- Advertisement -

Облыс экономикасында өсім бар

34

- Advertisement -

Әр жылдың өзіндік қорытынды нәтижелері болатыны белгілі. Әне-міне тарих қойнауына аттанғалы отырған ит жылы да өңіріміз үшін табысты жыл болды. Бір ғана құрылыс саласының өзіне тоқталар болсақ, ағымдағы жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 473,7 мың шаршы метрді құрап, мұның алдындағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 30,0 пайызға артты. Ал білім саласында республикалық бюджет есебінен 2700 оқушыға арналған 4, облыстық бюджет есебінен 520 оқушыға арналған 5 мектеп ғимараты салынып, пайдалануға да берілді. Бүгінгі таңда республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржыға бес білім беру нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 20 келушіге арналған 4 медициналық пункт пен 1 дәрігерлік амбулатория ғимараты салынды. Бұдан тыс облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен саябақтар, гүлзарлар және аллеялар қайта жаңғыртылып, жаңа кейіпке енді. Астана қаласының 20 жылдығы, ҚР Тұңғыш Президенті күні, Қала күні, Тәуелсіздік мерекелері кезінде көптеген жаңа нысандар ел игілігіне берілді. «Өңірлерді дамыту» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында көшелер жарықтандырылып, жолдарға асфальттар төселді. Осының барлығы жыл жетістігі. Өңірімізде жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстардың жемісті нәтижесі.
Атап өтерлігі, облыс экономикасының әлеуеті де жылдан жылға артумен келеді. Мәселен, осы жылдың қаңтар-қараша айларында өнеркәсіп саласында 353,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 102,2 пайызды құрады. Кен өндіру және карьерлерді қазу өндірісі – 6,7, өңдеу өнеркәсібі 2,6 пайызға артты. Тиісті кезеңде елімізді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында жалпы құны 15,8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған-ды. Бүгінгі күні 2 миллиард 838,2 миллион теңгенің 4 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, нәтижесінде 445 жаңа жұмыс орны ашылып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімдердің жалпы сомасы 246,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жоспар 103,9 пайызға орындалды. Соның ішінде өсімдік шаруашылығында – 141,9 миллиард, мал шаруашылығында – 104,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін қолдауға республикалық және облыстық бюджеттерден 12,7 миллиард теңге қаралып, оның 10 миллиардқа жуығы игерілді. Сондай-ақ облыс бойынша дәнді дақылдардан мол өнім алынып, орташа түсім гектарына 24,1 центнерден айналды. Ал өңірде шаруашылықтар күшімен 107,2 мың тонна ет, 288,2 мың тонна сүт,121,2 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Мал саны да артып отыр. Айталық, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 6,7, қой-ешкі– 5,4, жылқы – 8,9, құс – 15,6 пайызға артқаны байқалады.
«Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасын іске асыру аясында өңірде жалпы сомасы 97,9 миллиард теңгені құрайтын 1323 жоба қолдау тапты. «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» қаржылық тетіктері арқылы жалпы кепілдік сомасы 3,8 миллиард теңгені құрайтын 334 жоба жүзеге асырылуда.«Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» бағытында 11,8 миллиард теңгеге 91 жоба іске асты. «Гранттық қаржыландыру» құралы бойынша АҮК-мен 160,3 миллион теңгеге 57 жоба қаржыландырылмақ. Ал бөлшек сауда айналымының көлемі өткен жылға қарағанда 5,2, көтерме сауда айналымы 11,7 пайызға артық орындалып отыр. Сондай-ақ көлік тасымалы, негізгі капиталға салынған инвестиция да бес пайызға дейін жоғарылаған. Жалпы азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызмет көрсету бағалары біршама артқанымен, жанар-жағар май бағасы тұрақты межесінде қалды. Есесіне Елбасының Жолдауынан кейін өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері тарифтері 2,4 пайызға төмендеді.
Атқарылған жұмыстарға тоқмейілсуге болмайды. Алда атқаратын шаруа шаш-етектен. Жалпы жыл соңында тағы бір өткенді саралап, жаңа жылға жоспар құратынымыз бар. Сол сияқты баршаңызға Жаңа жыл табысымен, ырыс-бағымен келсін дей отырып, облыс тұрғындарын жаңажылдық мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!

Гүлдана ЖАУЫНБЕКОВА,
облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support