- Advertisement -

МЕН ЗАМАНДАСТАРЫМА СЕНЕМІН

40

- Advertisement -

Мен мұндай айтулы форумға алғаш қатысатыныма шын қуаныштымын. Форумға халқымыздың «Жас келсе – іске!» деген атауын да жақсы таңдап алған екен. Еңбеккер, еңбекші деген де жақсы ұғым, бұл әсіресе жастарға жарасады. Аса мәртебелі деп түсінемін.
Қазақстан химия өндірісінің алыбы «Қазфосфат» кәсіпорнына 2010 жылы жұмысқа келгенімде осы бір ауыр кәсіпті қалай атқарамын деген ой келген. Сөйтсем, бұл кәсіпорынның тең жартысы, яғни 6 мыңнан астамның тең жартысына жуығы жастар болып шықты. Жастардың да өз ойы, пікірі бар. Заман бір орында тұрып қалмайды. Ең бастысы, еңбек заңнамаларын білуі тиіс болса, бұл орайда кәсіподақ ұйымы көмекке келетінін көрдік.
Еңбек шарты және ұжымдық шарт – бұл заңды қажеттілік. Біз өзімізді жоғалтып алғымыз келмейді. Сол себепті де ортақ істе өз ұсыныстарымыздың ескерілуі үшін жастар кеңесін құрдық. Ал компания басшысы, ол – Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Зұлқарнайұлы Ескендіров.
Бізге қойылатын негізгі талап – білімді жетілдіру. Сол себепті компания есебінен Оңтүстік Қазақстан университетінде химия-технология кәсібі бойынша өз білімімізді тұрақты көтеріп отырамыз. Бұл ұжымдық шартта көрсетілген. Жыл сайын техникалық-инженер жұмысшылар аттестациядан өтеді. Мақсат – өсу, өркендеу, білімді ұштау болып табылады. Жастарға арнайы жатақхана, үлкен спорт комплексі салынды. Өндіріс ұжымы мен кәсіподақ арасындағы қарым-қатынас жақсылап орныққан.
Биыл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы демеушілік көрсеткен облыстық баскетбол турниріне 20-ға жуық команда қатысты. Жүлде қоры да қомақты болды. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпорын тұрақты болса, қоғам да, ел де тұрақты болады.
Қамқорлықты сезіну, жаңашылдыққа қосылу және әр азаматтың ұмтылысына демеу болу табыстарға жеткізеді деп ойлаймын. «Қазфосфат» қазақстандық еңбеккер жастардың паспорты десек те болады. Мұнда жас жұмысшылар мен еңбеккер қыз-жігіттер лайықты енбекке барлық жағдай жасалып отырғанын сеніммен айта алады.
Халық «Еңбек ер атандырады» деп бекер айтпайды ғой. Біз әлемде болып жатқан оң өзгерістерден қалып қоймаудың бірден-бір жолы – білім мен еңбек болса, жалпы аймақ жастарына Жастар жылында серпіліс туғызатын нақты іс-шаралар керек деп ойлаймыз. Мысалы, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі студенттеріне біздің тәлімгерлер сабақ береді. Сондықтан оқу орындары мен өндіріс кәсіпорындары арасында тікелей байланыс болуы қажет.
Тараз қаласы мен аудандарда еңбегімен аты шыққан азаматтардың портреттері жарқырап тұратын идеологиялық жұмыстар қамтылуы тиіс.
Бүгінгі кәсіподақтардың осындай алқалы форумды өткізуі, орынды ой-ұсыныстар болуы бізге сөз жоқ қанат бітіреді. Еркін пікір алмасу алаңы – біздің ой-өрісімізді өсіреді. Айтқандай, әкімдер жұмысына жастарды, яғни болашақты қолдау жұмысы – олардың еңбегіне берілетін негізгі баға болса, қалай болар еді?
Күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхбатында «Жастардың алға қойған мақсатын білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет» деп атап көрсетті. Біз бұл пікірді қолдаймыз!

Алмас АМАНГЕЛДИЕВ,
«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support