- Advertisement -

ҚҰМӨЗЕКТЕ «АРДАГЕРЛЕР ҮЙІ» БАР

56

- Advertisement -

Аудандағы барлық ауылдық округ әкімдері тұрғындар алдындағы есепті кездесулерін аяқтады. Соңғы жиын Қарабөгет ауылдық округіне қарасты Сарыөзек және Құмөзек ауылдарында өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев қатысты.
Ауыл әкімі Бағдат Сатыбалдиевтің айтуынша, өткен жылы ауылдың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Соның бірі – «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2018 жылға бөлінген 1 миллион 550 мың теңге қаржының толық игеріліп, қолға алынған шаралардың нәтижесінде былтыр Құмөзек ауылының «Үлгілі ауыл» атанғаны. Осы елді мекенге аудандық бюджет есебінен қаржы бөлініп, мектепке баратын және Жиенбаев көшесінің жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
– Былтыр «Жаңа нысандағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» бойынша 16 отбасының 102 мүшесіне жәрдемақы төленді. Сондай-ақ өткен жылғы ең маңызды жаңалықтардың бірі – ауылымызда «Ардагерлер үйі» ашылды. Бұдан бөлек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Құмөзек ауылының 60 жылдық, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 40 жылдық мерейтойларына орай игі шаралар қолға алынды, – деді ауылдық округ әкімі.
Атқарылған шаруалар көп болғанымен, көкейкесті мәселелер де жоқ емес. Құмөзек ауылының тұрғыны Көшен Абдрахманов ауыл маңында жайылымдық жердің жоқтығы мен жаз айларында өрттің көп орын алатындығын айтып, соның салдарынан аң-құстың сиреп кеткендігін жеткізді. Оған қоса, аудан орталығынан келетін ағын судың да соңғы жылдары тоқтап қалып, төрт түліктің көбеюіне кері әсері тиіп жатқанын айтты. Өз кезегінде ауыл әкімі аталған мәселенің барлығы ағын суға тіреліп тұрғанын түсіндіріп, биыл ауыл маңындағы иесіз каналды аудандық сотқа шағым түсіру арқылы мемлекет меншігіне өткізетінін жеткізді.
Ал ауыл ақсақалы Жақсыбай Данияров ауыл маңында отын қоры мол болғанымен, оны алуға рұқсат жоқ екенін айтып, мәселе көтерді. Сонымен бірге сырттан келетін қатты отынды жеке кәсіпкерлер өте қымбат бағада сататынын тілге тиек етіп, осы түйткілдің оң шешімін қарастыруды сұрады. Аталған мәселеге қатысты аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев ауданда төрт бірдей жеке кәсіпкердің қатты отын тасумен айналысатынын айтты. Бағаға бұғау салу үшін тұрғындар бірлесіп, кімге қанша мөлшерде қатты отын керектігін есептеп, сол кәсіпкерлерге ұсыныс беруді ұсынды. Бұдан бөлек, ауыл әкімі аз қамтылған отбасылардың тізімін аудан әкімдігіне өткізсе, оларға көмек ретінде қыс айларында қатты отын беріледі екен.
Жиында ауылдық округ әкімі Б.Сатыбалдиев алдағы атқарылатын жұмыс жоспарымен де бөлісті. Оның айтуынша, биыл Құмөзек ауылындағы Ж.Кенешов көшесіне, Қарабөгет ауылындағы С.Сейфуллин көшесіне және Сарыөзек ауылындағы Сарыөзек көшесіне шағал тас төселеді екен. Сонымен қатар Сарыөзектегі Ж.Қуанышбаев көшесінің аяғындағы 400 метр жолға тас жол салу жұмыстары да қолға алынбақ. Жиын соңында жиналған жұртшылық әкімнің жылдық жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support