Экологиялық зертхана-автокөлік қызмет көрсете бастады

Экологиялық  зертхана-автокөлік  қызмет көрсете бастады
ашық дереккөз
Экологиялық зертхана-автокөлік қызмет көрсете бастады

Облысымызда жылжымалы экологиялық зертхана ашылып, жұмыс істей бастағалы бері көп уақыт өте қойған жоқ. Кеше зертхана ұжымына заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған «Газель» автокөлігі табысталды. Аталған жылжымалы зерттеу кешені бірінші кезекте зауыттар мен өндіріс орындарынан шығатын ауа ластаушы заттардан сынамаларды кешіктірмей дер кезінде алуға мүмкіндік бермек. Соған сай жылдам талдау жасалып, қорытындысы тиісті мекемелерге жіберіледі. Бұл уақытты үнемдеп, жалпы жұмыс үдерісін де тездететіні белгілі. Автокөлікті облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы әперіп отыр. Аталған басқарма басшысының орынбасары Жақсылық Сапаралиевтің айтуынша, оны өңір басшысының өндіріске инновацияны енгізу тапсырмасына сәйкес сатып алыпты. Бұл мақсатқа бюджеттен 23 миллион теңге бөлініпті. Ресейден алынған су жаңа көлік 16 миллион теңгеге түсіп, қазынаның 7 миллион теңгесі үнемделген. Сондай-ақ жылжымалы зертхана кешені Ресей мен АҚШ елдерінде жасалған соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жарақтандырылған. Осылай табиғат жанашырлары жағдай талғамай кез келген жерде зерттеу жүргізу мүмкіндігіне ие болып отыр. Жаңа көлік-кешеннің кілтін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Сапаралиев облыс бойынша экологиялық департаменті зертханалық талдауларды бақылау бөлімінің басшысы Жаһангер Назарбековке салтанатты жағдайда табыс етті. – Бұл біздің өңір үшін аса маңызды. «Жылжымалы экологиялық зертхана», ең алдымен, біздің жұмысымызды жеделдетеді. Екіншіден, шалғай аудандарға барып, далада топырақтан, судан сынамалар алып, талдау жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік береді. Сондай-ақ табиғат жанашырлары мен ауа райын болжау орталықтарымен бірлесе жұмыс істеуге жол ашпақ. Жалпы бізге тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар жиі түседі. Оған ай сайын болатын жоспарлы тексерісті қосыңыз. Үлгере алмай жататынбыз. Бір мезгілде үш маманның жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін ықшам автокешен көмегімен енді сынамалардың қорытындысын жедел шығаруға мүмкіндік алып отырмыз. Бұған қоса сынамаларды белгілі бір температурада сақтауға да болады. Ең бастысы, бұл іс өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақты бақылап отыруға зор мүмкіндік береді, – деді Ж.Назарбеков.

Диас МАРАТҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар