- Advertisement -

жеке басты куәландыратын құжат пен жүргізуші куәлігін алудың жолдары қандай?

69

- Advertisement -

Мемлекет басшысы өткен жылдың 30 қарашасында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға қол қоюына байланысты 1 қаңтардан бастап жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін, сондай-ақ айыппұл санкцияларын, салықтар мен басқа да төлемдерді қолдану үшін 2 мың 525 теңге көлемінде айлық есептік көрсеткіш белгіленгені белгілі. Осыған сәйкес 1 қаңтардан бастап, шетелге шығатын паспорт алу үшін – 20 мың 200 теңге, ал жеке куәлік немесе уақытша жеке куәлікке 505 теңге көлемінде мемлекеттік Баж салығын төлеуіңіз керек. Төлқұжаттардың қолдану мерзімі берілген күннен бастап 10 жылға жарамды. Байқағанымыздай, баға былтырғымен салыстырғанда біршама өскен. Былтыр паспорт алу үшін 19 240 теңге төлеу керек болатын.Кей кезде азаматтардың жеке куәлігін жоғалтып алған жағдайда басқа қалада жүргеніне қарамастан ауылына келіп, тұрақты тіркелген жері бойынша қайта құжат дайындауға өтініш білдіріп жататыны бар. Жалпы көпшілігінің «Жеке куәлікті қай жерден ауыстырған тиімді?» деген сауалға жауап іздейтіні жасырын емес. Сөйтсек, оның жолы жеңіл екен. Алғаш 16 жасқа толғаннан кейін бірінші рет құжат алатын кезде ғана өтінішті тұрғылықты мекен-жайы бойынша беріп, жеке куәлікті сол жерден алу керек. Егер мерзімі өтіп, жоғалтқан жағдайда, аты, тегі, әкесінің атын өзгерткісі келсе, онда еліміздің басқа қалаларынан да ауыстыруға мүмкіндігі бар.
– Жеке басты куәландыратын құжаттарды жедел жасау мерзімдері және жеделдету санаттарымен бірге, баға тізімдері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің №43 бұйрығына сәйкес белгіленген. Жеделдету санаты бойынша негізгі бағасына қосымша қаржы төленетін болады. Облыс орталықтарында 1-жеделдету санаты бойынша 3 жұмыс күнінде дайындауға болады, қосымша төленетін сома – 4 983 теңге, ал 2-жеделдету санаты 5 жұмыс күніне дейін созылады, бағасы – 2 752 теңге. Қала мен аудандар үшін 3-жеделдету санаты 7 жұмыс күнін құрайды. Қосымша төлем – 1 116 теңге.

Ал Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында 1-жеделдету санатына 1 жұмыс күні қажет. Қосымша төлем – 4 983 теңге. 2-санат бойынша 3 жұмыс күні, төлемі – 2 752 теңге.
Жеке басты куәландыратын құжат алу немесе ауыстыру қажеттілігі туындаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, тиісті құжаттарыңызды көрсетіп, БАЖ салығын төлеп тапсырыс бере аласыз. Тапсырыс берген күннен бастап 15 жұмыс күнінде дайын болады, – дейді облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Арман Тұрдалиев.
Ал жүргізуші куәлігіне келсек, еліміздің және шетел азаматтарына, сонымен қатар азаматтығы жоқ адамдарға бұл құжат бұрынғыдай емтихан қабылдау және жүргізуші куәліктерін берудің арнайы тәртібі негізінде беріле бермек. Осы жерде жүргізуші куәлігін алғысы келетін үміткерде «Арнайы курста оқу талап етілмей ме?» деген сұрақ тууы мүмкін. Енген өзгерістің өзі осы – енді «А», «В», және А1, B1» санаттарындағы жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы курстарды оқу талап етілмейді екен. Себебі нұсқаудың талаптарына сай бұл санаттағы жүргізуші куәлігін алғысы келетін үміткерлерге еркін түрде, өз бетінше дайындалып алуға мүмкіндік берілген. Себебі көлікті жүргізуді меңгергісі келетін үміткерге арнайы оқу орындарында оқуға ешқандай кедергі жоқ, қайта қолдау көрсетіледі. Ал қолдану мерзімі аяқталған жүргізуші куәлігін жаңасына ауыстыруды облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының емтихан алу, тіркеу бөлімі мен халыққа қызмет көрсету орталықтары теңдей жүзеге асыра беретін көрінеді.
Арнайы жүргізуші куәлігін алу үшін биыл мемлекеттік Баж салығы 3156 теңге көлемінде белгіленген. Ал «А», «В», «С», «D», «ВЕ», «СЕ», «DЕ», «Tm», «Tb» санаттарындағы және «A1, B1, C1, D1, С1Е и D1E» кіші санаттарындағы жүргізуші куәлігін немесе басқа себептермен алуға, ауыстыруға ниет білдіргендер еліміздің кез келген аймағындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына тиісті құжаттарын тапсырып, алуларына болады.
Біз автокөліктердің электронды техникалық паспортының анық-қанығын білмек болып және осы тақырып төңірегінде оқырмандарға толық мәлімет беру мақсатында облыстық полиция департаментінің мамандарына да хабарластық.
Олар жүргізушілер үшін жаңа құжат – автокөліктің электронды паспорты биыл рәсімделетінін айтты. Бұл құжатқа көліктің барлық техникалық мәліметтері енгізіледі екен. Мысалы, шыққан жылы, көлемі, қозғалтқыш көлемі, көліктің иесі жайлы мәліметтер, техникалық тексерістен өткен-өтпегені, жол апатына түсті ме, жоқ па (егер түскен жағдайда жол апатының мерзімі, уақыты, көліктің қаншалықты бүлінгені) және қандай жөндеуден өткені жайлы барлық мәлімет қамтылмақ. Облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының емтихан алу, тіркеу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жайдарбек Құттыбаевтың айтуынша, электронды паспорт Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде де жарамды болатын көрінеді.

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support