Мемлекетіміз үшін маңдай терімізді аямаймыз

Мемлекетіміз үшін маңдай терімізді аямаймыз
ашық дереккөз
Мемлекетіміз үшін маңдай терімізді аямаймыз
Мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясындағы еңбеккер жастардың бірімін. Еңбек жолымды қарапайым теміржолшыдан бастадым. Қазіргі таңда облыста темір жол саласында еңбек ететін 12 мың адам болса, соның 5 мыңнан астамы мен сияқты еңбеккер жастар. Бәрімізге белгілі, темір жолды экономикамыздың күре тамырына теңейді. Міне, осы алпауыт компаниядағы атқарылып отырған барлық іс-шаралар, яғни әлеуметтік, спорттық-сауықтыру, жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған семинар-тренингтер кәсіподақ ұйымының тікелей қолдауымен және қатысуымен өткізіледі. Биыл біз үшін ерекше жыл деп білемін. Себебі биылғы Жастар жылы біздің компаниядағы жастар саясатына 10 жыл толумен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы басшылығының бастамасымен «100 талантты жас теміржолшы» жобасы жарияланды. Бұдан бөлек компания саладағы 28 мамандық бойынша «Жас кәсіби маман», «Болашақ басқарушылар» және «Проект менеджмент» сияқты жобаларды жариялап, кәсіби білікті және еңбексүйгіш жастардың үздіктерін іріктеп, ұдайы ынталандырып отырады. Бүгінде елімізде жастарға арналған түрлі бағдарламалар бар екенін білеміз. Солардың бірі «Жастар – ел тірегі» атты жоба биыл іске қосылып отыр. Бұл да өз кезегінде жастардың тұрмысы мен табысын жақсартуға әсер етеді деп ойлаймыз. Ал ол, сөз жоқ атқарып отырған еңбегіміздің сапасы мен өнімділігін арттыруы тиіс. Өз басым қызмет барысымен ауылдық жерлерде орналасқан стансаларға барып тұрамын. Сол жерде байқағаным, ауылдық жерлерде жастарға жұмыс тапшы. Ертеңгі форум алаңын пайдаланып, аймақтарда «Ауыл – ел тірегі» жобасының аясында ауыл жастарының мұң-мұқтажын біліп, зерделейтін жұмыс жүргізілсе деген ұсынысымды айтқым келеді. Мысалы, жастарға жұмыс орнын ашатын кәсіпкерлер арасында байқаулар ұйымдастыруға болар еді. Осы сияқты қайтарымы мол әрі тиімді жобаларды Жастар жылы аясында пайдалану керекпіз деп ойлаймын. Ал енді біздің салаға жұмысқа тұрған жас мамандардың бәрі кәсіподақтың мүшелері деп айта аламын. Мұның себебі, кәсіподақ мүшесі компания басшылығы мен кәсіподақ ұйымы арасында жасалған ұжымдық шартта қаралған әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерге ие болады. Міне, осының бәрі бүгінгі таңда еңбеккер жастар тарапынан болашаққа деген сенімді тудырады. Біз өзіміздің адал еңбегімізбен елімізге қызмет еткіміз келеді. Біз де өз тарапымыздан өзімізге жүктелген сенім мен міндеттерді ақтау үшін ұдайы ізденіп, кәсіби біліктілігімізді арттыра отырып, еліміз үшін аянбай тер төгуге дайын екенімізді жеткізгім келеді. Дәулетбек ЖОЛДАСБАЕВ, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ Жамбыл жол бөлімшесінің инженері.

Ұқсас жаңалықтар