- Advertisement -

Жолдау аясында – ауқымды жұмыстар

23

- Advertisement -

Елбасы Н.Назарбаевтың былтырғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін айрықша маңызға ие тарихи құжат болды. Аталған Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін алға қоюымен де құнды болып отыр.

Қазіргі таңда мемлекеттік, өңірлік деңгейде болсын осы міндеттер мен тапсырмаларға сай азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында да ауқымды шаралар қолға алынып келеді. Жуырда ғана өткен «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде 2030 жылға дейін жариялаған «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасында да азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсарту мәселесі көзделгені белгілі. Көпбалалы отбасыларды қолдау, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипаттағы барлық үдерістерін жеңілдету, көпбалалы аналарға үйде отырып атқаратын жұмыс орнын ашу, гранттар мен квота бөлу, жалдамалы пәтерлер салу, баспана алудың қолжетімділігін арттыру мәселелері де айрықша назарда болады. Биыл 1 шілдеден бастап бюджеттік саладағы ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын 30, жергілікті атқарушы органдардың төменгі қызметкерлерінің еңбекақысын 25 пайызға арттыру, өңір экономикасын дамыту шаралары басты міндет ретінде алға қойылып отыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да ауылдарды дамыту, өңір экономикасын көтеру ісі қолға алынуда.
Бүгінде ауданның тауар өндірушілері тарапынан еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында 2018 жылы Иран мемлекетіне 219 тонна қозы еті, Өзбекстан мемлекетіне 50,2 тонна сиыр еті экспортқа шығарылды. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Өзбекстанға 10 тонна сиыр еті экспортталды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табатын болады.
Заманауи технологияларды ауқымды пайдалану мақсатында «KazAlma» және «ArnoAgro»жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері әлемдік озық технологияларды пайдалана отырып, 150 гектар қарқынды шие бақтарын өсіруді бастады. Осы бақтардан алынған өнімдерді сақтау үшін арнайы қойма мен қайта өңдеуші кәсіпорын соғу жоспарланған. Өндірілген өнімдер ішкі нарыққа және Ресей мемлекетіне экспортталатын болады. «SV AGRO» ЖШС 300 гектарға қарқынды алма бағын отырғызуды жоспарлап, тиісті жұмыстарын бастады. Бүгінгі күнге дейін барлығы 150 гектар алқапқа бақ орналастырылды.
Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы 2018 жылы 182 адам бизнес негіздері бойынша оқытылып, «Бизнес – бастау», «Бизнес – кеңесші» куәліктерін алды. Ал биыл 120 орын жоспарланып, бүгінгі күні 44 азамат бизнес саласында білім алып жатыр.
Жолдаудың басым бағыт-тарының бірі – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тиімділігін арттыру, көлік-логистика және басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету жұмыстарын жетілдіру, бизнесті және туризм саласын дамыту екені белгілі. Ағымдағы жылы ауданда өнеркәсіп өндірісінің нақты көлемі индексін 7259,9 миллион, ал негізгі қорға салынған инвестиция көлемінің межесін 7500,0 миллион теңгеге жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ аудан аумағында туризм саласын дамытуға арналған мақсатты жұмыстар жүйелі жолға қойылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің аудан аумағындағы бөлігінің 414-шақырымында «В» санатты жол бойы қызмет көрсету кешені құрылысын мердігер «КазТуризм» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 720,0 миллион теңгені құрайды. Ол іске қосылғанда тұрақты 50 жұмыс орны ашылып, тәулігіне 500 автокөлік пен жолаушыларға, туристерге қызмет көрсетілетін болады. «Шәушен» шаруа қожалығының тау етегіндегі 50 орындық «Қымыз өндіру және қымызбен емдеу» кешені іске қосылды. Алдағы уақытта аталған кешеннің тау жоталары бөлігінде шаңғымен сырғанау нысандарын іске қосу үшін мақсатты жұмыстар басталды. Осы орайда аудан аумағындағы тарихи орындар мен ескерткіштердің, киелі мекендер мен табиғаты әсем жерлердің, тауға жылқымен саяхат, аңшылық, балықшылық туризмі саяхатына қолайлы орындардың ауылдық округтер бойынша тізбесі және аудан аумағының қарапайым «Туристік картасы» дайындалды.
Жолдаудағы ең маңызды міндеттің бірі – халықтың сапалы өмір сүру алғышарттарын қамтамасыз ету шаралары екені баршаға мәлім. Осыған байланысты аудандық маңызы бар бірқатар автомобиль және көше жолдары жөнделді. Жолаушыларды тасымалдау қызметі жетілдіріле түсті. Жалпы аудандағы елді мекендердің барлығы жолаушылар тасымалдайтын көлікпен қамтылған.
Жолдаудағы тұжырымдар мемлекетіміздің дамуы үшін қажеттіліктерден пайда болған әрі олардың жүзеге асырылу мүмкіндіктері мен механизмдері жан-жақты қарастырылған. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. Онда еліміз бойынша жүзеге асырылатын өрелі міндеттер алға қойылып, жұртшылықты жаңа жетістіктерге жігерлендіріп отыр. Бұл міндеттердің орындалатынына сеніміміз мол. Ауданымызда да экономикамыздағы жедел индустриялық даму мен әлеуметтік салаларға, сондай-ақ білім мен ғылымға, денсаулық сақтауға, құқық қорғау органдарын реформалауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге айрықша назар аударылып келеді.
Алға қойылып отырған тағы бір басымдыққа ие бағыт ол – әлеуметтік дамудың барлық салаларына енетін экономиканың жалпы цифрландырылуы. Қоғам цифрлық дәуірге еніп жатқандықтан, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығы да арта түсті. Бүгінде аудан мектептерінің барлығы кең жолақты интернет желісіне қосылып, үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жалпы компьютерлер саны–2220 болса, 6 балаға шаққанда 1 компьютерден айналып отыр. 2018 жылы 39 мектепті «Bilimland» электронды білім беру платформасымен қамтамасыз ету үшін 7,6 миллион теңге бөлінді. Аудандағы барлық мектеп «Күнделік» бірыңғай ақпараттық жүйесімен жұмыс атқарады.Ұстаздар қауымы білім берудің жаңа сапасына көшетінін, кәсіби даму тұрғысынан жаңа белеске көтерілетінін жақсы біледі. Қазіргі таңда 20 мектеп Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибесі негізінде жұмыс атқаруға дайын. Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту жұмысы әлеуметтік әріптестік аясында өз шешімін тауып, 9 жекеменшік бөбекжай-бақшалар ел игілігі жолында нәтижелі қызмет атқарып отыр.
Медициналық қызмет сапасы да халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Бұл тұрғыда биылдан бастап медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлы нұсқада қабылдау жүзеге асырылды. Аудандық орталық аурухана мен емхана «Damu Med» медициналық ақпараттық жүйесі арқылы электронды төлқұжат толтыруды бастады. Дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер 100 пайыз компьютермен, интернет желісімен қамтылған. Тұрғындар да бұл жүйелі жұмыстың тиімділігін ерекше бағалап, түсіне бастады. Емделушілерге скрининг, флюрографиялық тексеруден өту, дәрігерлік тексеріске келу туралы хабарламалар электронды түрде таратылуда. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жақсы жолға қойылып келеді.Өткен жылы 3 елді мекенде Мамайқайыңды, Шолаққайыңды, Қарақат ауылдарында медициналық нысандар салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Елімізде тұрғын үй құрылысына зор серпін берген «Нұрлы жер» бағдарламасы да ауданымызда табысты жүзеге асырылып келеді. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру мақсатында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы енгізіліп, нәтижелі жұмыстар басталды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен Құлан ауылында тұрғын үй құрылысын салу мақсатында 80 пәтерлік 5 қабатты 2 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Инфрақұрылымы бойынша 80 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй белгілеріне ағымдағы жылы кәріз коллекторының құрылысын салу нысанына жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолданды.Тұрғын үй алабын абаттандыру және ішкі алаңның инженерлік желілері құрылысын салу нысанына жобалау-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып,тиісті органдарға келісімге өтінім жіберілді. Құлан ауылының бас жоспарына сәйкес «Арай» тұрғын алабын газ жүйесіне қосу үшін 369,8 миллион теңгеге газдандыру құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізіп, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы пайдалануға берді. «Арай» тұрғын алабына (жер теліміне) жүргізілер электр желісінің жобалық-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптама алынып, сметалық құны – 587,3 миллион теңгенің құрылыс-құрастыру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Ал Луговой ауылының бас жоспарына сәйкес елді мекеннің өсуі үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде жеке тұрғын үй құрылысы үшін шамамен 237 жер телімі (49,4 гектар) қарастырылған, екінші кезеңде шамамен 284 жер телімін (88,9 гектар) игеру қарастырылған. Бірінші және екінші кезеңдердегі жер телімдеріне қазіргі таңда тас жол төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдау жүктеген міндет көп, өңір экономикасы мен әлеуетін арттыруда атқарылар жұмыс та жетерлік. Халықтың бақуатты әрі сапалы өмір сүруі, дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жолында игілікті істердің бүгінгі бастамасы болашақ үшін жасалып жатқанын аңғару қиын емес. Басты мақсат – ел әлеуетін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Бағындырар биік алда, мақсат айқын, ел игілігін еселеу жолында аянбай еңбек ете беретін боламыз.

Ерболат САДЫРҚҰЛОВ,
аудан әкімі.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support