- Advertisement -

Жамбыл — менің жай атым, Халық — менің шын атым!

158

- Advertisement -

Батық МӘЖИТҰЛЫ,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Уақыт сынағынан сүрінбеген алып тұлғалар саусақпен санарлық. Солардың бірі – Жамбыл. Сүйінбай шәкіртіне домбырасын бекер қалдырмапты.
Шегініс жасап, 1936 жылға оралайық. Сәуір айында республика компартиясының бірінші хатшысы Л.Мирзоян үкіметке, Ораз Исаевқа Парижден телефон соғады. «Қазақты ақын халық деуші едік қой. Сонымыз рас болса, декадаға ақын апарайық» дейді. Бұл, әрине, қуанышты хабар. Бірақ салмағы зіл батпан ауыр еді.
Өйткені Мәскеудің төрінде Сталин отыр. Қателескенді кешпейді. Сондықтан жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ керек. Ондай ақсұңқар арамызда бар ма?! 1935 жылы халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов республикалық байқау ұйымдастырады. Осы арқылы біраз мықтыларды сұрыптайды. «Халық өнершілерінің слетін өткізді. Бұл – алыста жатқан домбырашы, қобызшы және әнші, жыршыларды өз дүбірімен елеңдеткен тамаша жиын болды. Жамбыл, Нұрпейіс, Шашубай, Орынбай сияқты ақындарды біз алғаш рет сонда көрдік. Тайжан, Нартай сияқты гармонға қосылып жырлағыштар үнін сонда естідік» деп жазады Әбділда Тәжібаев «Аталармен кездесу» атты естелігінде.
Демек, таланттарымыз жеткілікті болған. Тізімдері де белгілі. Арқалы да айбарлы, сүйегі жас хас жүйрікті кез келген аймақтан кездестіруге негіз бар. Бірақ жеме-жемге келгенде сарапшылар тоқсаннан асқан Жамбылды таңдады. Неге?!
1936 жылғы жағдай күрделі еді. Репрессияның алды. Трубкасының түтінін бұрқыратқан Сталин қанды қасапқа дайындалып жатты. Оны биліктің жүрегі сезбеді дейсіз бе, сезді. «Мәскеуге апаратын адам көсемнің алдына барады. Кремльдің мысы басса, ақынның дегбірі қашса, мақталмақ тұрмақ, масқараға жолығасыңдар. Осыған мұқият болыңдар, жауапкершілікпен қараңдар!» деген қобалжу сөзді Мирзоян нөкерлеріне айтты деп топшылаймыз.
Мұндай кезде «Мәскеуге біздің ауыл лайық» дейтін іштартулардан қашатындар көп. Қараптан қарап жүріп кімнің арандағысы келеді?! Осы үнсіздікті Ораз Жандосов бұзады. «Мәскеуге Жамбылды апарайық» деді нық сеніммен. Ол мұндай ұсынысты Жамбылға туыс болғандықтан емес, ақынның дарынына көзі толық жеткендіктен айтты.
Батыл пікір бастықтарға ұнағанымен, шешімді түбегейлі бекіту үшін көп нәрселер қажет. Ең алдымен Темірбек Жүргенов бастаған комиссия құрылды. Алқалы топ ақынның мүмкіндігін жан-жақты зерттеді. Себебі, тоқсаннан асқан адамға иек арту – отпен ойнағанмен бірдей. Сондықтан олар бұл істі мемлекеттік шараға жатқызды. Сарапшылар қатарында Темірбек Жүргеновпен бірге Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Әбділда Тәжібаевтың болғаны көп жайды аңғартса керек. Он ойланып, жүз толғанған комиссия мүшелері ақырында Жамбылдың ақындық қуатын бірауыздан мақұлдайды. Ел үмітін ақтай алатын айтулы тұлға деген қорытындыға келеді.
«Жүрегі тозған адамның даусы дірілдеп, жарықшақтанып шығады ғой. Жәкең ондай емес. Қаттырақ айтқысы келгенде саңқылдап сөйлей алады» дейді Әбділда Тәжібаев. «Бұл – жүз жылда бір-ақ көрінетін құбылыс» деді Мұхтар Әуезов. «Эпостағы образдарды сәтті пайдаланады. Бұрынғы ұлы ақындар осылай сөйлеген» деді Сәбит Мұқанов. Сонымен Жәкең мемлекеттің қалауымен Мәскеу жолына дайындалады.
«Енді ақын өлеңдерін орысшалау қажет», деді Ұзақбай Құлымбетов. «Правдаға» оның жолма-жол аудармасы жіберілсін», деді Ораз Исаев. Нәтижесінде Жамбылдың шығармалары бүкілодаққа танылды. Сол арқылы қазақтың ақын халық екенін жарты әлем мойындады. Мәскеудегі әдебиет пен өнердің онкүндігі табысты өтті. «Жамбыл Кремльде болды, партия басшыларын өз көзімен көріп, бір дастарханнан ас ішті… Еңбек, ғылым, көркемөнер, әдебиет ерлерімен достасты» деп жазды Әбділда Тәжібаев.
Атамекенінен ұзап шықпаған ақынға бұл – керемет сый және үлкен оқиға. Ондай кезде «көрмегенге көсеу таң» болатындардың буы бұрқырап, басы айналады. Ал Жәкең өзінің қазақы және қариялық қалыбынан танбады. «Қарсы столға жете беріп Жамбылға бас изеген Сталинге бас изеді де қойды» (Ә.Тәжібаев). Оны айтасыз, «Сізге орден берерде Михаил Иванович Калининге ел атынан рахмет айтыңыз», деген Темірбек Жүргеновтің тапсырмасын орындау кезінде Калининді ұмытып қалады. Сонда ақын Кремльдің салтанат залында Темірбекке қарап, оған өлеңмен сұрақ қойып: «Мына теке сақалдың аты кім еді?» деген екен. Бұл – кеудесін тік ұстаған жүректілік емей немене?!
Әлі есімде, 1974 жылы ҚазМУ-де Жамбылдың хатшыларымен кездестік. Олардың ішінде Қасым Тоғызақов та болды. Қасым аға үзіліс кезінде бір әңгімені айтып бізді күлдіргені бар.
– Онкүндіктің қорытынды концертіне Сталин бастаған Саяси бюро мүшелері түгелдей келді. Жәкең сонда көсемге анықтап қарамақшы болады. Бірақ люстраның жарығы жанарына шағылып, кедергі жасай бергені. Ақын көмекке бізді шақырды. «Аналардың қайсысы Сталин?!» деді саңқ етіп. Олай сөйлеуге, көсемді саусақпен көрсетуге дәт шыдамайтын кез. Отырған орнымызда селк ете түстік. Жалтақтаған түрімізді көріп Жәкең жағдайды түсінді. Енді ақырындап сұрай бастады. «Бірінші отырған ба?» деді. Басымды шайқадым. Ол – Орджоникидзе болатын. «Одан кейінгі сары шашты ма?» деді Молотовты көрсетіп. «Ол емес» дегенді көзіммен білдірдім. «Үшінші отырған қара мұртты ма?» деді. Ептеп қана басымды изедім. Ақын оларға сығырайып ұзақ қарады. Содан кейін барып: «Пах! Ақылға біткен маңдай екен, қызыңды…» деп саңқ ете түскені. «Құрыдық!» дедік ес-түстен айырылғандай. Құдай сақтағанда, әлгі дауысты көсемнің күзетшілерінің естімей қалғаны. Сөйтіп Жәкең «күн көсемді» оның көзін бақырайтып қойып бір боқтап алғаны бар, – деп әңгімесін аяқтады. Ішек-сілеміз қатты.
Әйтеуір бір жерінен кінә табатындар Жамбылды кеңес өкіметін жырлады деген сылтаумен жазғырғанды жақсы көреді. Ал Жәкеңнің сол кеңес өкіметін ұнатпағанын көпшілік білер ме екен?! Бірде өзі жақсы көретін інісі Ораз Жандосов ақынға жолығып: «Тәте, бәрін жырладыңыз, мені де өлеңге қосыңызшы», дейді еркелеген сыңаймен. Сонда ақын қара домбырасын қағып-қағып жіберіп:
«Оразым, өрге қарай домаладың,
Байларды кәмпескелеп қуаладың.
Байларды кәмпескелеп қуамын деп,
Кедейдің жеп қалмағын құмалағын», деген екен.
Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Бұл оқиғаны марқұм Есенқұл Жақыпбеков кезінде «Қазақстан-Заман» газетіне жазған болатын.
Өзімнің анам Әлиман Тараншықызы Жамбыл жырларын жатқа айтатын.
Өзің бердің жауабын, өзің сұрап,
Жағымпаздық жаныңды тұр қамшылап.
Ұлық көрсе құйрығың бұлаң қағып,
Ең болмаса қаласың бір қыңсылап, – деген өлең шумақтары есімде қалыпты. Мен естіген мұндай тіркестер аз емес еді. «Бергенді мақтаған, өзінен зорға жалтақтаған, қошеметшіге жалбақтаған ақындарды ұнатпаған. Оларды қатты мысқылдап, аямай әжуалап отырған» дейді Әбділда Тәжібаев.
Солай бола тұра кеңес өкіметін жырлады. Неге Ленинді, Сталинді өлеңге қосты деп ойлайсыз? Осы оқиғалардың мәнісіне сол кездің деңгейімен талдау жасап, сол кездің көзімен қарасаңыз бәрін де түсінесіз. Бұл іс ақынға жүктеген республиканың тапсырмасы. Жеке өзінің ойлап шығарған идеялары емес, елдің атынан айтылған жолдау. Ол кісіге халық өкіметінің билеушілері солай деп ұқтырды, ақын солай деп ұқты. Бар болғаны осы.
Жамбылға тапсырыс бергендер жай адамдар емес, үлкен мемлекет қайраткерлері. Олардың бәрін қорқақтар мен жағымпаздарға жатқыза алмайсыз. Әлгі кісілердің көбі ел қамын жеген ерлер. 37-дегі жаланың құрбандары – «халық жаулары». Олар ұлтын сүйді, қазаққа ақ жол тіледі, сол үшін бәрі атылды!
Жамбылға Сталинді жырлаттың деп енді ол марқұмдарды кім кінәлайды?! Ешкім кінәламайды! Егер солай болса оларға сенген, айтқанын өлеңмен орындаған ақынға неге басқаша қарауымыз керек?! Өз ортасынан бөліп алып, жалғыз өзін жазғыруға хақымыз бар ма?! Хақымыз жоқ! Дүниедегі ең оңай нәрсе – өлгеннен өш алу. Кейбір ағайындар «мықтылығын» солай көрсеткенді қалайды. Мәселен, Сталин қайтыс болған соң Н.С.Хрущев та «батыр» атанған.
Енді мынаны ескеруіміз керек, Жамбылды Гомерге теңеген қазақтар емес, басқа ұлттың өкілдері. 1937 жылы Грузияда өткен Шота Руставелидің 750 жылдық мерейтойында бүкілодақ жұрты ақынның арыны мен дарынына бастарын иіп, «ХХ ғасырдың Гомері» деді бірауыздан. Бұл сөзді олар жүрек қалауымен айтты. «Президиум мүшелері кейін серпіліп кетті де, Жамбыл тек ақынға тән ұлылықпен стол басында қалды», дейді Николай Тихонов.
Мынандай оқиғалар да болған. 1940 жылы Леонид Соболев Алматыға келеді. Ол бір апта бұрын ғана осында болған екен. Шұғыл түрде Мәскеуден қайыра соғыпты. Ешкімге ескертпеген, ешкімге жеделхат салмаған, жүрісі суыт. Дереу Мұхтар мен Сәбитті қасына ертіп алып Ұзынағашқа тартады. Онда Жамбылмен әңгімелеседі. Ақынның үйінде бір аптадай қонақ болады. Екеуіне Мұхтар Әуезов тілмаштық жасайды. Л.Соболев бұл іссапардың құпиясын кетерінде ғана ашады. Сөйтсе Қазақстаннан Сталинге арыз түсіпті. Оны жазғандар «Жамбыл деген ақын дүниеде жоқ. Ол – өтірікшілердің жандарынан шығарып жүргендері. Бұдан былай Жамбылға сенбеңіз» деген екен. Сталин мұны тексеруді Александр Фадеевке жүктейді. КСРО Жазушылар одағының бастығы А.Фадеев Соболевке тапсырады. «Барып кел, көріп кел, біліп кел», дейді. Нәтижесінде Л.Соболев Жамбылға күмән келтірмек тұрмақ, оның орыс баласына айналады. Ақындық құдіреттің не екенін көзімен көріп, құлағымен естиді.
«Біз Леонид Сергеевичпен құшақтасып, сүйісіп қоштастық. Бірақ «Мәскеуге қандай пікірмен барасың?» деп сұраған жоқпыз. Сұраудың қажеті де жоқ болатын», дейді Әбділда Тәжібаев ол туралы жазған естелігінде.
Сонымен Жамбылды қазақ билігі бір, Мәскеу билігі екі тексереді. Сондай сараптамадан кейін ақынға шек келтіруге кімнің дәті шыдайды?! Қырқыншы жылғы айтылған өсекті бүгін ұялмай қайта бықсытсақ, біздің кім болғанымыз?! Енді Жамбылдың хатшыларына келейік. Олар – Тайыр Жароков, Қалқаман Әбдіқадыров, Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов, Қапан Сатыбалдин. Мемлекет бұл кісілерді қызметкер санатына жатқызды. Жалақы төледі. Салыстырып айтсақ, хатшыларға бүгінгі депутаттардың көмекшісіндей мәртебе берді. Бұл – Жамбыл өлеңдерінің ерекше құндылыққа ие болғанын көрсетеді. Хатшыларының ішінде Жәкеңнің етжақыны, рулас ағайындары болған жоқ. Бәрі алыстан қосылатын алаштың балалары. Жәкеңді тапқан да, таңдаған да, қолтықтап әкеліп, өмір сахнасына шығарған да солар.
Сталин өлгеннен кейін жылымық кезеңі басталды. Замананың қатқан тоңдары жібіді. Күн сайын кешегі көсемнің қателіктері мен жауыздықтары әшкереленіп жатты. Оған арналған өлең-жырлар жарамсыз болып табылды. Осындай сәтті пайдаланып Жамбылдың хатшылары да ақынды жамандаса оларға ешкім қой дей алмас еді. Бірақ ол кісілер керісінше «тәтелері» жайында жақсы естеліктерді ұрпақтарға ұсынды.
Ұлы композитор Нұрғиса Тілендиев: «Мен сақал өсірсем, Жамбыл тәтемнен аумайтын едім», деп өз бойынан ақынға қатысты ұқсастықтар іздегенді жақсы көрген. 1971 жылы ҚазМУ-де Жамбылдың 125 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш өтеді. Кешегі Жәкеңнің хатшылары бірінен соң бірі ақынға деген өз жақындықтарын айтып, залға қол соқтырады. Сол кезде ақиық ақын Мұқағали да мінбеге шығып: «Жамбылдың нағыз баласы менмін!» деп мақтанышын паш еткен екен. Міне, осындай сөздерді қазақтың әр баласы айтса, ол – ұлы даланың перзенттеріне соншалық жарасатын еді! Өйткені Жамбыл биігі аласармайды.

1.

Жан ата, Жамбыл десе – Жамбыл едің,
Өлеңнің сорғалаған жаңбыры едің!
Орындап Сүйінбайдың аманатын,
Өмірге жыр әкелген тағдыр едің.

Арнасы тарылмаған даңғыл едің,
Ән едің, аңыз едің, әңгіме едің.
Аспанда шарықтаған ақсұңқардай,
Көзіме елестейсің мәңгі менің.

Сәулесін өшірмеген шырақ едің,
Шашасы шаң жұқтырмас пырақ едің.
Бір қырлы, сегіз сырлы қалыбыңмен,
Талайды ойландырған сұрақ едің.

Көңілдің төріндегі көктем едің,
Аққулар армандаған көк көл едің.
Құлағын домбыраның бұрап алып,
Айтысқа қосылғанда өктем едің.

Жылытты отауларды отты өлеңің,
Даңқтың сөресіне жеткен едің.
Ғажайып болмысыңа қызықтырып,
Ғасырмен иықтасып өткен едің!

2.

Көргенде көнермейтін жыр туғанын,
Жадына жаттап алды жұртың бәрін.
Ақылдың алтын кені ақтарылса,
Оп-оңай табады екен кілтін дарын.

Абыздық бір өзіңнен артылмаған,
Атылды жанартаулар жарқылдаған.
Ақ туын ақындықтың желбіретіп,
Отырдың орынтақта алтындаған.

Аямай екіжүзді жебірлерді,
Сынадың ел үстінен семіргенді.
Шындыққа әлімсақтан ұлықтар өш,
Басыңнан өткізбедің не күндерді?!
Алатау, Қаратаудың ер ұлысың,
Ширатты сын сағатта сені күшің.
Жаратқан жүрегіңнің көзін ашты,
Өмірді ақын болып көру үшін.

3.

Жиырманың шілдесінде ысып едің,
Тоқсанның аязында үсімедің.
Толқыны ақ самалмен дірілдеген,
Жаныңның нәзіктігін түсінемін.

Қиындық әкелгенде басыңа мұң,
Тарқатты жақын келіп қасыңа күн.
Олжамен оралғанда тасымадың,
Жалаға ұрынғанда жасымадың.

Еменнің бұтағындай иілмедің,
Сырыңды әдемі етіп түйіндедің.
Тау көрді, дала көрді, қала көрді,
Ақынға адамдардың сүйінгенін.
Өресіз пенделікті пысқырмадың,
Өтірік қампиғанды мысқылдадың.
Атаңнан қалған қара домбырада,
Білдің ғой бір ғажайып күш тұрғанын.

4.

Мерейін биіктеттің кең даланың,
Іле мен Ыстықкөлге тең қарадың.
Өрісің – төскейдегі қырғыз, қазақ,
Жайлауда жарыстырған жорғаларын.

Еркелеп екі жақты тең емгенсің,
Көркейсін бауырмалдық, кемелденсін.
Қомуз бен домбыраның дауысынан,
Ұрпақтар ұнататын өлең келсін.

Бір-бірін ағалаған, жағалаған,
Дәстүр мен дастарханы дәлел оған.
Тоқтоғұл ақ патшадан қуғын көрсе,
Жамбылын іздеп келіп паналаған.

Аңғарды ол мұны халық қолдайтынын,
Ыр мен жыр – келешекке жолдайтын үн.
Тағы да дүниеге таныттыңдар,
Талантта шекараның болмайтынын.

5.

Көнермес ұлы қазына – мол дастаның,
Қанатсыз адамдарға қонбас дарын.
Өзіңе ұстатқандай мынау дала,
Хас батыр Қарасайдың алдаспанын.

Сөйлесең – бұлбұл сайрап, бұлақ күлді,
Бойына тіршіліктің қуат кірді.
Тоқсанда жиырма беспен тайталасқан,
Бұл қандай құбылыс деп сұрақ туды.

Ақтардың шежірені мың қатпарлы,
Домбыраң үйлестірді ырғақтарды.
Жырларың күміс жалды сәйгүліктер,
Тау-тасты дүбірлетіп қырға аттанды.

Қарады қалың елің қасқа жолға,
Жеңісін қара өлеңнің тосқан алда.
Ақынға алапат күш сыйлайды екен,
Адамға шапағатын шашқан Алла!

6.

Ұрпағың аралайды жыр көшесін,
Көшемен серуендесең нұр кешесің.
Жұлдызың жарқырайды Жамбыл баба,
Жасампаз болашақпен бірге өсесің.

Түлейді баяғыдай тау іші әлі,
Өзіңмен жаңа қазақ қауышады.
Тірі екен сенің қызыл жолбарысың,
Киесі ұрпақтарға ауысады.

Шекпені ақындардың оқаланып,
Кетеді қанаттанып, жоталанып.
…Жамбылдың ізі қалған кең өлкенің,
Жусанын иіскеймін жата қалып.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support