Елім деп туған ер Өтеген

Елім деп туған ер Өтеген
ашық дереккөз
Елім деп туған ер Өтеген

Мүйізді Өтеген бабамыз батыр, әулие, сонымен бірге сауаттылығы мен суретшілігі бар көзі ашық, көкірегі ояу аңыз адам болған. Мүйізді батырлар тарихта тым сирек кездеседі. Біздің бабамыздың «мүйізді» атануының сыры бар. Досы Қазыбек бек Тауасарұлы екеуі білімнің соңына түсіп Шам, Бағдат қалаларына барғанда басына жара шығып, соның орны сүйек болып қатып, мүйізге ұқсап кеткен. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында: «Алдымен Өтеғұл бай айдаған малмен екеуміз бірге шығып Бұқараға, одан Самарқандқа бардық. Онда Торын қажының қолында бір жыл тұрдық. Бұқара, Самарқанд тұрмысы, олардың адамдарының жиіркенішті ақшақұмарлығы маған ұнамады. Жаңа келген, оқу іздеген Өтегенге мұның бәрі қызық болды. Өтеннің сауаты күн сайын ашылып, үммәттікке фазылданып, оқуды өзіне уазифа етіп алды. Оқыған ғұламаларға тағзым ету, нашарларға фазылдық көрсету сияқты жай енді оның күн сайынғы әдет-ғұрпына сіңісіп барады. Біз уәжіп-парызымызды атқару мақсатымызды, ғибадатымызды ел көзіне дұрыс атқардық. Көбіне балалығымыз жеңіп, ұмытып, қызық қуып кететініміз де көп болды. Біздің еркін қазақша жүріс-тұрысымыз сарттарға, соқақтарға-парсыларға онша ұнамады... Өтен әптиекті бітіргеннен соң өзінше мықтап жазып кете алмағанымен, судыратып оқитын дәрежеге жетті. Фәһімі артып, білімге ілтипаты басымдады. Енді ол діни кітаптардан гөрі ғарапша, парсыша жазылған тауарих мағарифына бейім, жалпы фәһімді кеңейтетін кітаптарды оқитын, менің мұхтарәм кітаптарыма жармасатын болды. Мен бұған ренжімедім, қайта һәр нәрсенің һаммасын ғәпласып отыруға болатындығына қуандым», дейді. Екі дос білім іздеп одан ары ауған жері арқылы Тегеран, Бағдат, Басыра, Шам, Стамбул қалаларына барып оқиды. Стамбулдағы оқулары жайында: «Ең керемет нәрсе – Стамбул мұсылман мәртебелі мектебі, ісірібі хижра жыл санауының 731 жылы тұрғызылған, түріктер өздері оны дунияуй оқу орны деп те жүреді. Өтен екеуміз дүнияуй оқуда көп білім алдық», деп жазады Қазыбек бек Тауасарұлы жоғарыдағы кітаптың 161-бетінде. Бұл жазбалардан батырдың білімді болғанына көз жеткіземіз. Әттең, сырт мемлекеттерден білім нәрімен сусындап келген оны қалмақтармен болатын Ұлы Отан соғысы күтіп тұрған еді. Мүмкін үлкен оқымысты, болмаса әйгілі суретші болар ма еді, кім білсін? Қазақтың ата жауы қалмақтар елге тыныштық бермей қазақ ауылдарына кіріп, барымталап жатқандықтан еліне қорған болған батырлар қолдарына қаруларын алып жауға қарсы шығады. Соның бірі – Өтеген батыр. Ол 1715 жылдан басталған майда қақтығыстарға, Аягөз маңындағы, Ұзынбұлақтағы, Далатаудағы (Аңырақайдағы) және басқа жердегі ұрыстарға белсене қатысады. Үлкен ерлік көрсетіп, өзінің сүбелі үлесін қосады. Осындай бір жойқын шайқас кезінде қалмақтардың бас батырын өлтіреді. Қалмақ жағын Қалден Сереннің нағашысы Донық басқарады, бас батыры Ботшихар еді. Қалмақтар оны көбірек ардақтайтын. Сол ардақтысын Өтеген батыр 1729 жылы Қаратаудың Ұзынбұлақ өзенінің Бөгенге құяр жерінде жекпе-жекте өлім құштырады. Қарсы екі жақтың бас батырларының жекпе-жегін Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» жинағының 239-бетінде: «Өтеген Төлеқұлаға мінгенде, Тарпаң солқылдап тұрып жылады. Өтегеннің тілеуін тілеушілер көп болды. Осы майданда Өтеген Төлеқұлаға мінгенде, он-он бес адамның белбеуін мойнына салып, Құдайға жалбарынып, мінәжат етіп тұрғанын байқадым. Өтеген жорға құлаға өзі мінді. Бұл – қазақ жоралғысы: майданға бара жатқан кісіні ешкім аттандырмайды. Сәлден кейін Төлеқұламен майданға қарай жұлдыздай ақты. Арғы беттен құла мінген Ботшихар шапты. Ортаға екеуі жеткенде, найзалардың шақ-шақ еткен дыбысы шықты. Төлеқұла өзінің басалқалы жорға екеніне қарамай, өте омыраулы жылқы екен. Арада бие сауым уақыт өткенше екі батыр бірімен-бірі алыса алмай, біріне бірі найзасын да, қылышын да дарыта алмады. Енді сәлден соң әбден терлеген денесі қызған аттардың дыбысы да шыға бастады. Төлеқұланы Өтеген тура Ботшихардың құласының жанынан салды. Төлеқұла соншалықты омыраулы жылқы екен, қалмақ құласын екпінмен, омыраулап ығыстырып жіберді. Қалмақ құласы шыдамай, әрі бұрыла бергенде, Өтеген Ботшихарды бүйірден салып жіберді. Ботшихар аттан аунады. Дарымады деп тұрдық біз. Бірақ Өтегеннің кіріп кеткен найзасы шықпай, ол әлі ат үстінде еді. Өтеген қалмаққа кірген найзасын қос қолдап қайта тартқанда, шамасы, суырылды білем. Ботшихар аттан құлап бара жатты. Қалмақтар жағы шулап кетті. «Құлады, құрыды», деп қазақтар тұрды. Батырының жеңгеніне қуанған қазақтардың жылап жібергендері де көп болды» деп суреттейді. Батырдың жекпе-жекте ғана емес, топтық соғыстарда да өте қарулы, әдіскер адам болғанын Шоқпардағы «Құйрық жеу» шайқасынан байқауға болады. Осы жойқын ұрыста қалмақтың он сарбазының басын шауып түсіреді.Өзінің досының батырлығын, қызба, батыл мінезін жақсы білетін Қазыбек бек Тауасарұлы ол жайында: «Ұрыс өнеріне былай қарағанда аттың, шаттың, найзаластың, көп ақылдың керегі жоқ сияқты. Ал шынында, мұрат жеңу болғанмен, одан да үлкен мақсат – уәжіп бар. Ол – соғысқа қатысқан өз адамыңды шығындамай, аман алып шығу. Көзсіз ерлік жасау, қызбалық істеу соғыста ғәләбқа жеткізе бермейді. Менің досым Өтеген өте батыр да, батыл адам, бірақ барлық уақытта оған тәк-тәк керек, басу айтып отыру керек. Оның осы мінезіне сай қара күші де жетерлік. Ол он кісі жабылғанда бой бермейтін алып еді. Оған осы он жеті мың қолдан сол кездегі жас Наурызбай болмаса, басқа ешкімнің күші жетпейтін», дейді. Қазыбек бектің жоғарыдағы айтқан мінездемесінен Өтеген Өтеғұлұлының қазақтың маңдайына біткен қайталанбайтын баһадүр, жойқын күштің иесі, хас батыр болғанын аңғарамыз. Сонымен бірге шығыстың Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл ақынның: ...Өсті батыр тұлғалы, Жолбарыстай қарулы. Қырандайын қырағы, Арыстандай айбарлы. Жүз кісінің ішінде, Ол бір жүрген дүлегей» – деп жырлауы көп нәрседен хабар бергендей. Негізі, Өтеген батыр туралы алғашқылардың бірі болып айтыс өнерінің сүлейі Сүйінбай Аронұлының атасы Күсеп Жиенқұлұлы жырлаған. Күсеп 1701 жылы туып, 1791 жылы дүние салған. Яғни Өтеген батырмен замандас болып, басқыншыларға қарсы бірге соғысқан. Сүйінбай ақын атасының жырының негізгі мазмұнын сақтап, өзінің өзгерістерін енгізіп, байыта жырлаған. Өтеген батыр жайында Қазанғап Байболұлы өзінің Төле би туралы жырлаған дастанында тілге тиек еткенін атап өткен жөн. Батырдың өз ұрпағы Тілеміс Есболұлы «Ер Өтеген», «Жорықта» атты жыр-дастандар шығарады. Әрине, халықтың ақын-жыраулары өздерінің батыр ұлдарын жыр-дастандарына қосқандары – оған деген сүйіспеншілігі, құрметі. Мақаланың басында атап өткендей, Өтеген батыр аңыз адам болған. Оның Жерұйық іздеп Жиделібайсынға баруын, Абылай хан, Төле мен Қазыбек билер және басқа да қазақ батырларымен қарым-қатынасын, бамбук ағашынан жасалған тегенесі жайында және өзге жайттар туралы бір мақалада қамту мүмкін емес. Мақаламызға арқау болған Ұлы Даламыздың хас баһадүрлерінің бірі – Өтеген Өтеғұлұлына 2018 жылдың 23 желтоқсанында Ұлы Жібек жолының бойында (Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген ауылының солтүстік бетінде) Іле ауданының әкімдігі мен ұрпақтарының атсалысуымен биіктігі 12 метрлік ескерткіш қойылды. Ендеше, батыр бабаларымыз қорғаған егемен еліміздің көк Байрағы мәңгі желбірей берсін!

Жандарбек ҚАРАБАСОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар