- Advertisement -

Өрт қауіпсіздігін сақтау – адам өмірін қорғау

61

- Advertisement -

Астана қаласындағы Көктал-1 шағын ауданы Шыңғыстау көшесіндегі жер үйде болған өрт салдарынан бір отбасындағы бес бүлдіршіннің қаза болуы бүкіл қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Алды 13 жастағы, ал ең кішісі үш айлық балғындардың қазасына қалың ел болып көңіл айтуда.
Елбасы аса ауыр қайғыға байланысты қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтып, барлық өңірдің әкімдеріне құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейту қажеттігін, сондай-ақ тиісті тексерістер ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараларды қабылдау тиістігін де ескертті.
«Тілсіз жау» облыста да орын алып жатады. Оның себеп-салдары әрқалай болып келеді. Әсіресе үй-жайларда орын алатын өрт зардабының тым ауыр екенін Астанадағы бес бүлдіршіннің өмірін жалмаған от-жалын көрсетті. Ауылдарда ғана емес, Тараз қаласында да көп қабатты үйлермен қатар жеке үйлер де көптеп шоғырланғандықтан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау күн тәртібінде өткір тұруы тиіс.
– Облыс аумағында жылыту маусымы басталған 2018 жылдың 15 қазанынан бастап тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан 75 өрт оқиғасы орын алып, 2 адам қаза тапса, 3 адам жарақат алды. Сонымен қатар 10 газбен улану оқиғасы орын алып, 23 адам зардап шекті, оның ішінде 3 адам қаза болды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу комисиясының былтырғы 27 қарашада өткен отырысында улы және табиғи газбен улану кезінде адамдардың қаза болу, жарақаттану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу мәселесі күн тәртібіне шығарылып, Тараз қаласы және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Жылыту маусымы басталғалы бері департамент қызметкерлері 64384 тұрғын үйді аралап, 147798 адамға нұсқаулық берілді. 855 рет өткізілген жиынға 96325 адам қатысып, оларға өртке қарсы тақырыптарда жаднамалар таратылды. Жергілікті полиция қызметкерлерімен тұрғылықты жерлерінде 6740 адамды қамтыған 1223 рет рейд жүргізілді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Мадияр Жатқанбаев.
Өрт қауіпсіздігіне жауапты басқарма басшысы газдан улану оқиғалараның алдын алуда атқарылып жатқан шаралардан да хабардар етті. Мәселен, «ҚазТрансГаз» АҚ облыстық филиалы өкілдерімен бірге улану оқиғалары көп орын алатын жерлерде 2 мыңнан астам адамды қамтитын 100-ден аса рейд жүргізіліпті. Жылыту маусымы басталғалы бері екі рет өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп, әр сенбі сайын «Өрт қауіпсіздігі сенбіліктерін» өткізу қолға алыныпты. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жасотандық белсенділермен бірге «Өрт қауіпсіздігі сенбілігі» аясында облыстың тұрғын үй секторында аула аралап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл шара жылыту маусымы аяқталғанша жалғаса береді екен. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті әр ай сайын қауіпсіздік шараларына арналған түрлі атауда арнайы акция өткізуді де жүзеге асыруда.
Апат айтып келмейді. Дегенмен тұрғындар тарапынан да өрт қауіпсіздігінде сақтық шараларына аса зор мән берілуі керек. Қыстың саршұнақ аязында төтеншеліктер әр үйге бас сұғып, пеш мұржасынан түтіннің түзу шығуын, газ плиталарындағы «көгілдір отын» қысымын, электр сымдарының тұйықталып қалмауын еріккеннен қарап жүрген жоқ. Сондықтан да әрбір тұрғын оған түсіністікпен қарап, босағасынан аттатқандары абзал. Өрт қауіпсіздігі – адам өмірі екені кім-кімніңде есінен шықпаса дейміз.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support