Жүз жыл соққан жүрек

Жүз жыл  соққан жүрек
ашық дереккөз
Жүз жыл соққан жүрек

Бүгінде 100 жасқа толып отырған Шамшакүл Бахтыбаева 1919 жылы 26 сәуірде Байзақ ауданы Құрама ауылында дүниеге келген. Әкесі Исақ пен анасы Айшанның тәрбиесін алған ол қазақ қыздарына тән салт-сананы, әдет-ғұрыпты бойына сіңіріп, бой жетеді.

Ауылдағы үш жылдық мектепте сауат ашқан Шамшакүл еңбекке де ерте араласты. Оның әкесі Исақ өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп, еңбекпен жетілген азамат болатын. Ол ХХ ғасырдың саяси, тарихи оқиғаларына белсене араласпаса да, еңбегімен басшылардың көзіне түсіп, 1929 жылғы ауыл шаруашылығы артелін құруға атсалысыпты. Содан кейінгі жылдарда колхоз бен совхоз құрудағы ұйымдастырушылығымен ерекшеленеді. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы еңбегін ауыл азаматтары ескеріп, есімін Диқан ауылындағы бір көшеге беріп отыр. Айша әжеміз туралы айтатын болсақ, ол үш ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген жан. Зейнет жасына келгенше қант қызылшасын өсіріп, баптаумен айналысыпты. Исақ атаның ұлдары Шералы мен Әділхан Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-есен оралыпты. Шералы мектепте мұғалім болып жұмыс істесе, Әділхан ауыл шаруашылығында түрлі жауапты қызметтерді атқарған. Бүгінде екеуі де о дүниелік болған. Олардың артында қалған ұрпақтары өсіп-өніп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Қазір әулеттің бас иесі болып, уақытында бас зоотехник, бас экономист қызметін атқарған атаның кенже ұлы Тілеухан отыр. Ал Шамшакүлдің жеңгесі (ағасы Шералының әйелі) Бибі 97 жасқа толыпты. Ол 12 бала туып, тәрбиелеп өсірсе, інісі Тілеухан мен келіні Тәлімкүл 7 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан немере, шөбере, немене сүйіп отырған жайы бар. Шамшакүлдің өзіне келетін болсақ, ол 1939 жылы А.Суханбаев атындағы колхозға қарасты Көкөзен бөлімшесінде тұратын Қуанышбай Бахтыбаевқа тұрмысқа шығады. Олардың жас аралығы 15 жас болса керек. Қуанышбай еңбекке ерте жастан араласқан. 1929 жылы ауылда құрылған артельдің бірінші бастығы да болған. Ұлы Отан соғысы басталған тұста әскерге алынып, майдан даласында ерлікпен шайқасады. Ұлы Отан соғысына бұл шаңырақтан 4 адам аттанып, бәрі аман-есен оралған. Барлығы да өсіп-өнген жандар. Ал бұл әулеттің үлкені саналған Қуанышбай жары Шамшакүлмен үйленген күннен бастап тату тұрып, сыйласып өтті. Олар – отбасыларының ұйытқысы, басқаларға өнеге бола білді. Қуанышбай колхоздың түрлі салаларын басқарып, еңбек етсе, Шамшакүл де қол қусырып үйде қарап отырмады. Әрине, қиын-қыстау жылдары өмір бірқалыпты өткен жоқ. Ашаршылықты бастан өткеріп, енді қарын тойына бастаған шақта соғыс өрті лап ете түсті. Ол кезде Шамшакүл бірден асқан сәбиі Сұлтанбекті қарап, ері соғысқа аттанғанда шаңырағының түтінін түтетіп қала берген еді. Жұмыстан қалмады. «Жеңіс үшін», «Майдан үшін» деген ұранмен жұмыс істеп, баласын бірде үйде қалдырса, енді бірде арқасына арқалап алып, қант қызылшасын суаруға бара жататын. Қара терге түсіп еңбек еткен Шамшакүл апа соғыстан хат күтетін. Ерінен келген хатты бірден оқымай, баласына бір қарап, келген хатқа бір қарап, оңаша отырып, көз жасын төгіп-төгіп те алатын. Жолдасы Қуанышбайдың Курск, Брянск, Смоленск, Брест қалаларын азат етуге қатысып, оқ пен оттың ортасында жүргенде, ол тылда аянып қалмады. Күндіз колхоздың қант қызылшасын суарса, түнде күртеше, қолғап тоқыды. Кейде ерінен келген хаттарда ол соғыстың барысын, қанша немісті өлтіргенін айтса, енді бірде ауылдағы ағайынның тату-тәтті сыйласуы, ауызбіршілігі, отбасы, бала-шаға туралы өлеңмен жазылған өсиеттерін жолдайтын. Ол хаттарды Шамшакүл жоғалтпай, жыртпай жолдасы аман-есен келгенше сақтады. Колхозға механизаторлар жетіспей жатқанда тракторшылар дайындау курсында да оқып, мамандық алды. Бірақ қызылшадан жақсы өнім алу үшін де агротехникалық заңдылықтарын білуі керек болды. Оның да курсында оқып, білімін жетілдірді. Сөйтіп, қызылша баптаудың әдіс-тәсілдерін меңгерген ол қызылша алқаптарынан мол өнім жинауға қол жеткізген еді. Гектарынан алғашқы жылдары 270 центнерден тәтті түбір жиналса, кейінгі жылдары оның көрсеткіші көп ұлғайды. Тіпті 1947 жыл мен 1960 жылдардың аралығында орта есеппен өнім әр гектарынан 560 центнерден айналған болатын. Колхоздың әртүрлі жұмысын атқарған Шамшакүлдің еңбегі де бағаланды. Еңбек Қызыл Ту ордені, көптеген мерекелік медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жолдасы Қуанышбай соғыстан оралғаннан кейін де Көкөзен колхозының бастығы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Еңбегіне сай жоғары мемлекеттік орден-медальдармен марапатталған. Шамшакүл бұл жылдарда тек еңбек адамы емес, басқаларға қамқоршы да бола білді. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері жер аударылды. Сонда келген неміс, балгар, қарашай, шешен т.б. ұлт өкілдерін жамбылдықтар өгейсітпей өз бауырындай қарсы алып, бір бөлмесін босатып беріп, паналатқан-ды. Солардың біріне ол да екі бөлмесін (қарашайлық Биужиевтер әулеті) беріп, киім-кешек, тамақпен де бөліскен еді. Олар 1957 жылы еліне көшіп кетсе де, ұзақ жыл хат-хабар алысып тұрды. Апамыздың тағы бір жасаған қайырымды ісі – жетім қалған немістің Лена есімді қызын асырап алғаны. Қазір Лена Қарағанды қаласында тұрады. Бала-шағасы бар. Шамшакүл апа 11 құрсақ көтерген. Олардан бүгінде 28 немере, 61 шөбере, 32 шөпшек сүйіп отыр. Баласы Сұлтанбек бас экономист, бас зоотехник кейіннен Қарасу ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Назым 14 жыл мектеп директоры, 18 жыл ауылдық кеңестің төрайымы, әкім қызметтерін абыроймен атқарды. Ал Бақтыкүл мектеп директоры болып жұмыс істеп жүр. Басқалары да әртүрлі салада еңбек етуде. Шөбересі Дәулет спорт майталманы. Байдаркамен жүзуден Оңтүстік Кореяда өткен олимпиада чемпионы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге зор денсаулық тілеймін. Сізді әулеттің ғана әжесі, анасы деп емес, баршамыздың анамыз деп құрмет тұтамыз.

Нұрмұхан ШАУХАРОВ. Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар