- Advertisement -

Жолаушыға да, жүргізушіге де тиімді

75

- Advertisement -

Биылдан бастап қалалық қоғамдық жолаушылар көлігі қызметіне электронды билет жүйесі енгізілмек. Бүгінгі таңда «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС темір жол вокзалы мен «Жансая» шағын ауданы аралығына қатынайтын №40 бағыттағы 10 қоғамдық көлікті осы жүйемен жұмыс істеуге көшіріп отыр. Аталған бағытта қатынайтын бірқатар автобустардың жұмысымен таныса келе, облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібекті сөзге тарттық.
– Бұл – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан тың жоба. Жоспарда 2019-2020 жылдары қаладағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу, бейнебақылаумен жабдықтау жұмыстары қарастырылған. Орталық диспетчерлік пункт тарапынан бірнеше нұсқа ұсынылып, жаңа жүйенің тиімділігі жетілдірілуде. Бір ай бойы қоғамдық жолаушылар көліктерінде көрсетілетін қызмет түрлерін жақсарту, жаңғырту жұмыстарына байланысты тұрақты түрде тексерулер жүргізілмек. Тәжірибе оң нәтиже көрсеткен жағдайда қалаішілік барлық бағыт осы жүйеге көшетін болады. Бұл шаралар 2020 жылы толық жүзеге асады деп күтілуде. Жаңа жүйені енгізудің арқасында қоғамдық көліктердегі қызмет көрсету сапасы, жүргізушілердің және жол серіктердің жалақылары, сонымен қатар тасымалдаушы компаниялар табысы, бюджетке аударылатын салық түсімі көбейетін болады, – деді ол.
Электронды жүйенің жұмысы қарапайым. Бар болғаны ANDROID операциялық жүйесіндегі Play Market қосымшасы арқылы «IPAY» ЖШС-мен жасақталған OyBy мобильді көмекші жүктемесін орнатып, көмекші қосымшамен автобус салондарында орналасқан «QR» кодтар арқылы жол жүру ақысын бірліктеріңіз есебінен төлей аласыз. Сондай-ақ банк карталарындағы қаражат есебінен жолкіре төлеу де қарастырылған.
– Қазіргі уақытта Тараз қаласында қанша адам тасымалданып, қоғамдық көлік қанша айналымда жол жүретіндігі туралы нақты ақпарат жоқ. Барлығы да жуық шамамен есептеледі. Ал мына жаңа жүйе бұл тұрғыда толыққанды мәлімет алуға мүмкіндік береді. Мәселен, электронды билет жүйесі енгізілген үш күннің ішінде 388 рейс жасалып, 17264 жолаушы тасымалданған. Оның 14011-і – ересектер, 1264-і – оқушылар. Жалпы жолаушылардың 1969-ында бірыңғай жол жүру билеті болған. Осы күндері жолаушы тасымалынан 969 785 теңге табыс түсті. Қазірдің өзінде бұл жүйе өзінің тиімділігін көрсетуде, – дейді «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-ның директоры Марат Әлімбетов.
Расында, қанатқақты жоба «көлеңкелі экономиканың» алдын алуға да септеседі деген үміт бар. Жобаның тиімділігін сезінген қала тұрғыны, зейнеткер Роза Шоева: «Жолкіреге бола бұрынғыдай бақылаушылармен айқайласып, қолма-қол есеп айырысып жатпайсың, автоматты жүйені пайдалану гигиеналық тазалық пен мәдениетті сақтауға да мүмкіндік береді», – дейді.
Қанатқақты жоба әзірге қала тұрғындары мен жолаушыларға егжей-тегжейлі таныстырылып, түсіндірілуде. Ал мамандар болса, облыс аумағында алғаш рет енгізіліп отырған бұл жүйенің тиімділігі жоғары екенін айтуда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support