- Advertisement -

Мыңжылдық музыка – қазаққа ортақ құндылық

70

- Advertisement -

Елбасының ел дамуы жолында атқарып жатқан жасампаз жұмыстарын барша қазақстандықтар зор ықыласпен құптап отыр. Әр жылдары жолдайтын Жолдауларының да, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының да мән-маңызы өте зор. Ел Президентінің тапсырмаларын сапалы жүзеге асырудың нәтижесінде экономика саласында, руханият пен мәдениет, өнерде де үлкен табыстарға қол жеткізудеміз.

Мемлекет басшысының 2018 жылдың қараша айында жариялаған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы көзі қарақты барша қазақстандықтардың көңіліндегісін дөп басып, мерейін өсірді деп айта аламын. Мен музыка саласының өкілі, ардагері ретінде ән мен күй бағытында ой қозғап, сөз сабақтайын. Жалпы атқа міну мәдениеті, алғашқы аңшылық, алғашқы металлургия, кен өндіру, Ұлы Жібек жолының жетістіктерімен қатар Ұлт Көшбасшысының музыкаға ерекше көңіл бөлуі қуантады. Мемлекет басшысының осынау жазбасының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» бөлімінде «Дала фольклорының антологиясын» жасау керектігі айтылған. Оның бәрі – даласын ән кернеген, бесіктегі баласын бесік жырын айтып жұбататын қазаққа қажетті құндылықтар. Қазақ – сүйегіне сөз сіңген, жүрегіне ән мен күй ұялаған текті халық. Сартап даланы ғасырлар бойы тербеген халық әндері мен халық композиторларының күйлері қатал жүректерді ерітіп, жібімейтін көңілдерді қорғасындай балқытты емес пе?
Ел Президенті аталған мақалада «Ұлы Даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет екенін шегелеп айтады. Нәтижесінде халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілердің, аңыз-әфсаналардың, қиссалар мен эпостардың бір ортаға жинақталатыны жағымды жаңалық екені анық. Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай сынды музыкалық аспаптары арқылы орындалатын маңызды туындылардың топтастырылатыны да болашаққа деген жанашырлық десек, артық айтқанымыз емес. Елбасы ұлттық музыканы, асыл құндылықтарымызды жүйелі зерттеп, зерделеп, бүкіл Еуразия кеңістігі мен әлемнің барлық түкпіріне дәріптеуіміз керектігін халқына деген шексіз құрметпен сөз етті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың мақалада: «Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек. Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады. Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет» – деп атап өткендігі саладағы жұмыстарға тың серпін беретіні ақиқат.
Ал енді ұлттық өнердің ұлықталуына келсек, жанымыз жадырайтын жетістіктер баршылық. Мәселен, екі жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіле бастаған «Мен қазақпын» халықаралық тележобасы арқылы әр облыс, әр ауданнан талантты өнерпаздарды іздеп жүріп табуға мүмкіндік туып отыр. Осы бір ғана жоба қаншама айтылмай жүрген әндерді ел назарына ұсынып, тасада қалған көптеген таланттың жолын ашты десек қателесе қоймаспыз. Сол өнерпаздар тартқан тағылымды күй мен әсерлі әнге «Беу, шіркін!» деп талай рет тамсанғанымыз да рас.
Біздің өңірде де өнерді өркендету жолында атқарылып жатқан шаруа аз емес. Өткен жылы облыстық филармонияға даңқты тұлға Кенен Әзірбаев есімінің берілуі – тамаша жаңалық. Жамбылдықтардың көптен көкейінде жүрген мәселе оң шешілді деп айта аламын. Сол филармония ұжымы да қазақтың дәстүрлі ән өнерін жалғастырушы талантты жас өнерпаздармен қалыптасып келеді. Жамбыл жерінде кешегі Жамбыл мен Кененнің, былтыр ғана өмірден озған Аяз Бетпаевтың жүріп өткен ұлағатты жолы бар. Сол жолды таңдаған жүздеген өнерлі шәкірттер бар деп сенім білдіруге болады.
Күйшілік өнер де кенжелеп жатқан жоқ. Мені де құрметтеп екі жыл сайын шығармашылық кешімді өткізіп жүр. Жас күйшілеріміз «Мен қазақпын» халықаралық жобасына қатысып, жақсы өнер көрсетуде.
Елбасы мақаласында айтылғандай, фольклорлық дәстүрдің негізгі ортақ тарихын іздеуде, қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай секілді музыкалық аспаптары арқылы орындалатын ғажап туындыларды топтастыру барысында да біздің өңір белсенді түрде үлес қосып, зор ынта танытады деп пайымдаймын.
Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы – маңызы зор құндылық. Мақаланың айтар негізгі ойы: «Қазақтың Ұлы Даласы аспаннан түскен жоқ, тарихы тым тереңде жатыр, әлем халқының алдында мақтанатындай өткені бар, соны ізде, тап, бабаларыңның даналығынан ұлағат ал», дегенге саяды. «Осы Ұлы Далада кеше бабаларымыз ғұмыр кешті, солардың лайықты жалғасы біз бүгінгі талапқа сай болайық, аталарымыз айқындап кеткен елге, жерге, өнерге, ұлттық құндылықтарға ие болайық» – деген ойды қаузайды. Әрине, мұндай құндылыққа қалайша қуанбайсың, мұндай маңызды мақаланың жазылуын қалайша құптамассың.
Аталған мақала өнер жанашыры бізге де зор міндет, жауапкершілік жүктейді. Өнер мен музыка жөнінде өзіміз білетін тарихты, күйлер мен жырларды, құндылықтарды келешек ұрпаққа қалдырып кету, солардың санасына сіңіру – бірінші кезекте жүзеге асуы тиіс жұмыс. Әрине, мұны мен осы елдің көпшілік құрметтеген ақсақалы ретінде жан жүрегіммен терең сезінемін.
Қорыта айтқанда, Елбасының аталған мақаласы – әр қазақты Ұлы Даласымен мақтануға, ұлан-байтақ жердің тағылымын санаға түюге шақыратын қастерлі дүние. Бұл мақаланың жазылуы барша қазақстандықтардың көңіліне үлкен мақтаныш сезімін ұялатады және сол биікте қалу үшін алда жүзеге асырар жұмыстың көп екенін байқатады. Әрине, әркім өз саласына қатысты жұмыста белсенді болған кезде ел өркендеп, әлемдік деңгейде көздеген мақсаттарға жетуіміз оңайлай түседі.
Сондықтан бұл құжатты ризашылық сезіммен мұқият оқып шығып, көп жайды көңілге түйдік. Осы бағытта жүйелі жұмыстарды жүзеге асыра беруіміз керек. Мен өнер, музыка саласындағы азаматтардың Ұлы Дала мұраларын түгендеуде белсенділік көрсететініне сенемін.

Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, күйші-композитор.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support