып келсе, онда Қор кеңсесіне қайырылып, қосымша келісімге қол қойса жеткілікті. Бұл бар болғаны бірнеше минутты алады. Сөйтіп, ұялы телефонына «ENPF» ұялы қосымшасын жүктейді. Кейін логин мен құпия сөзді қолдана отырып, кез келген жерде, кез келген уақытта Қор сайты немесе ұялы телефонындағы қосымша арқылы шотының жай-күйін қадағалап отырады. Егер электрондық цифрлық қолтаңба болса, Қорға келмей-ақ, оның сайты арқылы шотының жай-күйін біліп, шотынан ақпарат алу тәсілін өзгерте алады.
Айта кетелік, зейнетақы заңнамасына енгізілген бірқатар өзгерістер биылдан бастап күшіне енді. Атап айтар болсақ, егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарабы салық агенті болып табылса, онда фрилансерлер үшін міндетті зейнетақы жарналарын солар төлейді. Ал егер мұндай шарттар салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалса, онда фрилансерлер тек жарна төлеуге құқылы. Яғни міндетті емес. Бірақ өз еркімен төлесе, бұл жеке тұлғаның зейнетақы капиталын қалыптастыруына оң әсер етеді. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарының көлемі алатын табыстың 10 пайызы мөлшерінде, бірақ ең төменгі жалақының 10 пайызынан кем емес және 50 еселенген мөлшерінің 10 пайызынан жоғары емес мөлшерде белгіленеді. Сонымен қатар биыл 8 қаңтардан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшін Қорға келудің қажеті жоқ. Енді алғашқы жарна келіп түскен кезде шот автоматты түрде ашылады. Тағы бір жаңалық, биылдан бастап елімізде Бірыңғай жиынтық төлем іске қосылды. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтушы жеке тұлғалардың бейресми қызметін тіркеуді оңайлатуға бағытталған. Бұл ретте БЖТ-ның 10 пайызы – жеке табыс салығына, 20 пайызы – әлеуметтік аударым ретінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, 30 пайызы – міндетті зейнетақы жарналары ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және 40 пайызы – әлеуметтік аударым ретінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылады. Қазақстандықтар соның арқасында зейнетақы жинақтарын молайтады және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға үміт арта алады. Төлемнің көлемі қалалық жерде тұратын тұрғындар үшін – 2525 теңге (1 АЕК), ал ауылдық жерде тұратындар үшін – 1263 теңге (0,5 АЕК) болып белгіленген. БЖТ екінші деңгейдегі банктер арқылы төленеді.
– Тағы бір жаңалық таяуда «Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара ықпалдастығы жүзеге асырылды. Соған сәйкес енді нотариустар мен шетелдік консулдық мекемелер өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы онлайн тәртібінде сауалдар жолдап, жауап ала алады. Бұл мұрагерлердің уақытын үнемдейді және қағаздық құжат айналымын жояды, – дейді Мұхтар Әбдібайұлы.
Электрондық жүйе демекші, Қор сайтында зейнетақы калькуляторы да жұмыс істейді. Оның тиісті бағандарына қажетті деректерді енгізе отырып, болашақта алатын зейнетақы төлемдерінің болжамды мөлшерін есептеуге болады. Бұл көрсеткіштер болашақ зейнетақыны ерте бастан жоспарлауға мүмкіндік береді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бейнеттің зейнетін көру үшін болашаққа қор жинаған жөн. Қаншалықты көп жинасаңыз, зейнет жасында алар зейнетақы да қомақты бола түсері анық.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support