- Advertisement -

Кәсіпкерлердің талап-тілектері ескерусіз қалмайды

75

- Advertisement -

Облыс əкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды. Алдымен өңір басшысы Айша бибі ауылдық округінде орналасқан «Супер-Фарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір реттік медициналық өнім өндіру жұмысымен танысты. Серіктестік директоры Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, зауыт медициналық халат, бинт, бір жолғы бахилдер, бетперделер мен төсеніштер шығарумен айналысады. Зауыт 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Оның аумағы 2,894 гектарды алып жатыр. Жобалық қуаттылығы жылына 15 миллион дана өнім шығаруға есептелген. Серіктестік бүгінде 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 98 мың теңгені құрайды.Бүгінгі таңда зауыт қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. 2017 жылы мұнда 17,1 миллион дана өнім өндіріліп, жоспар 2016 жылмен салыстырғанда 4,2 миллион данаға артығымен орындалған. Ақшаға шаққанда 1233,3 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті.
Медициналық бұйымдар шығаратын зауыттың өндіріс көлемін кеңейту мақсатында 2017 жылы зауыт аумағынан 2 гектар жерге жаңа зауыттың құрылыс жұмыстары басталған. Жобаның құны 2 миллиард теңгені құрайды. Оны биыл іске қосу жоспарлануда.
Бұдан кейін Асқар Исабекұлы осы ауылдық округтегі «Ақкөл» шаруа қожалығының егістік алқабында болды. Қожалықтың иелігіндегі жалпы жер көлемі 7399 гектарды құрайды. Оның 1102 гектары – егістік, суармалысы – 380, шабындығы – 297 гектар көлемінде. Техникадан 7 тракторы, 2 комбайн мен 2 жүк көлігі жұмыс істеп тұр. Биыл шаруашылық 110 гектарға бидай, 120 гектарға арпа сеуіпті. Енді 115 гектарға мақсары, 50 гектарға қант қызылшасын, 150 гектарға пияз сеуіп жатыр. Оның 120 гектарына тамшылатып суару технологиясы енгізілмек. Соның ішінде 50 гектар пияз алқабы да бар. Қожалық бүгінде 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа жалақысы 45 мың теңгені құрайды.
Шаруашылық басшысы Алтынбек Керімқұлов бүгінде өздеріне 6 тракторшының жетіспей отырғанын айтты. Ал өткен жылы пияздың гектарынан 120 тонна өнім жинап, алқап басынан алыпсатарларға өткеріпті. Ал ақ егістен орташа гектарына 24 центнерден өнім алған. Алынған өнімнің есебінен техникаларын екі бірлікке жаңартып отыр. Шаруашылық жетекшісі «Аудан орталығында өндірген өнімді қабылдайтын қойма жұмыс істесе, біз соған сай жылда қанша өнім өндіруді жоспарлайтын едік», – дейді. Ал Асқар Мырзахметовтің «Іріленуге қалай қарайсыз?» деген сауалына қожалық жетекшісі бірігуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ ол биыл қызылша алқабы көлемін 70 гектарға жеткізбек ниетте екен. Бірақ қант зауытында алашағы бар диқан биыл да тәтті түбірді егерін егіп алып, қарызымызды қайтармай қоя ма деген қаупі барын жасырмады.
Бұдан соң өңір басшысы Айша бибі ауылдық мəдениет үйіне орналасқан ақпараттық орталықта болып, оның да жұмысымен танысты. «Азаматтарға арналған үкімет» бағдарламасы аясында ақпараттық орталықтың жұмысын жүргізіп отырған кітапханашы Сәуле Мүсірәлиеваның айтуынша, орталық өткен жылдың қазан айында ашылыпты. Содан бері ауыл тұрғындарына халыққа қызмет көрсету орталығының 13 қызмет түрін көрсетіп келеді. Орталыққа былтыр 80 адам қайырылса, биыл 172 адам келген. Оның дені мекен-жай анықтамасын алған. Бұдан бөлек мұнда домбыра, қолөнер, ақындыққа баулу жəне ағылшын тілін меңгеру үйірмелері жұмыс істеуде. Оларға ауылдың 95 тұрғыны қамтылған.

Асқар Исабекұлы жұмыс сапары барысында Айша бибі ауылының тұрғындарымен кездесті. Айша бибі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Райымбек Мұсатаев тұрғын үй соғуға жер телімі берілсе, жастар жұмыспен қамтылса, жас отбасыларға жер телімдерін беру тезірек шешілсе деген халықтың өтініш-тілектерін жеткізді. Бүгінде облыста жер теліміне 9300 адам кезекте тұрса, соның ішінде Айша бибі ауылында 680 адам тіркеліпті. Кездесуде облыс әкімдігінің тиісті басқарма басшылары аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, елді мекендерді газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету жайын баяндады. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға қолдау көрсету шаралары жайлы ақпарат берді. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүргізілетін жұмыстар жайы талқыланып, аймақ басшысы тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Осыдан кейін өңір басшысы Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Бектөбе ауылындағы «Азамат» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруашылық бүгінде аумағы бір гектар жылыжайда қияр өсіріп отыр. Қожалық 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өткен жылдың екінші айналымында 356,3 тонна қияр жинаған. Қожалық жетекшісі Бекжолдас Сатыбалдиевтың айтуынша, шаруашылық жылына 400 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Əр маусымда 200 тонна өнім жинап, облыс нарығына өткеруде. Сондай-ақ өнімін Алматы қаласына да тұрақты өткеріп отырады. Бір килограмм қиярдың өзіндік құны 150 теңгені құрайды. Ал қожалық кəсіпкерлерге өнімдерін 320-330 теңгенің аралығында өткеруде. Шаруашылықта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қожалық жетекшісі көкөніс дақылдарын өңдеп өсіру шараларының құнын арзандату үшін субсидия қаралса деген өтініш айтты.
Асқар Исабекұлын осы ауылдағы «Жаңа Кемер құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеміс-жидек сақтайтын мұздатқыш қоймасының жұмысы қызықтырмай қоймады. Қойма 5000 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға қауқарлы. Соның ішінде 2000 тонна жеміс-жидек, 3000 тонна көкөніс өнімдерін сақтауға арналған. Қазіргі таңда қоймада 160 тонна алманың төрт түрлі сұрпы сақтаулы тұр. Серіктестік директоры Көшкінбай Құлманбетов алдағы уақытта өнім өңдеу цехтарын салғалы отырғанын айтып, жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ Тараз қаласынан 15 əлеуметтік көкөніс дүкенін салу үшін жер телімін сұрады. Жер телімі берілсе биыл 10 дүкен салып, қала тұрғындарын арзандатылған жергілікті өніммен қамтуға дайын екендігін жеткізді. Бүгінде қала нарығын жаулап алған қырғыз елінің жеміс-жидегімен бəсекелесуге серіктес дайын екендігін танытты. Қытай мемлекетіне де жеміс-жидек экспорттау үшін дайындық жұмыстарын бастап кетіпті. «Сонымен қатар қоймаларға да субсидия беру жағы қарастырылса» дейді кәсіпкер. Асқар Исабекұлы оның алға қойып отырған жоспарларымен танысып, əлеуметтік көкөніс дүкендерін салу жөніндегі ұсынысына қолдау білдірді. Бұл мəселені шешуге билік тарапынан көмек көрсетуге əзір екенін, қажетті жер телімін қарастыратындығын айтты. Ал субсидия мəселесін көтерген қос шаруашылықтың бұл сұраныстары Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырындағы мəселе екендігін естеріне салып өтті.
Асқар Мырзахметов жұмыс сапарының соңында Аса ауылындағы Жастар орталығында ауданның шағын жəне орта кəсіпкерлік нысандары өкілдерімен кездесті. Жиынды аудан əкімі Бақыт Қазанбасов ашып, жүргізіп отырды. Аудан кəсіпкерлері тарапынан өңірдегі өндіріс қуаттылығын арттыру, лизингке техника және несие алуда кепілдікті қарау, бағаны тұрақтандыру, ет жəне сүт өнімдерін субсидиялау, тағы басқа да өзекті мəселелер айтылды. Кəсіпкерлер қойған сұрақтардың бірде-бірі жауапсыз қалмай, мәселелер жан-жақты талқыланды.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support