- Advertisement -

Жүрегі оң жағына орналасқан қыз

57

- Advertisement -

Әуелі естігенде таңданып қалдық. Біздің Таразда жүрегі оң жағында орналасқан Айдана Махамбет деген оқушы қыз бар екен. Мереке күні қарсаңында сол ерекше оқушыны іздеп, №3 мектеп-лицейге арнайы бардық.
Айдана аталған мектептің 6 «ә» сыныбында оқиды. Өзі оқу озаты. Мінезі ашық, адаммен еркін сөйлеседі. Әкесі Әсілбек Естаев қарапайым көлік жүргізушісі, анасы Индира Кенжебаева үйде бала күтімімен отыр. Айдана – бес баланың ішіндегі үлкені.
– Ата-анам да, мен де жүрегімнің оң жақта екенін 4 жасқа келгенімде білдік. Бұл жағдайға ата-анам кәдімгідей қорқып, уайымдайды. Дәрігерлер тексеруден өткізіпті. Олар «Жүрегі оң жағында болғанымен, бәрі қалыпты, еш уайымдамаңыздар. Табиғи жаратылысы солай», деп түсіндіріпті. Содан ол кісілердің жүрегі орнына түскен. Сол кезден бері де 8 жыл өтті. Бәрі қалыпты, менің еш жерім ауырмайды. Тек Гимнді орындағанда қолымды кеудемнің оң жағына қоямын. Себебі жүрегім оң жақта ғой. Жаңа мектепте барлық жағдай жасалған. Тек қана оқу, іздену керек, – дейді А.Әсілбекқызы.
Біз өз кезегімізде Айдананың сынып жетекшісін де сөзге тарттық.
– Айдана әуелі №33 орта мектепте оқыды. Бізге былтыр келді. Оқу озаты. Ән айтып, би билейді. Бірақ кейінгі кезде математикаға көп зейін қойып жүр. Есептерді шығаруға келгенде қамшы салдырмайды. Мен қазақ тілінен сабақ беремін. Эссе жазу барысында да елгезектігі байқалады. Өзі Назарбаев зияткерлік мектебіне түсіп, сонда оқуды армандайды. Біз Айдананы ол ниетіне жетеді деп сенеміз. Ата-анасымен сөйлесіп, кездесіп тұрамыз. Жүрегінің оң жақта болғанынан оқушы қызға ешқандай зиян, қауіпті жағдай жоқ. Бәрі қалыпты. Анасының айтуынша, мұндай жағдай миллионнан бір адамда кездеседі екен, – дейді сынып жетекшісі Нұршат Баққараева.
Жүрегі оң жақта орналасқан Айдана «Отаным, елім өркендей түссе» деген тілекте. Болашақта ғылым жолына түсуді армандайды. Оған мүмкіншілігі мол. Зейінді, зерек, ынталы оқушы. Алған бетінен танбаса, біраз биікті бағындырары сөзсіз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support