- Advertisement -

Тілінің «тікенегі» бар қаламгер

46

- Advertisement -

Жас жігіт аялдамаға қарай асығыс адымдап келеді. Ол жерде оны сүйіктісі күтіп тұр. Міне, жұрт шоғырланған аялдаманың төбесі де көрінді. Кенет біреулердің айқайласқан шаң-шұң дауыстары естілді. Жігіт жақындап, әңгімеге құлақ тосты. Ортада тұрған, жасы жетпісті алқымдаған ақ шашты ана қарсы алдында тепсініп, жер-жебіріне жетіп жатқан бойжеткеннен қайта-қайта кешірім сұрайды. Қыз оны қаперіне де ілмей, одан бетер балағаттап жатыр. Дауысынан таныды. Сұмдық-ай! Алып-ұшып, жолығуға асығып келе жатқан сүйіктісінің сиқы осы. Жолаушылардан мән-жайға жылдам қанықты. Ақ шашты ана байқаусызда бойжеткеннің көйлегіне ыдыстағы сүтін төгіп алады. Жалт бұрылған жігіт кері қайтады. Көз алдына ақ шашты анасы елестейді.

Ертең үйге келін болып түскенде анасына осылай әңгір таяқ орнатып жатса қалай болады? Қолын бір сермеген ол анасы үшін «махаббатын» ойынан да, өмірінен де өшіріп тастауға бекінеді. Әңгіменің әсерлілігі сонша, жоғарыдағы оқиға өзіңнің басыңнан өткендей күй кешесің. Мұңға батып, аяушылық сезімі андыздайды. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде жарияланған әңгіменің авторы – Доқтырхан Тұрлыбеков екен. Осы туындыны оқығаннан соң Доқтырхан Тұрлыбеков деген есім жүрекке жылы ұялады. Ол кезде бұл фамилия басылымда жиі шығатын. Доқаң газеттегі қиын да күрделі тақырып – өндіріс туралы өндіре жазатын. Әсіресе химия өнеркәсібі жайлы көлемді мақалалары нөмір сайын жарияланатын.
Мен ол кезде құрылыста жұмыс істеп жүргенмін. Доқтырхан ағаның жуалылық екенін білмейтінмін. Жуалы аудандық «Жаңа өмір» және облыстық «Еңбек туы» газеттеріне жиі мақала жазып тұрамын. Бірде облыстық газетке құрылыстан көлемді проблемалық мақалам шықты. Оны толықтырып, біраз деректермен байытып шығарған Доқтырхан аға екенін көп жылдардан кейін білдім. Мені 1981 жылы «Жаңа өмірге» жұмысқа шақырды.
Жаңа ортаға бейімделу, орнығу қиын болған жоқ. Маған ұстаздық еткен Икрамбай, Мырзай және Мырзахан сияқты ағалар «Жаңа өмірден» талай мықты қаламгерлер түлеп ұшқанын мақтанышпен айтып отырады. Солардың арасында Доқтырхан Тұрлыбек те бар. Доқаңның жерлес екенін білген соң өндіріс туралы дүниелерді сол кісінің атына жолдайтынмын. Олардың басылымға шықпайтыны сирек. Бір күні Доқтырхан аға аудандық газетке келді. Үлкен кісілермен сәлемдесіп, хал-жағдай сұрасқан соң, менің қағаздағы жазуыма қарап: «Сен Ақылжансың ба? Қолтаңбаңнан танып тұрмын», – деді ол. «Бағытың дұрыс. Жазып тұр» деді тағы да. Менің төбем көкке жеткендей болды.Ол кісімен таныстығым осылай басталды.
Д.Тұрлыбектің мақалалары облыстық және республикалық басылымдарда жиі жарияланады. Облыстық және республикалық телеарналарда жүргізген хабарлары мен деректі фильмдерін де тұрақты қадағалап, көріп жүремін. Оның әрбір шығармасы өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Бәрінің де айтары бар, танымдық және тағылымдық материалдар. Қай тақырыпты қаузаса да жеріне, шегіне жеткізе жазады. Кейде Доқаңның ой-өрісінің кеңдігіне, көп оқитынына, көп білетініне, еңбекқорлығына және шеберлігіне таңғаласың, қызығасың, сүйсінесің әрі риза боласың. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеген кезде талай рет озбыр басшылардың кесірінен әділетсіздік пен қиянаттың құрбаны болған азаматтарға араша болып, абыройларын сақтады. Қызметтеріне қайта оралуларына септігін тигізді.
Осындай оқиға 30 жыл бұрын Жуалы ауданының «Октябрь» кеңшарында болды. Кеңшардың мейманасы тасыған директоры жергілікті мамандарға «отырса – опақ, тұрса – сопақ» деп күн көрсетпейді. Біраз мамандарды лауазымдарынан шеттеткен. Олар бірінші сауға сұрап аудандық газетке келді. Мен ол кезде «Жаңа өмірде» редактордың орынбасары едім. Жәбірленушілер және директормен, басқа да лауазымды тұлғалармен сөйлесіп, сын мақала жаздым. Әйтсе де оны аудандық партия комитетінде екінші хатшы болып қызмет істейтін директордың досы жариялатпай қойды. Көп ұзамай жәбірленушілердің мұң-зары республикалық телеарнадан жарқ ете қалды. Оның авторы – Доқтырхан Тұрлыбек. Осыдан кейін көп ұзамай әділдік орнап, жергілікті мамандар өз орындарына келді. Олар ұзақ уақытқа дейін Доқтырхан ағаға алғыстарын айтып жүрді.
Журналистиканың атасы – Михаил Ломоносовтың қалам ұстаған тілшілерге қоятын алты талабы бар. Бірінші – журналист білімді болуы керек. Екінші – анализ, үшінші – синтез жасай алуы, төртінші – әділдік принципін ұстануы, бесінші – жазатын нысанын жан-жақты зерттеуі және әдепті болуы тиіс. Доқтырхан ағаның бойынан осы қасиеттердің барлығы табылады. Бірде мені облыстық «Ақ жол» газетінің бұрынғы бас редакторы, марқұм Әлдихан Қалдыбаев кабинетіне шақырып алып, Мойынқұмда алтын және күміс өндіретін компанияның басшысы Абдуллаев деген азаматпен таныстырды. Осы кәсіпорын туралы жазуға тапсырма берді. Абдуллаев кабинетке келген соң мені Мойынқұмға іссапарға алып кетуге ұсыныс жасады. Ол жаққа барып қайту үшін кем дегенде төрт күн керек. Сол кезде редакцияда қолбала болып жүрген мені басшылар бір аптаға қайдан жіберсін?
Мен іссапарға барудан бірден бас тарттым. Басын қасыған Абдуллаев: «Біраз уақыт бұрын бізге журналист-жазушы Доқтырхан Тұрлыбек келді. Ол алтын және күміс өндірушілердің қасында үш күн жүріп, жазатын нысанын жан-жақты зерттеді. Көп мамандармен сөйлесті. Нәтижесінде мынандай ғажайып мақала жазды» деп сөмкесінен «Қазақ әдебиеті» газетін шығарды. – Ал сен менімен кабинетте ғана сөйлесіп, қандай мақала жазасың? – деп басын шайқады.
Д.Тұрлыбектің «Қазақтың алтыны» деген зерттеу және танымдық мақаласы «Қазақ әдебиетінің» айқарма бетіне жарияланыпты. Оған мен көз жүгірткен соң Абдуллаев қайта алып сөмкесіне салды. Тапсырманы орындау керек. Абдуллаев пен бір сағат әңгімелесіп, газетке мақала бердім. Мұның өзі Доқаңның әрбір жазатын дүниесіне жауапкершілікпен қарайтынын көрсетсе керек. Асығыс, зерттелмей жазылған қандай да болсын еңбек елдің есінде қалмайды. Авторға да абырой әпермейді. Доқтырхан ағаны да шеберліктің шыңына шығарып, абыройға бөлеп жүрген осындай қасиеттері шығар. Доқаң алуан қырлы қаламгер. Оның қаламынан очерк, проблемалық мақала, репортаждар, сенсациялық хабарлар мен қатар көркем дүниелер де толассыз туындап жатады. Ол – елімізге белгілі сатирик. Қаламгер осы салада да өнімді еңбек етіп келеді. Оның сатиралық шығармаларын оқығанда оқырмандар езу жия алмай қалады. Тілінің тікенегі бар сатирик.
Оқырман қауым кітаптарын іздеп оқитын, кемеліне келген қаламгердің баспалардан жиырмадан астам кітаптары жарық көрді. Солардың арасында «О дүниеден келген өкіл» кітабының орны бөлек, шоқтығы биік. Ол кітаптағы әңгімелердің кейіпкерлері ортамызда жүр. Барлығы да болған оқиғаның ізімен жазылған. Автор кейіпкерлердің атын атап, түсін түстейді. Оқиғаларды қағазға тірі күйінде түсірген. Бірде күлдіреді, бірде күйіндіреді. Шеберлік деген осындай болса керек. Бұл – әуелі ізденістің және еңбекқорлықтың жемісі.
Д.Тұрлыбектің «Халила қожаның хикаялары» кітабы Мәскеуде орыс тілінде шықты, ағылшын тіліне аударылды. Ол – Қазақстан қаламгерлері арасында тұңғыш рет Санкт-Петербург халықаралық психология ғылым академиясының құрметті академигі атанды.
Дүниежүзілік «Алтын сапран» кинофестивалінің жеңімпазы, отыздан астам деректі фильмдердің авторы. Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының, «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Адамдар да, кемелер де ағыспен жүзеді. Ал ағысқа қарсы жүзетіндер сирек. Доқтырхан аға ағысқа қарсы жүзіп бара жатқан кеме сияқты болып көрінеді. Мен оның өмір өткелдерін жақсы білетіндіктен айтып отырмын. Оның өмірде қаншама қиянат көрсе де жігерінің жасымағанына тәнті боласың. Кездескен қиындықтардың бәрін жеңіп, мақсатына жеткеніне қуанасың. Бәлкім, ол осы дәрежелерге өмірдегі сан қилы сынақтардан сүрінбей өткендіктен жеткен шығар. Оның журналистика, әдебиетте, оның ішінде сатирада ойып алар орны бар. Ең бастысы, оған деген оқырмандардың сүйіспеншілігі.
Доқтырхан Тұрлыбек Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры қызметін ұзақ жылдардан бері абыроймен атқарып келеді. Ол – жетпіс жасқа келсе де шаршауды, қажуды және жалығуды білмейді. Журналистикаға қатысты барлық салада қызмет етті. Барлық жанрларға қалам тартты. Шеберлігімен көзге түсті. «Әлі де ойда жүрген, жазатын және түсіретін дүниелер көп», – дейді қаламгер.

Ақылжан МАМЫТ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support