- Advertisement -

Су қоймаларын салу – ырыс көзі

66

- Advertisement -

Меркі ауданында егін шаруашылығын өркендету, аз шығынмен мол өнім өндіру жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Әйтсе де саланы дамытуға кедергі келтіріп отырған жайлар да жоқ емес. Солардың бірі – ағын су тапшылығы. Осыдан 20 жыл бұрын аудан аумағына өсімдіктердің өсіп-өнуі кезінде секундына 28 текше метр су келген екен. Оның 8 текше метрі Қырғызстанның үлесінде болатын. Қазір түрлі себептерге байланысты ол жақтан жазда бір-ақ текше метр су берілуде. Бұрын ауданда 80 ұңғы жұмыс істеп, секундына 4,5 текше метр су шығарған. Қазір олар жұмыстарын тоқтатқан. Меркі және Аспара өзендерінен осыған дейін ағатын 5-6 текше метр су қазір бірнеше есеге азайып кеткен. Мұның өзі егін алқаптарының көлемін ұлғайтуға кедергі келтіруде.
Тығырықтан шығудың бір жолы – су қоймаларын салу. Қазір ауданда 20 мың гектар суармалы егістік бар. Оларды қажетті ылғалмен қамту үшін Андас және Жаңатоған елді мекендерінің, Ойранды мен Тескентоған өзендерінің аралығында төрт су бөгені салынады. Құрылысы жүргізілетін нысандардың құжаттары тиісті мекемелерге жіберілген. Олар бөгендер орналасатын жердің топырағын зерттеген соң қорытындысын беретін болады. Жобаларды жүзеге асыруға содан кейін қаржы бөлінеді. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының Меркі өндірістік бөлімшесі бүгінде Аспара өзенінен келетін магистральды каналды және шаруашылықаралық каналын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Оларды жөндеу жұмысы биылғы суару маусымы басталғанша аяқталады.
Кейінгі кезде ауданда тапшылыққа байланысты ағын су негізінен оны үнемдеу технологияларымен жұмыс істейтіндерге берілуде. Ауданда 2017 жылы 800 гектар алқапқа жаңбырлату және тамшылатып суару әдісі қолданылса, былтыр бұл көрсеткіш 1238 гектарды құрады. Биыл ол 1340 гектарға жеткізіледі деп күтілуде. Жаңа техника – қол жұмысын азайту және жоғары еңбек өнімділігінің кепілі. Мұнда 2018 жылы 253,9 миллион теңгеге 70 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жаңару көрсеткіші 5,2 пайызды құрады. Биыл екі айда шаруа қожалықтарының аулалары 83,7 миллион теңгенің 23 дана ауыл шаруашылық техникасымен толықты. Бұл іс келешекте де игі жалғасын табады.
Ауданда өткен күзде үстіміздегі жылдың өнімі үшін 24 мың гектар алқапқа күздік бидай тұқымы сіңірілді. Он мың гектар егістікте сүдігер көтерілді. Егіншілеріміз қазір 24500 гектар жерге арпа тұқымын егуді қарқынды жүргізуде. Бұған қоса жоңышқа тұқымы – 4,5 мың, қызылша – 2 мың, мақсары – 2 мың, картоп – 100 және көкөніс 140 гектар алқапқа орналастырылады. Бұған қоса 650 гектар алма бау бар. Биыл көктемгі дала жұмыстарына Үкімет тарапынан 2420 тонна кепілдендірілген жанар-жағармай бөлінді. Ол таяуда ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне таратылады. Қажетті тұқым қоры жеткілікті. Олар сұрыпталып, себу кондициясына жеткізілген.

Садық БҰТАБАЕВ,
аудан әкімдігінің
ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support