- Advertisement -

Кәсіпкер әйелдердің көшбасшысы

76

- Advertisement -

«Әйел бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді» деген сөз тегінде жайдан-жай айтылмаған секілді. Бүгінде әйелдер билік басында атпал азаматтармен иық тірестіре жұмыс істеп жүр. Олар – ана, олар – жар… Қызметтен де басқа қоғамдағы орындары орасан зор. Әйелдердің отбасы, ошақ қасында қалып қоймай, өркениет көшіне ілесуі уақыттың да талабы. Кәсіпкерлік саласында танымал болып үлгергендері қаншама! Солардың бірі Айгүл Ақшалованың «Атамекен» ҰКП іскер әйелдер кеңесі облыстық филиалының төрайымы қызметіне қол жеткізуі өз-өзінен бола қалған жоқ. Кәсіпкерліктің қыр-сырын терең меңгеріп, әріптестерінің сеніміне ие болғандығының жемісі бұл.

«Ата-анам темір жол саласында қызмет етті, олар менің де осы мамандықты игеруімді қалаған. Бірақ мен өз таңдауымды жасап, қаладағы №11 мектепті бітірісімен Абай атындағы педагогикалық училищеге оқуға түстім. Оқып жүріп өзім оқыған мектепте жұмысқа орналастым. Ондағы ойым өзімнің алдыма қойған мақсатыма қол жеткізе алатындығымды ата-анама дәлелдеу еді», – дейді оның өзі.
Алайда училищені үздік дипломмен бітіріп, ұстаздық жолын бастаған жас маманның алдынан түрлі кедергілер де кездескен. 90-жылдардың басында мұғалімдердің бірнеше айлап айлық жалақы алмай жұмыс істегені қайдан естен шыға қойсын-ау. Бұл талайдың талабына тосқауыл қойды. Мұғалімдердің көбісі нәсібін басқа кәсіптен іздеуге мәжбүр болды. Айгүлдің де осы бір тығырықтан жол тауып шығуды ойлап, бір фирмаға қойма меңгерушісі болып орналасуына тура келеді. Сондағы бар бітіретіні – Қытайдан жеткізілер тауарларды тапсырыс берушілерге таратып, үлестіру ғана. Алайда табыссыз да емес. «Міне, осы жерде менің кәсіпкерлік тұрғысындағы түсінігім қалыптасты. Бизнестің негіздерін де осында жүріп меңгердім», деп еске алады кәсіпкер.
Кәсіпкерлік саласына біржола бет бұрғаны бертінде ғой. Бастапқыда ел қатарлы тұрмыс құрып, өз алдарына шаңырақ көтеріп шыққан. Жеті жылдай бала күтіміне байланысты үйде отырып қалады. Отбасының бар ауыртпалығы жолдасының иініне түсті десе де болады. Сол тұста ол бір жағынан күйеуіне демеу болуды ойлап, жеке кәсібін ашуға тәуекел еткен. Неге екенін, теміржолшылардың Мәдениет үйі жатса да, тұрса да ойынан кетпей, ақыры бір үлкен істі бастауға бел байлайды. Ешкімге керегі болмай, қараусыз, күтімсіз қалған ғимарат тоза да бастаған еді. Бір кезде осында пионер қатарына қабылданғаны бар. Мектеп пен теміржолшылардың талай іс-шараларын өткізген ғимарат оған айрықша ыстық көрініп, жылы ұшырай беретін. Осы нысанды сатып алып, демалыс орталығын ашқысы келетіндігін жолдасына және әкесіне айтқанында, олар бірден қолдау көрсетеді.
«Жаңа кәсіпті бірден бастап кету оңай болмады», – дейді кәсіпкер. Тозуға айналған ғимаратты бастан-аяқ қайта жөндеп, оның ішінен банкет залын, дискотека клубын, басқа да елге қажетті орындар ашады. Жұмысы жүріп, ісі дөңгелеп кеткен кәсіпкердің мұнымен де шектеліп қалғысы келмеген. Ол аталмыш нысанды жалға беріп, шаһардың көрікті жерінен жаңа мейрамхана салуды көздейді.
«Талпынған жетер мұратқа» демекші, Айгүл ханым мейрамхана бизнесімен 10 жылдан бері үзбей айналысып келеді. Бүгінде өзі салған екі қабатты ғимараттың жоғары қабаты – мейрамхана. Онда келушілерге негізінен ұлттық тағам түрлері ұсынылады. Астыңғы қабатта бизнесті дамытуға қажетті мамандар даярланады екен. Мұның мәнісін Айгүл Сағынбекқызы былай түсіндірді.
– Қазақ – ежелден қонақжай халық. Бірақ жастарымыз заман ағымына сәйкес қонақ күтудің қарапайым амал-тәсілдерін біле бермейді. Біле-білгенге даяшы да үлкен мәдениеттілікті танытатын мамандық. Қаламыздың кез келген мейрамхана, дәмханасы мен асханасына барсаңыз, даяшылардың көп нәрсеге мән бере бермейтіндігін байқайсыз. Осы ретте маған даяшыларды неге оқытпасқа деген ой келді. Сөйтіп, жұмыспен қамту орталығы арқылы халыққа қажет мамандықтарды оқытуды бастап кеттік. Бүгінге дейін көп маман дайындадық. Соның ішінде өзім дайындаған біраз қыз-жігіттер өздерінің жеке кәсіпкерлік ісін ашып, өңір бизнесін дамытуға айтарлықтай үлестерін қосуда, – дейді ол.
Айгүл қоғамдық жұмыстың қайнаған қызу ортасында жүретін іскерлігімен, ілкімділігімен де танымал. «Бұрындары мені Тараз қалалық әкімдігінде, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында ұйымдастырылатын іс-шараларға жиі шақыратын. Бірақ оларға бара бермейтінмін. Бір рет шақырып қоймаған соң бардым. Біраз мәселемізді көтеріп, ортаға салдық. Айтылған мәселелер сол жиыннан кейін біртіндеп шешімін таба да бастады. Менің оларға деген сенімім артып, шақырғаннан қалмайтын болдым. Жаңа орта, жаңа таныстар пайда болды. Білгенімізді өзгелерге үйретіп, өңірлерге шығып, ауыл әйелдерін де кәсіпкерлікке тарттық. Осылайша менің екінші тынысым ашылғандай болды», – дейді ол.
Ең бастысы, сол тұста облыстық кәсіпкерлер палатасын басқарған Қарлығаш Аралбековамен пікірлері түйісіп, облыстың іскер әйелдер кеңесіне мүше болып кіреді. Шамалы уақыттан кейін кеңесті басқару өзіне сеніп тапсырылған екен. Кеңес жұмысын қолына алғанына да екі жылға жуықтапты. Бүгінде кеңес құрамында 81 кәсіпкер әйел бар. Яғни кеңес мүшелерінің өзі әлеуетті күшке айналып отыр.
«Қазір аудандардан да кәсіпкерлікке икемі бар әйелдерді көптеп тартып, оқытып, несие алып жұмыс істеуіне жағдай жасаудамыз», – дейді іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. Соның ішінде Шу, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының әйелдері айрықша белсенділіктерімен танылып үлгерген.
Қоғамдық жұмыспен қатар Айгүл өз шаруасын да қатар атқарумен келеді. Жуырда «АРиО» (рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы) акционерлік қоғамын құрған. Қазір ұйымға 17 мейрамхана бірігіп, бірлесе жұмыс істеуде екен.
Акционерлік қоғам, сондай-ақ қайырымдылық, қамқорлық іс-шараларын да жиі өткізеді. Атап өтерлігі, кәсіпкерлер қарапайым халық өкілдеріне жұмыс орындарын ұсынып, жұмыссыз жандарға қолұшын беріп, қоғамдағы жұмыссыздықпен де күресуде. «Менің осылай бизнеспен және қоғамдық жұмыстармен қатар айналысуыма бірінші кезекте мүмкіндік жасап отырған жолдасыма, ұл мен қызыма, әріптестеріме айтар алғысым шексіз», – дейді Айгүл Сағынбекқызы. Кәсіпкердің алға қойған жоспарлары да аз емес. Ең бастысы, олардың игілігін ел көрмек.

Марат Құлибаев

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support