- Advertisement -

Бала құқығын қорғау – басты құндылықтың бірі

74

- Advertisement -

Ұрпақтың тәлімді де тәрбиелі болуы алдыңғы толқынның парызы десек, еш қателеспейміз. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмытылуымыз керек» деп атап өткен болатын. Шынында да, балаға дұрыс тәрбие бере білсек, болашағымыздың баянды болары анық. Облыстық білім басқармасы осы үдеден шығу жолында тиісті жұмыстар атқарып келеді.
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Астарында өскелең ұрпақтың ертең ел қамын жейтін, ел мен жерді қорғайтын, абыройын асқақтататын, берекесін шалқытатын азамат болып өсуі отбасындағы тәрбиесіне, жағдайына, яғни, қамқор ата-анасының, ақылшы ата-әжесінің, қамын жейтін бауырларының болуына көп байланысты деген ұғым жатыр. Өкінішке қарай кез келген қоғамда, соның ішінде елімізде де отбасылық бақыт бұйырмаған, тағдыр талайымен жетім немесе ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Әрине, мемлекетіміз оларды далада қалдырған жоқ. Қамқорлығына алып, бағып-қағуда. Дегенмен ол отбасылық бақыт пен шаттықты алмастыра алмасы белгілі. Сондықтан да мемлекетіміз мүмкіндігінше мұндай балаларға отбасылық бақыт сыйлауға тырысып келеді. Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында жетім және ата-анасының қарауынсыз қалғандардың құқықтарын қорғауға ерекше мән беріп, әсіресе балалар үйінде тәрбиеленушілер санын мүмкіндігінше қысқарту, ондағы жұмысты тиімді ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Осы орайда облысымыздың республика бойынша алғашқылардың бірі болып балалар үйін жойғанын атап айтқым келеді. Мәселен, бүгінгі таңда өңірімізде 18 жасқа дейінгі 419965 бала болса, олардың 1451-і – жетім және ата-ана қарауынсыз қалған. Балаларды отбасыларға орналастыру бойынша өңірде жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде бүгінде 65 бала отбасы үлгісіндегі балалар үйінде, 144 бала патронаттық тәрбиеде, 9 бала қабылдаушы отбасыларында тәрбиеленуде. Тараз қаласында орналасқан Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйіндегі тәрбиеленушілер санының азаюына байланысты, аталмыш мекеме мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы біріктіріліп, білім басқармасының «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» болып қайта құрылды. Облыстың мұндай тәжірибесі республикалық семинарда өзге өңірлерге үлгі ретінде таратылды. Аталмыш орталық жетім балаларға отбасына орналастыру бойынша консультациялық, психологиялық, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп, өмірлік қиын жағдайдағы балалармен жұмыс жүргізеді.
Бұл топтағы балалар мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқаннан кейін де мемлекет қамқорлығы мен қолдауынан тыс қалмауда. Облыста балалар үйлерінің түлектерін бюджеттік негізде арнаулы және жоғары оқу орындарына 100 пайыз орналастыру үрдісі қалыптасқан. Биыл балалар үйінен мектеп бітіріп шыққан 21 түлек Алматы және Тараз қалаларындағы жоғарғы оқу орындарында және кәсіптік білім мекемелерінде білім алуда. Олардың қатарында қолдау орталығының 2016 жылғы түлегі Цхе Тимур екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері Әскери институтының студенті атанып, ұшқыш болсам деген арманына жету жолында күш-жігерін салуда.
Қазіргі уақытта баланың толыққанды азамат ретінде қалыптасуы алған арнайы білімімен ғана емес, қоғамдағы белсенділігімен, өздігінен білім алуға және жетілуге деген ұмтылысымен де айқындалады. Бұл тұрғыда алғанда баланың білімді әрі жан-жақты қалыптасуы үшін білім мекемелерінде түрлі қолөнер үйірмелері, спорттық секциялар, музыкалық студиялар жұмыс жүргізеді. Мектептен тыс осындай іс-шараларға қатысудың нәтижесінде олар көптеген облыстық, тіпті, республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атануда. Атап айтсақ, қолдау орталығының «Балауса» би тобы 2018 жылы республикалық «Құс жолы» байқауынан және Яровая Руслана, Онищенко Виктория, Рычина Юлия республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Қош келдің, құтты Наурызым!» атты шығармашылық байқауынан бас жүлдемен оралды. Актерлік қабілетімен бірқатар облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлдемен оралып жүрген қолдау орталығының 2018 жылғы түлегі Гүлбаршын Қойшыбаева бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің студенті.
«Қызға қырық үйден тыю» деген аталы сөзді ұстанған білім басқармасы үй сыртында жүрген қыздардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуде. Кәмелетке толмаған қыздарға қатысты жыныстық қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жоспары әзірленді. Білім беру ұйымдарында «Қыздар кеңесі», «Қыздар клубы», «Қыз Жібек» клубтары жұмыс атқарады. Онда бұрымдыларға арналған арнайы тәрбие сағаттары, диалогтық алаңдар ұйымдастырылып, медицина саласының қызметкерлері түрлі тақырыптарда кеңестер береді. Аталмыш клубтар қыздарды инабаттылыққа, сыпайылыққа, ізеттілік пен әдептілікке тәрбиелейді.
Бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы мақсатта өткен жылы облыстағы білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алын алуға бағытталған 1789 іс-шара ұйымдастырылып, 218 мың оқушы қамтылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыс аумағында жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыс деректері 18,1 пайызға төмендеп отыр. Соңғы үш жылда облыста жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар тарапынан жасалған қылмыс дерегі мүлде тіркелмегені ауыз толтырып айтуға тұрарлық ақпарат. Мұндай жетістік білікті мамандар мен ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесі деп білемін.
Бүгінде бала тәрбиесіне кері әсер ететін факторлар көп. Соның бірі – әлеуметтік желілер. Онда балаларға қатысты қатыгездік, зорлық-зомбылық, педофилия сынды жайттар көрсетілген бейнероликтер аз емес. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында «Қауіпсіз интернет» жобасы аясында облыстағы барлық білім беру ұйымдарында интернет тораптарындағы көңіл көтеру ресурстары мен әлеуметтік желілерге шектеу жүйелері орнатылған. Мұнымен қоса, тоқсан сайын «Компьютер және балалардың денсаулығы», «Баланың интернет желісіндегі қауіпсіздігі» тақырыптарында сынып сағаттары, дәрістер, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Балалардың құқығын қорғау мәселесі білім басқармасының тұрақты бақылауында.
Ел ертеңі – жастарымыздың заман талабына сай білімді де білікті, отансүйгіш азамат ретінде қалыптасуы үшін олардың құқығын жан-жақты қорғап-қолдау басты міндетіміздің бірі болып қала береді.

Рахия ТҰРМАХАНБЕТОВА,
облыс әкімдігі білім
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support